• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 28 Наурыз, 2017

Ресурстар – инвестиция тарту көзі

232 рет
көрсетілді

Бүгінде не көп, «халықаралық» деп айдар тағылған өңірлік және республикалық деңгейде өткізіліп жүрген әртүрлі форумдар көп. Соның ішінде соңғы уақытта бизнес және инвестициялық форумдар да жиі өткізіліп жүр.

Бұл басқосулар босқа қаражат шашудың көзіне айналмай, өзін-өзі ақтап жүр ме? Бұған еліміздің батыс өңірлерінің мысалынан тек оң жауаптар қайтаруға болады. Айталық, осыдан 4-5 жыл бұрын осы аймақта өткізілген бизнес-форумдардың бірінде инвесторлардың қызығушылығын туғызған бір мәселеден кейін көп кешікпей электр қуатын өндіретін зауыт құрылысы басталып кеткен-ді. Мұндай мысалдар аз емес.

Ал таяуда Ақтөбеде аяқталған Қазақ­стан-Израиль бизнес-форумы­ның қорытындылары жөнінде не деу­ге болады? Біріншіден, оның өзара тең әріптестік тұрғыда өткендігі әрі екі жаққа да тиімділік пен пайда әкеле алатын құнды ұсыныс-пікірлердің жеріне жеткізе айтылғаны – басты жетістік. 

Еліміздегі жетекші индустриялық-аграрлық аймақтардың қатарынан ойып тұрып орын алатын Ақтөбенің қазба байлықтарға өте бай екені, мұн­дағы жердің қойнауында Менде­леев кестесіне кіретін элементтердің түгел­ге дерлік бар екені бір ғана құм мен тастан тұратын ел өкілдері – из­раил­­дік­тердің назарын аударғаны анық.

Бір сөзбен айтқанда, өңірдің өте бай ресурсы, соның ішінде энер­ге­тикалық ресурстардың мол­дығы өңірдің инвестициялық тартым­дылығын тереңдете түспек. Алтын көмбенің үстінде отырсаң да, оның игілігін көре алмасаң, одан не үміт, не қайыр. Бұл ретте ауызды қу шөп­пен сүртудің ешқандай жөні жоқ. Өңірде газ бен суды және электр қуатын тұтыну бағалары елі­міз­дің өзге аймақтарымен салыс­тыр­ған­да біршама төмен. Ақтөбенің гео­гра­фиялық тұрғыдан өте ұтымды ор­наласуы, әуе, темір жол және автомобиль көліктері қарым-қатынасы да оң жолға қойылғаны бизнес-ортаны тартымды ете түсудің тағы бір жағымды факторы. Форумда сөз алған Израильдің Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Ми­хаэль Бродский ауыл шаруашылығы саласы мен медицинаны дамыту және өзара қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде ортақ нәти­жеге үміт арта алатыны жөнін­де айтып берді. Біріншіден, израиль­дік «Нетафим» және «МАD» секіл­ді компаниялар аймақта агротехно­логиялық шараларды жүргізуге, соның ішінде тамшылатып суару, құс өсіру және жылыжайлар тұр­ғызу ісіне инвестициялық қара­жат­тар бөліп жатса екі жаққа да тиім­ді болмақ. Өңірде өндірілетін ауыл­шаруа­шылық өнімдері жеткілікті. Өнімді өндіру бар да, өңдеу бар. Қазір­гі күні облыста кейінгі айтыл­ған мәселеде түйткілдер жоқ емес. Әсіресе форум үстінде айтылғандай, агломерациялық даму үрдісіне бет бұрған аймақта әсіресе сүт өнімдерін өңдеу ісінде іркілістер бар. Осы олқылықтың орнын толтыруға Из­раильдің жоғары технологиясы тартылса, бұдан ешкім де ұтылмайды.

Облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың айтуынша, кез келген технология, кез келген инвестициялық жоба жергілікті жерге икемді болуға тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігі мәсе­ле­лері тек осындай байыпты көзқарас жағ­дайында ғана жоғары мәнге ие бола алады.

Оның ойынша, құс етін өн­діру жөнінде негізінен еліміздің оң­түстік өңірлерінің қажетін өтеуге лайықталған жобалар батыс аймаққа дәлме-дәл келмеуі кәдік. Жалпы, облыс құс етімен өзін өзі елу пайыз қамтып отыр. Әрі мұның өзі мүм­кін­дік пен әлеуеттің шегі емес. Сон­дықтан бұл арада туындаған мәселеге біржақты қарауға болмайды.

Израиль – әлемдегі медицина саласы ең жақсы дамыған елдер­дің қатарына кіреді. Осы орайда елі­мізде ешқандай баламасы жоқ ме­ди­циналық кластер құру ісін қол­ға алған өңірге израильдік маман­дар­дың көмегі қажет екені анық. Бүгінгі күні ақтөбелік оташы-маман­дар бүйрек алмастыру отасын же­тік мең­геріп үлгерді десек, артық айт­қан­дық болмайды. Форум кезінде из­раильдік «МВІ» медициналық орта­лығының өкілдері ақтөбелік ден­сау­лық сақтау саласының мамандарын жетілдіруге, оларды кәсіби қайта оқыту курстарынан, сондай-ақ, бар­лық ғылыми және хи­рургиялық салалар бойынша шебер­лік-сыныптар өткізуге әзір екен­діктерін мәлімдеді.

Әрине Қазақстан-Израиль бизнес-форумы кезінде тараптар тарапынан айтылған соңғы әрі өте қажетті де өзекті мәселе – қауіпсіз­дік мәсе­лесі болды. Өйткені, өндіріс пен адамдар қауіпсіздігі алдын ала әрі жан-жақты ойластырылмаған жағ­дайда өкінішті жағдайлар орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бұл мәселеде қоян-қолтық қызмет атқа­рып келе жатқаны да белгілі. Деген­мен, қауіпсіздік мәселесін сақтау ісі одан әрі жүйелі түрде жалғасын таба білсе игі. Осындай түйінге Қазақстан-Из­раиль бизнес-қоғамдастығының өкіл­дері де қол қояды деген ойдамыз.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ  

Соңғы жаңалықтар