Жалпы, бұл тақырып та, басталған қадам да таңсық емес. Кооперацияға бірігу мәселесіне Сәкен Сейфуллин 1923 жылы арнайы қалам тартып, бүге-шігесіне дейін жіліктеп берген екен. «Қазақстанның еңбекшілеріне ең керек нәрселер – қала болу, жер кәсібімен айналысу, школа ашу hәм кооперация ашу. Кооперация деп бір жердегі, бір айналадағы отырған халықтың ұйымдасып, керек-жарақ нәрселерін бірлесіп алып тұратын hәм өзінің артық сататын нәрселерін бірлесіп, көзін тауып тиісті бағамен өткізіп тұратын бірлікті айтады» деп, қарапайым тілмен түсіндіреді. «Өздерінің кооперацияларын жүргізіп тұруға орталарынан білімді, адал адамдарынан басқарма сайлайды. Бұл бірлік ұйымның қалай жасалу ретін hәм басқарманың қалай сайлану ретін, халық ортасынан ашылған кооперация істерінің қалай жүріп тұратынын, шарттарын айтқан, жазылған, баспаға басылған нұсқасы болады. Сол нұсқа бойынша бірлік кооперация істерін жүргізіп тұрады. Қолдан қолға өткізетін алыпсатар саудагерлердің пайдасының бәрін ауыл халқының өзі пайда қылады», − деген ойлары бүгін де өміршеңдігін жоғалтқан емес. Осы сөздерді көрнекі жерлерге жазып, іліп қойса, еш артықтық етпес еді.
Сөзімізді ел ішінен бастайық, Солтүстік Қазақстан – аграрлы аймақ. Негізгі кәсіп – егіншілік. Осы орайда ауыл шаруашылығын әртараптандырудың тиімді тұстары мол. Бертінге дейін бидай монодақыл ретінде үстемдік құрып келгені жасырын емес. Ұн өнімдерін экспорттаудан да алдамыз. Алайда, әлем нарығында бірыңғай бидай бағасына тәуелді болып қалғандықтан, астық өткізуде, рынок көзін табуда түйткілдер пайда бола бастады. Соңғы жылдары бидай дақылының қоңыр тат ауруына шалдығуы жиілеп кетті. Қайта өңдеу өнеркәсібінің жоқтығы да бір ғана дақылмен айналысуға әсер етті. Бұрындары қатты бидай өсіріліп, қамырлылығы 28 пайыздан асатын. Бұл дәстүрден де қол үзіп қалдық. Ғалымдар жаһандық климаттық өзгеру жайлы дабыл қағып, ауыл шаруашылығын соған бейімдеу мәселесін қозғап жүр. Мәселен, Австрияда дақылдарды себудің тың тәсілі табылып, Қазақстанда тәжірибе ретінде қолданылуда. Бұл әдіс тұқымды үнемдеуді, біркелкі өнуін, топырақта ылғалдың сақталуын қамтамасыз етеді. Өсімдік вегетациясы кезеңінде ауа райының қандай болатыны алдын-ала болжанады. Бізде қалай? Өкініштісі сол, көктемгі егіс уақытында ғалымдардың ұсыныстары, ғылыми деректер, ауа райының қалай қалыптасатыны жете ескеріле бермейді.
Соңғы жылдары облыста майлы дақылдар егістігін көбейтуге деген ұмтылыс айқын байқалады. Тайынша ауданында майлы дақылдар өңдейтін кешеннің бой көтеруі – соның бір дәлелі. Шал ақын ауданында қант қызылшасы зауыты салынуда. Осындай тың жобалардың болашағы зор. Экономикамызға серпін береді.
Елбасы ауыл шаруашылығы қызметкерлері алдына аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды. Астық өнімдері бойынша Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз үшін шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшуіміз қажет.
Соңғы кездері елімізде мал шаруашылығы саласына үлкен көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалар қабылданды. Келешекте асыл тұқымды шаруашылықтар ұйымдастыру, мал асылдандыру ісін жетілдіру секілді іргелі міндеттер тұр. Облыста асыл тұқымды ірі қараның үлесі –16,6 пайыз. Көрші өңірлерге қарағанда тәуір көрсеткіш. Бірақ, әлемдік стандарттардан 2,5 есе төмен. Институт ғалымдары бұл мәселенің ғылыми негізделген қолдан ұрықтандыру арқылы шешуді көздеп отыр. Ол үшін ұрық тарату, яғни дистрибьютерлік орталық құру жоспарланды. Оған эмбриондарды трансплантациялау секілді заманауи тәсілдер енгізіледі.
Сапалы мал азығын дайындау да бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерінің бірі. Қазақ «сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтпаған. Мал өнімі бағасының жартысына жуығын жем-шөп базасы құрайды. Өңірде 2 миллион гектарға жуық жайылымдық жер бар. Шабындық та жетерлік. Алайда, күтім жоқтығынан құнарлылық төмендеп кеткен. Жүгері, бұршақ тұқымдас дақылдардың үлесі мүлдем аз. Бұрындары бұл жерлерге әртүрлі шөптер егіліп, ауыспалы егіс жүйесіне ерекше мән берілетін. Қазақстанда қоғамдық малдың 80 пайызы жеке адамдардың қолында жинақталғанымен, сапалы жем-шөп дайындауға шамалары жете бермейді.
Міне, осындай қиындықтарды бірлесіп қана еңсеруге болады. Ол үшін кооперативтерге қосылып, ортақ күшті бір арнаға тоғыстыру керек. Мал азығын дайындайтын арнайы бірлестіктер құрылып, өнім құнын арзандату жолдары қарастырылса, құба-құп болар еді.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор