• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Наурыз, 2017

Ұлттық телеарнада жаңа жоба

286 рет
көрсетілді

​Соңғы кезде отандық телевизиядағы жобалардың бір де бірі әнші, биші, актрисасыз өтпейтіні туралы сын жиі айтылатын. Жаңа маусымда Ұлттық арна осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан сияқты. Оның дәлелі - жарнамасы аздау болса да, бір-екі рет көз шалғанда бірден көңіл аударатын “Ән салады мамандар” жобасы.

Бұл жобаға қатысқан қарапайым мамандық иелері өздерін жұлдыз сезініп, оның үстіне қаржылай сыйлық үшін бақ сынап көреді. Жақсы мүмкіндік. Жобаның идеясы тың, көрерменнің сұранысына жауап береді. Оның үстіне, мамандықтарды жан-жақты, қыр-сырын ашып көрсете алса, жақсы үрдіс қалыптастыра алар еді. Өткен сенбі, 25-наурызда бағдарламаның алғашқы саны жарық көрді. Елең еткізген жоба болған соң, арнайы уақыт бөліп тамашаладық. 

Бірінші ойға түйетіні – отбасылық жоба. Балаға да, үлкенге де бірдей қызықты көрінді. Әрине, созылыңқы тұстары бар. Оны сәл кейін талдап айтармын. Сахнаның әрленуі, жарық қойылуы сәтті. Техникалық жағынан маман болмағандықтан, тек басқа жобалармен салыстырып қана айта аламыз. Соның өзінде көзге айрықша көрініп тұр. Қазылар алқасы аса бір сәтті таңдалған деп ойлаймын. Тек композитор Арман Дүйсеновтің ұйқастырып мақтай бергені болмаса. Бұл қазылар алқасына арнайы ойластырылған образ болуы да мүмкін.

Екі жүргізуші жігіт ашыла қоймады. Барынша ұстамды. Барынша классикалық образ қалыптастырғысы келді. Дегенмен, сөз саптаулары дұрыс, тек өздерін сәл еркінірек сезінсе екен дейсің. Ол болашақ бағдарламалар еншісінде деп үміттенейік.

Бірінші бағдарламаға үш команда таңдалған екен: өрт сөндірушілер, байланыс қызметкерлері және кілем тоқушылар. Үшеуі де өте маңызды, қызықты, табысты кәсіп. Топ мүшелері әркелкі. Үлкені де, кішісі де, ері де, әйелі де бар. Алайда қатысушылар мен олардың кәсібі туралы жасалған сюжеттер оларды толық аша алмаған сияқты. Қатысушылар - камера көрсе тоқтай алмай қалатын эстрада жұлдыздары емес, қысылып тұрғаны көрініп тұр. Оның барлығы режиссерлердің олармен жұмыс істемегенінен деп сеніммен айтуға болады. Өйткені шетелдік жобаларда қарапайым адамдар жұлдыздардан да ширақ сөйлеп, еркін қимылдайды. 

Реалити жоба болғандықтан, кейіпкерлердің шынайы оқиғаларын, бастан кешкен қызықтарын, эмоцияларын көргің келеді. Алайда, бірінші шығарылым тура осы тұста жұтаңдау көрінді. 

Ал командалар сахнаға шыққанда мүлде басқаша әсер алдым. Ұзақ дайындалып, әр детальді ойластырған. Сахналық киімдері, қойылымдары өзгеше. Осы жерде қатысушылар да өздерін еркін сезіне бастады. Орындауға таңдалған үш ән де танымалдылығы жағынан дау тудырмайтын әндер. Тек “Дудар-ай” әніне сәл динамикалық қойылым жетіспеген сияқты болды. Ал Қайрат Нұртас музейі мен батырлар көңілден ерекше шықты. Сол екі топқа отбасымызбен болысып отырдық.

Ұлттық арнаның осындай қызықты жоба ұсынғаны - көрермен пікіріне көңіл аударғаны. Сондықтан осы мазмұнды жобалар көбірек шығарыла бастайды деп сенуге болады. Аздаған кемшіліктер өндіріс кезінде жойылса, “Ән салады мамандар” сынды жобалар көрермен көзайымына айналып, тынысы кеңейе түсер еді. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы, "Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар