Жуырда қазақ пен өзбек халықтарының арасындағы осы байырғы бауырластық байланысқа қайтадан қан жүгіртіп, екі мемлекеттің соңғы жылдары солғындай бастаған қатынастарын жандандырған тарихи оқиға болды. Ұлыстың ұлы күнімен орайлас, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев мемлекеттік сапармен Астанаға ат басын тіреді.
Бұл – Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға Президент ретінде алғаш келуі. Алғашқы мемлекеттік сапарын да Қазақстаннан бастағанын айта кету керек. Сонымен қатар, алғаш рет өзбекстандық делегация құрамында Парламент жетекшілері, Қорғаныс министрлігі мен басқа да ведомстволардың басшылары қамтылды. Екі елдің Парламенті мен қорғаныс ведомстволары бұрын-соңды мұндай тығыз қатынаста болған емес.
Жалпы, бұл сапардың «алғаш рет» деген тіркеске себеп болған қырлары көп болғанын айта кетейік. Халықаралық саясатта маңызы артып келе жатқан Орталық Азияның екі бірдей бетке ұстар мемлекеттері президенттерінің кездесуі шетелдік БАҚ-тардың назарын аударып, саяси, экономикалық сарапшылардың сәуегейлік жасауларына себеп болды. Regnum.ru, trend.az, uznews.uz, lenta.ru, neftegaz.ru сынды ақпарат агенттіктері кездесу барысы туралы үздіксіз ақпарат таратты.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзбекстандық әріптесін шетелдік мәртебелі мейманға лайықты сән-салтанатпен, тиісті рәсімдерімен қарсы алды. Ш.Мирзиеевті өзбек халқының президент сайлауына байланысты құттықтап, көрші әрі бауыр, стратегиялық әріптес деп санайтынын жеткізді. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту ісінде Өзбекстанға және ел Президентіне сенім артатынын айтты.
– Қазақстан өзінің стратегиялық серіктесі, көршісі әрі бауырласы – Өзбекстан халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді. Біз келешекте екіжақты байланыстар аясында жемісті қарым-қатынастар орнайды деп сенеміз,– деді Елбасы. Шавкат Мирзиеев те бұл сапарға үлкен үміт артып, ерекше маңыз беріп отырғанын айтты. Қазақ топырағына аяқ басқанын тарихи сапар деп санайтынын жеткізді, күтіп алушы елдің сый-құрметіне ризалығын білдірді.
– Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен жылғы қыркүйекте Самарқандқа келгеніңізде Қазақстан мен Өзбекстан қашанда бірге болатынын айтқан едіңіз. Жақсылықты да, қайғыны да бөлісеміз деген болатынсыз. Бұл сөздер бізді жақындатты, бүкіл өзбек халқы нағыз дос әрі бауыр халықтың қолдауын сезінді. Сіз досыңыз, Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қабіріне арнайы келіп, құрмет білдірдіңіз. Сол сапардан бері бізде мүлде жаңаша қарым-қатынас басталды. Соңғы бес айда бәрі қайта басталғандай болды,– деді Ш.Мирзиеев.
Орталық Азия аймағында тыныштықтың түтіні түзу ұшып, тұрақты дамудың қарқыны бәсеңдемеуі үшін мемлекеттердің арасындағы ауызбірліктің ауадай қажет екені түсінікті. Бұл орайда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіндегі Қазақстанның бәсі жоғарылау екенін басқа елдер жақсы біледі. Ш.Миризеев бұл туралы былай дейді:
– Өткен жылы әлем үшін тарихи құбылыс болды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланды. Бұл бүкіл Орталық Азия мүддесі Сіздің жетекшілігіңізбен қорғалатынын білдіреді. БҰҰ-дағы екі жылдық тұрақты емес мүшелік кезінде Ауғанстан бойынша шаралар қабылданады деп сенемін. Бұлар – сіздің бастамаларыңыз. Өзбекстан қашанда мұның бәрін қолдайды. Біздің бәріміз де Сіздің бастамаларыңызды қолдаймыз,– деді Ш.Мирзиеев.
23 наурыз күні Ақордада екі ел президенттерінің және түрлі ведомстволар басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Бұл келіссөздердің жемісті болғанын қол қойылған 13 халықаралық құжат та растайды. Толығырақ тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Екі мемлекеттің Қорғаныс министрлері өзара әскери ынтымақтастық туралы келісімді растады. Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов өзбекстандық әріптесі Кабул Бердиевпен алдағы уақытта екі елдің қорғаныс саласындағы жоғары оқу орындары арасындағы байланысты тереңдету туралы бәтуаласты. Министрлер Ұлттық қорғаныс университетінде болды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов Өңіраралық ынтымақтастық туралы келісімге, 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясына, Табыспен бірге қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Ал еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Өзбекстан Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестициялар және сауда министрі Элёр Ғаниев Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы, екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Қайрат Әбдірахманов пен Абдулазиз Камилов 2017-2018 жылдарға арналған ведомствоаралық ынтымақтастық бағдарламасын рәсімдеді.
Тәуелсіздік сарайында өткен 500-ге тарта кәсіпкер қатысқан Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы сынды шара да екі мемлекеттің арасында бұрын-соңды болып көрмегенін айта кетейік. Жалпы, бұл бизнес-форумды президенттер деңгейіндегі кездесудің сүбелі жемісі деп санаған ләзім. Іскерлік орта өкілдері жалпы сомасы 1 миллиард долларды құрайтын 75 халықаралық келісімге қол қойды. Өзбекстан тарапы шекараға жақын аумақтарда еркін экономикалық аймақтардың жұмысын дамытатын болып келісілді. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жаңадан екі өткізу пункті ашылмақ. Ал осыған дейінгі үш өткізу пункті енді тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін жаңа режімге көшеді.
Астана мен Ташкенттің арасын жалғайтын, аптасына екі мәрте ұшатын жаңа ұшақ рейсі де ашылады. Бұған дейін Алматы – Ташкент – Алматы бағытында ашылған жүрдек пойызға билет қазірдің өзінде жоқ. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың беки түсуіне оң ықпалын тигізетін маңызды құжаттардың бірі екі елдің заң шығарушы органдарының арасында қабылданды. Қазақстан-Өзбекстан парламенттерінің арасында бұрын-соңды болмаған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жалпы, Орталық Азияның белді ойыншыларының арасында бәсекелестікті емес, бекем бірлікті ту етуге арқау болған дүниелер жетерлік. Тарихи туыстық, ежелгі достықты айтпағанда, екеуінің халықаралық және өңірлік саясатта ұстанымдары ұқсас. Халықаралық энергетикалық және көліктік жобаларда басты ойыншылардың бірі ретінде мойындалған. Трансшекаралық өзендерді ортақ игілікке айналдыруда да өзара түсіністікке қол жеткізген. Өзбекстанда миллионнан астам қандасымыз тұрса, Қазақстандағы өзбек этносының саны 500 мыңнан асып жығылады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында екі елдің саяси қатынастарына сызат түсіреді-ау дейтін оқиға болған емес. Керісінше, 1998 жылдың қазанында Ташкенттің төрінде Мәңгілік достық туралы шарт бекітілген.
Қорыта келгенде, әлімсақтан бауырлас, діні – бір, тілі – бір, ділі – ұқсас елдердің қарым-қатынасы Астанадағы кездесуден кейін жаңа белеске көтеріледі деуге толық негіз бар.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»