• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2017

​Кооперативтер келешегі ғылыммен ұштасса ғана кемелденеді

255 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» Жол­дауын­да бес жыл ішінде жар­ты мил­лион­нан астам жеке үй шаруа­шылық­тары мен шағын фермер­лерді коопера­тив­терге тартуға мүмкіндіктер беретін­дей жағ­дай жасау керектігі атап көрсетіл­ген.

Жалпы, бұл тақырып та, басталған қадам да таңсық емес. Кооперацияға бірігу мәселесіне Сәкен Сейфуллин 1923 жылы арнайы қалам тартып, бүге-шігесіне дейін жіліктеп берген екен. «Қазақстанның еңбекшілеріне ең керек нәрселер – қала болу, жер кәсібімен айналысу, школа ашу hәм кооперация ашу. Кооперация деп бір жердегі, бір айналадағы отырған халықтың ұйым­дасып, керек-жарақ нәрселерін бірлесіп алып тұратын hәм өзінің артық сататын нәрселерін бірлесіп, көзін тауып тиісті бағамен өткізіп тұратын бірлікті айтады» деп, қарапайым тілмен түсіндіреді. «Өздерінің кооперацияларын жүргізіп тұруға орталарынан білімді, адал адамдарынан басқарма сайлайды. Бұл бірлік ұйымның қалай жасалу ретін hәм басқарманың қалай сайлану ретін, халық ортасынан ашылған кооперация істерінің қалай жүріп тұратынын, шарт­тарын айтқан, жазылған, баспаға басыл­ған нұсқасы болады. Сол нұсқа бойынша бірлік кооперация істерін жүргізіп тұрады. Қолдан қолға өткізетін алыпсатар саудагерлердің пайдасының бәрін ауыл халқының өзі пайда қылады», − деген ойлары бүгін де өміршеңдігін жоғалтқан емес. Осы сөздерді көрнекі жерлерге жазып, іліп қойса, еш артықтық етпес еді. 

Сөзімізді ел ішінен бастайық, Солтүс­тік Қазақстан – аграрлы аймақ. Негізгі кәсіп – егіншілік. Осы орайда ауыл шаруашылығын  әртарап­тан­дырудың тиімді тұстары мол. Бертінге дейін би­дай моно­дақыл ретінде үстемдік құ­рып келгені жасырын емес. Ұн өнім­дерін экспорттаудан да алдамыз. Алайда, әлем нарығында бірыңғай бидай баға­сына тәуелді болып қалғандықтан, ас­тық өткізуде, рынок көзін табуда түйткіл­дер пайда бола бастады. Соңғы жыл­дары бидай дақылының қоңыр тат ауруы­на шалдығуы жиілеп кетті. Қай­та өңдеу өнеркәсібінің жоқтығы да бір ғана дақылмен айналысуға әсер етті. Бұрындары қатты бидай өсірі­ліп, қамырлылығы 28 пайыздан асатын. Бұл дәстүрден де қол үзіп қал­дық. Ғалымдар жаһандық климат­тық өзгеру жайлы дабыл қағып, ауыл шаруашылығын соған бейімдеу мәселесін қозғап жүр. Мәселен, Австрияда дақылдарды себудің тың тәсілі табылып, Қазақстанда тәжі­рибе ретінде қолданылуда. Бұл әдіс тұқымды үнемдеуді, біркелкі өнуін, то­пырақта ылғалдың сақталуын қам­та­масыз етеді. Өсімдік вегетациясы кезеңінде ауа райы­ның қандай болатыны алдын-ала бол­жанады. Бізде қа­лай? Өкініштісі сол, көктемгі егіс уақы­тында ғалымдардың ұсыныстары, ғы­лы­ми деректер, ауа райының қалай қа­лып­тасатыны жете ескеріле бермейді.

Соңғы жылдары облыста майлы дақылдар егістігін көбейтуге деген ұмтылыс айқын байқалады. Тайынша ауданында майлы дақылдар өңдейтін кешеннің бой көтеруі – соның бір дәлелі. Шал ақын ауданында қант қызыл­­шасы зауыты салынуда. Осын­дай тың жобалардың болашағы зор. Эконо­микамызға серпін береді.

Елбасы ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлері алдына аграрлық сектор­ды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды. Астық өнімдері бойынша Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз үшін шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшуіміз қажет.

Соңғы кездері елімізде мал ша­руашы­лығы саласына үлкен көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалар қабыл­данды. Келешекте асыл тұқым­ды шаруашы­лықтар ұйымдастыру, мал асыл­дандыру ісін жетілдіру секіл­ді іргелі міндеттер тұр. Облыста асыл тұқымды ірі қараның үлесі –16,6 пайыз. Көрші өңірлерге қарағанда тәуір көрсеткіш. Бірақ, әлемдік стандарттардан 2,5 есе төмен. Институт ғалымдары бұл мәселенің ғылыми негізделген қолдан ұрықтандыру арқылы шешуді көздеп отыр. Ол үшін ұрық тарату, яғни дистрибьютерлік орталық құру жоспарланды. Оған эмбриондарды трансплантациялау секілді заманауи тәсілдер енгізіледі.

Сапалы мал азығын дайындау да бүгінгі күннің көкейкесті мәселе­лері­нің бірі. Қазақ «сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтпаған. Мал өнімі бағасының жартысына жуы­ғын жем-шөп базасы құрайды. Өңірде 2 миллион гектарға жуық жайы­лымдық жер бар. Шабындық та жетерлік. Алайда, күтім жоқтығынан құнарлылық төмендеп кеткен. Жүгері, бұршақ тұқымдас дақылдардың үлесі мүлдем аз. Бұрындары бұл жерлерге әртүрлі шөптер егіліп, ауыспалы егіс жүйесіне ерекше мән берілетін. Қазақ­станда қоғамдық малдың 80 пайызы жеке адамдардың қолында жинақталғанымен, сапалы жем-шөп дайындауға шамалары жете бермейді.

Міне, осындай қиындықтарды бірлесіп қана еңсеруге болады. Ол үшін кооперативтерге қосылып, ортақ күшті бір арнаға тоғыстыру керек. Мал азығын дайындайтын арнайы бірлестіктер құрылып, өнім құнын арзандату жолдары қарастырылса, құба-құп болар еді.

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

биология ғылымдарының докторы, профессор