• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 28 Наурыз, 2017

Тағы да жеңіліске ұшырады

164 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Ереван қала­сында Армения құрамасымен кездесіп, 0:2 есебімен есе жіберді.

Жанкүйерлер тартысты бәсекенің куәсі болды. Армения құрамасы ойын бастала сала алға ұмтылып, жерлестерімізді қыспаққа алумен болды. Алайда, армяндар сапынан негізгі ойын­шылардың бірі Кеворг Газарян алғашқы шабуылдардың бірінде-ақ қақпашы Давид Лориямен допқа таласта жарақат алып, алаңнан кетуіне мәжбүр болды. 

Кездесудің бірінші таймын­да алаң иелері сапынан Ген­рих Мхитарян, Қазақ­стан құ­рамасынан Еркебұлан Тұң­ғыш­­баев сынды футболшы­лар­дың есеп ашатын мүмкін­діктері бол­ған, бірақ сәттілік жетіспеді.

Александр Бородюктен жаңа нұсқау алған футболшыларымыз матчтың екінші бөлігін ширақ бастады. Допқа көбірек иелік етіп, ара-тұра қауіпті шабуылдар да ұйымдастырды. Алайда, 64-минутта жағдай күрт өзгеріп сала берді. Сергей Малый Генрих Мхитарянға қарсы ойын тәртібін бұзғаны үшін екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Міне, осыдан кейін қорғанысымыз да сыр бере бастады. Алаң иелері емін-еркін шабуылға көшті. Нәтижесінде, 73-минутта есеп ашылды. Генрих Мхитарян екі-үш футболшының арасынан Давид Лорияның қақпасын дәл көздеп, өз ұжымын алға шығарды. Көп ұзамай армениялықтар жерлестерімізді екінші мәрте қапы қалдырды. 75-минутта оң қапталдан әуелей келген доп­ты Араз Озбилиз тоқтат­пастан қақ­паға тура бағыт­тады. Есеп 0:2.

Осылайша, Александр Боро­дюктің Қазақстан құра­ма­сы­мен алғашқы ресми ойыны жеңі­ліспен аяқталды. Отандас­тарымыз 2 ұпаймен Е тобында көш соңында, яғни 6-орында келеді. Ал еншісінде 6 ұпайы бар Армения – 5-орында.

Аян Әбдуәли, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар