• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:57

Тұрар және Алаш

75 рет
көрсетілді

Тарихымыздың аса күрделі кезеңдері туралы аңыз бен ақиқат, фольклор мен мұрағат қатар өрілгеннен кейін бе, осы күні БАҚ-та асығыс тұжырым, біржақты дәйек жарияланып жатады. Бірақ оны тездетіп түзеп, қателіктен сабақ алғанымыз абзал.

Тұлғаны анықтаудағы ғылымның асыл қағидаты – шынайылық, тари­хилық, барлық мәселені жан-жақты қарау.

Басқа-басқа, дерегі де, еңбегі де хатталып тұрған осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш зиялылары мен ұлт қайраткерлерінің өмірбаянынан, іс-әрекетінен «қиял-ғажа­йып ертегі» құрап жүргендер де бар. Мұ­ның сыртында большевизмнің батпан­дап кіріп, мысқалдап шығатын ауыр де­р­тінен айықпай, жау іздеп, ат төбе­ліндей оқыған мен абаданды бір-біріне қар­сы қою мемлекетшілдіктің, ғылымға негіз­делген танымның жөні емес. Осының бәрі тұлғатанудағы ғылыми қағидаттың, елшілдік ұстанымның әлсіздігін аңғартады.

Шынайылық қағидаты – пендешіліктен немесе біліксіздіктен аулақ болу. Бұл – тарихи тұлғаны, оқиғаны үзіп-жұлмай, тұтас қарау деген сөз. Нысанамызды жек кө­реміз бе, жақсы көреміз бе, оның әре­кеті­нің немесе еңбегінің бір жерін ұнатып, екінші жерін ұнатпаймыз ба – мұндай субъективтілікке ұрынбай, орта жолды – шынайы әдісті басшылыққа алу. Түсі­нік­тілеу тілмен жеткізсек, зерттеуші алғаш сол кезеңдегі қоғамдық-саяси даму үдеріс­терін айқындаған заңдылықтарды зерделеп алуға тиіс. Осы жолда бір фактіні емес, бірнеше фактіні қатар салыстырып, оның қайшылығын да, емесін де тұтастай қарастыруы керек. Зерттеуді жаман­дық іздеуге, қаралауға, кек алуға немесе бір­ыңғай арайлы жағынан көруге құруға болмайды. Ақ-қара, жақсы-жаман, жағымды-жағымсыз – бұлай ажырату ғылымның жолы емес. «Жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге...» дегеннің байыбына бару генетиканың зерттеу нысанасына кірсе кіретін шығар, бірақ тұлғатанудың мәр­мәр қағидаты бола алмайды. Тарихилық қағидаты – Шығыс пен Батыс ғы­лыми танымының сан ғасырлық жолы. Кез келген тарихи құбылыс, оқиға не се­бепті пайда болды немесе оған не түрткі, ол әу баста қалай бағаланды, кейін оған қан­дай баға берілді, қазіргі байыпталуы қан­дай және болашақта осы туралы не айтыл­уы мүмкін – міне, осындай сүз­гіден өтуі қажет. Тәуелсіздік тұсында төң­керіс тұсындағы пролеткульт шолақ бел­сенділері сияқты жетесіздік таныту, бір ма­қаламен жерден алып, жерге салу – ғылым­ның жөні емес, жай эмоцияның көрінісі.

Тарихилық қағидатының тағы бір ма­ңыз­ды жері – тарихты, тұлғаны, оқиғаны, адам тағдырын қарастырған зерттеуші мына ма­­мыражай заманда отырып алып, би­­д­ің де, сот­тың да, тер­геушінің де рөліне ен­беуі керек. Өзін бейтарап ұстап, тарих­тың нақ­ты кезеңіндегі жағдайды, тап бол­ған ахуалды, со­ған байланысты жұмсал­ған ақыл,­ сая­сат ама­лын, айтыл­ған сөз­ді, жа­рия­­ла­ғ­ан еңбекті салыстыра баға­лауы қажет.

Мәселеге жан-жақты қарау – ғылым мен зерттеу ісінің басты шарты. Бұл көбі­не тарихи дерекке, мәліметке, ақпарат­қа қатысты. Кәсіби зерттеуші немесе кәсіби­лікке ұмтылған маман қай кезде де жалғыз-жарым деректен қорытынды шығармайды. Осыған дейінгі және қазіргі ғылыми айналымдағы деректерге табан тіреп, өзі тапқан мәліметтің деңгейін анықтайды. Қазақ: «Бір ағашта – мың бұтақ, біреуі ғана қамшыға сап» дейді. Сол айтқандай, мұрағатта жиналғанның бәрі тарих емес. Маман салыстыра отырып, қисынға келетін «қамшыға сап болатынын» табуы қажет.

Осы тұрғыдан қарағанда, биыл туғанына 130 жыл толып отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық деңгейде танылған саяси тұлға Тұрар Рысқұлұлының (20-жылдары БАҚ-та өзі осылай қол қойған) Алаш зиялыларымен байланысын жаңаша қарау – уақыт талабы.

Бір айта кететін жайт, осы біртуар қайраткер республиканың бас басылымы – «Еңбекші қазақ» газетін (қазіргі «Egemen Qazaqstan») 1926 жылы сәуір-маусым айларында басқарыпты. Бұл – Алашқа бір­жақ­ты, әсіре тыйым салынбаған кез. Тұрар­ға дейін де, одан кейін де (1928 жыл­ға дейін) осы газет өлкелік компартия, атқару комитеті, кәсіпшілер кеңесі үні бол­са да, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Шонанұлы, т.б. ұлт зия­лыларына лайықты орын берді. Қай­раткердің өзі де осы уақытта ХХ ғасыр ба­сындағы саяси үдеріс туралы кітабынан үзіндіні «Еңбекші қазаққа» жариялай бастайды. Саяси плюрализм орайында зиялылардың жеке басын сынамай, көз­қара­сын, тұғырнамасын барды бар күйінде айтады. Сондықтан бұл нәзік мәселені түсін­діруде жоғарыда көрсеткен үш қағидат (шына­йылық, тарихилық, жан-жақты қарау) аса қажет.

Біз Алаш пен Тұрар байланысын зерделеуді деректермен орайластырып байыптасақ дейміз.

Бірінші дерек. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1922 жылы қазан айында Қар­қаралыда тұтқындалады. Осыған байланыс­ты кеңестік билікте жүрген қайраткерлер Т.Рысқұлов пен С.Қожанов Мәскеуге РКП (б) Орталық Комитетiне жеделхат жолдайды. Мұнда олар Алашқа кешiрiм жасау туралы большевиктік қаулыны еске тү­сіріп, бұл тұтқындау халық наразылығын арттыра­тынын алға тартады. Ұлт көсемін тез­детіп босатуға ықпал етуін өтінеді. Нәтижесінде Кремльдегі біраз талқылаудан кейін Әлекең босатылады. Әрі қарай Орынбордан Мәскеуге тұтқын ретінде емес, жолаушы ретінде жеткізіліп, жаппай репрессияға дейін сол қалада тұрақтайды (кей зерттеушілер мұны «үйқамақ» дейді).

Екінші дерек. 1922 жылы желтоқсанда Ташкентке топтасқан Алаш зиялылары үкіметтің Білім-ғылым комиссиясы жанынан «Талап» атты мәдени-ағарту қауымын құрады. Басшысы – Халел Досмұхамедұлы. Мұның құрамына М.Тынышбай, М.Жұ­мабай, т.б. Алаш ардақтылары енеді. Осы ұйым­ға Т.Рысқұлов материалдық та, қаржы­лай да көмек көрсетеді. Дәл осындай өз­бек, түркімен, қырғыз ұйымдары да Тұре­кеңнен жәрдем алады. Мұнда осы ұлт­тар­дың кейін репрессияланған ірі тұлғалары болды.

Үшінші дерек. Алаштың батыс айма­ғында аса белсенді қызмет атқарған тұл­ға, қатарластары «сөздің шешені» деп баға­ла­ған Жаһанша Досмұхамедұлына қа­тысты. Тұрар мен Жаһанша, қазақы жөнмен айтсақ, бажа. Күрделі кезеңде тұрмыс (күйеуі Константиннен айырылған) пен сая­си ахуалға байланысты Сібірден Таш­кент­­ке көшкен Ольга Федоровна Пуш­каре­ва­­ның қыздарына осы екі қай­рат­кер қатар үй­ленген. Әпкелі-сіңлі бойжет­кен­дерді са­уа­ты, парасаты тартымды етсе керек. Тұрар Мәс­кеуде қызметте жүр­ген­де Жаһаншаны орталыққа алдырып, жұ­мыс тауып береді. Кейін қатты ауырып қал­ғанда (бір аяқ-қолы сал болып қалған), Т.Рыс­құлов білікті дәрігерлерге қаратқан. Билік­тегі Тұрар Әлекеңмен және басқа да зиялы­лармен Жаһанша арқылы хабарласып отырған.

Төртінші дерек. Орталық Азияда боль­шевиктерге қарсы бас көтерулер кезе­ңін­де кеше ғана жаңа өкіметпен байла­ныс орнатқан Башқұрт елінің бір­туар қай­раткері Зәки Уәлиди Тоған 1920–1921 жылы басмашылар жағына өтеді. Осы тұл­ға 70-жылдардың басында Түркияда жа­риялаған «Естеліктерінде» («Хатиралар») «Біз жасырын адамдар арқылы Тұрар Рысқұловпен байланысып тұрдық», деп жазады. Дәл оқиға шағында Алаш басшылығы М.Жұмабай, Х.Болғанбай, М.Әуез, т.б. басмашыларға келіссөзге жібереді.

Бесінші дерек. Тұрар Қазақстан кеңес­тік автономиясы бірінші үкіметінің мү­шесі Ахмет Байтұрсынұлымен де жақсы қарым-қатынаста болған. 1920 жылы Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы, Низа­метдин Ходжаев, Ахмет Зәки Уәлиди, Харис Юмағұлов (башқұрт) бесеуі қол қойып, В.И.Ленинге хат жазған. Бұл азаттық пен пікір алуандығына ұмтылудың бастамасы еді. Осы хатта Ахмет Байтұрсынұлы есімі Тұрар Рысқұловтан кейін тұр.

Алтыншы дерек. Тағы да Ақаң баста­ған бі­лім мен жоғары мектепке қатысты. Елі­міздің тұңғыш университеті – бүгін­гі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің Ташкенттегі бастауы. Мұнда («Киринпрос» кезі) 1922 жылы А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы өтеді. 1926 жылы осы оқу орны қазақтың тұңғыш жоғары білім ордасы – «КазПедВуз»-ға айналады. Ашылуына ми­нистр С.Садуақасұлы Ташкентке барып, арнайы баяндама жасайды. Бұл кезде астанамыз Қызылордада еді. 1928 жылы республика орталығы Алматыға көшті. Дәл осы шақта Мәскеу Ташкенттегі оқу орнын жауып,­ Алматыдан жаңа жоғары мектеп ашуды көздейді. 30–40-жылдары елімізде жауапты қызмет­тер атқарған (ҚазПИ-дің алғашқы түлегі) Мұхамеджан Әбдіхалықовтың: «Осы оқу орнын жапқызбай сақтап қалған және Ал­матыға лайықты көшірген – Тұрар Рыс­құ­лов. Тұрекең жоғары мектеп аста­на­ның интеллектуалдық негізін қалыптас­ты­ратынын жақсы білді», деген пікірі бар. Мұнда Алаштың А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы, т.б. қайраткерлері профессор болды.

Жетінші дерек. А.Байтұрсынұлы күллі қазақ қыздарына үлгі еткен САГУ ме­ди­цина мамандығының тұңғыш түлегі Аққа­ғаз Досжанға Тұрар Рысқұловтың ада­ми, аға­лық жәрдемі туралы. 1922 жылы Ақ­­қа­ғаздың университет бітіру кеші Таш­кент­те елдік шара ретінде аталып өтеді. Оған Түркістан Республикасы Ха­лық комиссарлар кеңесінің төрағасы (премьер-министр) Тұрар Рысқұлов пен жауапты қызметтегі Сұлтанбек Қожанов бастап, таны­мал деген барша Алаш зия­лысы қатысады. Елдік шараға орай Аққағаз­ды қыз­метке орналастыру, жаңа ме­дици­налық құралмен қамтамасыз ету, әлеу­мет­тік мәселесі үкімет басшысы деңгейінде ше­шіледі (100 мың сом сыйлық, 10 мың сом­ға хирургиялық жабдық және пәтер кілті берілген).

Сегізінші дерек. Талапты қазақ жас­тарын, соның ішінде Алаш тұлғаларына қатысы бар жігіттерді Германияға оқуға жіберуге атсалысуы туралы. 1922 жылы Түркістанның Тұрар Рысқұлов, Бұхараның (ол кезде бөлек республика) Файзолла Хо­жаев сынды қайраткерлері ақылдаса келе, Түр­кістаннан – 16, Бұхарадан – 46, Хорезм­нен 2 шәкіртті Берлинге оқуға жібереді. «Неге бірінен көп, бірінен аз?» деген сұрақ­тың жауабы да айқын – бәрін бөлінген қаржы көлемі шешкен. Батыс біліміне ұм­тылушылардың сапасын Ғазымбек Бірім­жанға қарап-ақ айтуға болады (Мем­лекеттік Дума депутаты, Алаш үкіметі мүшесі Ахмет Бірімжанның бауыры). Ол бұған дейін Орынбор реалды училищесі мен САГУ-дың медицина факультетінде оқып, «Ақжол» газетінде қызмет істеген. Жалпы, қазақтан 5 жігіт барды делінеді. Олар­дың төртеуі: Ғазымбек Бірімжан, Дамол­ла Битілеуұлы, Әбдірахман Мыңайт­пасұлы, Темірбек Қазыбекұлы. 1923 жылы Т.Рысқұлов Германиядағы жерлес студенттерге көмек көрсетуге Берлинге арнайы барады. Студенттердің кеңсесін ұстау шығындарына, кітаптары мен кеңсе заттарына, елдегі оқу орындары үшін қажетті микроскоп алуға, қиналған жастардың жеке қажеттеріне лайықты қаржы бөледі. Кейін осы бастамасы біраз әуре-сарсаңға салады. Германияда кеңес тарапынан қанша бақылау қойылса да, Т.Рысқұлов эмиграция өкілдерімен (М.Шоқай, т.б.) кездескен. Қайраткер осы сапарының ресми бөлігі туралы кезінде мақала да жазған (Рыскулов Т. Наши студенты в Германии // газета «Тур­кестанская правда», 2.12.2023, № 257).

Тоғызыншы дерек. Төңкеріске дейін Ресей мемлекеттік Думасының депутаты, кәсіби теміржол инженері, Түркіс­тан мұхтарияты төрағасы, Алаш автономия­сы үкіметінің мүшесі Мұхамеджан Ты­нышбаймен тығыз қарым-қатынасы жө­нінде. Мұқаң мен Тұрекеңнің байланысы 1915 жылы басталғанын тарихшы қауым жақсы біледі. Бұл кезде М.Тынышбай Түлкібасыға теміржол құрылысы бо­йынша келген екен. Ал Тұрар Піспектегі ауыл­ шаруашылығы мектебін бітіріп, Самара­ға оқуға баруға қаржы таба алмай жүр­се керек. Құдайдың құдіреті, дәл сол жолы Самараға жол тартса, өмір та­рихы Әлихан Бөкейханмен ертерек түйі­сер ме еді?.. Не керек, 1915 жылы М.Ты­нышбайдың қаржылық көмегі арқасында Тұрар бастапқыда Ташкент ерлер гимна­зиясына, одан соң Мұғалімдер институты­на оқуға мүмкіндік алады... Бұдан кейін екі тұлға 1917 жылы 2–5 тамызда Таш­кентте өткен Түркістан халқының жал­пы жиналысында ұшырасады. Жиын төр­ағасы – М.Тынышбай. Тұрар осында орталық кеңеске хатшы болып сайланады (төрағасы – Е.Қасымов, құрметті төр­ағасы – М.Шоқай). 1926 жылы билік лауазымындағы Т.Рысқұлов М.Ты­ныш­байды инженерлік мамандығына сай қызметке орналастырады.

Оныншы дерек. Т.Рысқұловтың Алаш­тың жуан ортасында жүрген (1917 жылғы екі жалпықазақ съезіне, Алаш атынан Самарадағы құрылтай жиналысына, Комуч пен Сібір атқару комитетінің бас­қосуларына қатысқан) Санкт-Петербор Әскери медицина академиясының түлегі Нұрғали Ипмағамбетов пен Алашқа тілекші Меңліахмет Жұмабайұлының ұрпағына тигізген шарапаты. Кейін Қазақ­станды басқарған Дінмұхамед Қонаев пен көрнекті аудармашы болған Әнуар Ипма­ғамбетов 1931 жылы Мәскеуге оқуға ат­танғанда осы жас талаптарды вокзал­дан кездейсоқ көріп қалып, өз пәтері­не тұрғызып, бірер ай бағып-қағып, өмір ба­ғытын айқындап берген – Тұрар Рысқұлов-тын. Сұңғыла қайраткер балалардың әке­­лері мен туыстары қандай күйде жүргенін түйсініп, қолдау білдірді деп ойлаймыз.

Он бірінші дерек. Алашқа тілеулес һәм Алаш рухты «Абай» журналын шығарып, талай шығарма жазған жазушы, драматург, ғалым Мұхтар Әуезовпен байланысы. Мұның қорытындысы – «Қа­раш-қараш оқиғасы» повесі. Қайсар әке Бақтығұлдың (Рысқұл) жөні бөлек, туын­дыда оқта-текте Сейіт (Тұрар) бейнесі де аңғарылып қалады. Мұқаң оны бірде: «Кішкентайынан жоқшылықтың ауыр күйін сезіп те, кешіп те жүрген сезімтал бала өз ішінде ойшыл болатын. «Оқысаң, адам боласың» деген сөздерді естігенде, бар ынтасымен талпынып, асыққан ықылас білдірді. Сөйтіп, бала қыс бойы орысша оқуды оқып та шықты. Жақсы оқыды. Зейін-талабы оқытушыны да, ауылды да ырза етті», деп бір сипаттаса, туындының ең соңында: «Оқуға ұғымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманның белгісіз бір жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ержетіп келе жатты», деп оқырманға ой тастайды.

Он екінші дерек. Жаппай саяси реп­рес­сия басталғанда-ақ Тұрардың күдікке ілін­­г­ені хақында. ОГПУ-НКВД 1928–1932 жыл­дары А.Байтұрсынұлы бас­та­ған Алаш­­тың 40-тан астам зиялысын Ал­маты­да, Мәс­кеу­де тергегенде де Т.Рыс­­құ­ловқа қатысты біршама сауал қойыл­ған. Әр тұлғадан онымен қашан, қай жағдай­да, не үшін кездескенін, басқосуда не әңгі­ме болғанын сұраған. Тұрар олар­дың «Мәскеудегі қамқоры» ретінде айқындал­ған. Осының өзі тақырыбымызды нақты ашатындай.

Он үшінші дерек. Кейінгі шекара сы­зығы сыртында қалып қойған ирре­дент қандастарымызға байланыс­ты. Бұл жерде де Алаш ұшқыны бар. 20–30-жыл­дардағы саяси репрессия кезінде Ре­сей­дің қазақ орналасқан өңірлерінің бәрін­де бас көтергендерді, оқығандарды Алаш­қа байланыстырып соттаған. 1993 жылы Омбы облыстық ФСБ архивінен көр­ген құжаттарымызда ОГПУ-НКВД ұста­ған адамдардың бәріне дерлік «Тұрар Рыс­құловтың жасырын тапсырмасын орындады» деп кінә таққан және сұрақтар да осы бағытта қойылған. Біздіңше, мұндай ахуал­ды Орынбор, Саратов, Астрахан, Түмен, Че­лябі, Барнауыл, Алтай, т.б. өңірлері­нің репрессияланған қазағы да бастан кешті...

Он төртінші дерек. 1928 жылы қазақ байларын тәркілеу науқанына қатысты. Адал ең­бекпен байыған азаматтарға Алаш­тың құрметпен қарағаны белгілі. Тәркілеу­ге Т.Рысқұлов та сын көзбен қарағаны түсінікті. 1915 жылы Тұрар Ташкентке ба­рып оқимын деп талап қылғанда, оған ағайындары да біршама қаржы жиып береді. Сондай ақша ұсынған жан – Ермек Алда­сүгірұлы есімді немере туысы екен. 80-жылдардың соңында жасы 90-ға жақындаған Ұлпатай Ермекқызы «Әкем Тұрарға оқуыңа жаратарсың деп ақша берді. 20-жылдары тәркілеу науқаны бас­та­латынын Тұрекең ауылға хабарлады», деп айтқан еді. Біз дәл осындай оқи­ғаны Солтүстік Қазақстанда Смағұл Садуа­қас­­ұлы­на қатысты да естігенбіз. Бұл нені біл­діреді? Қазақстанның іштегі, тыс­тағы­ қайраткерлерінің сыңаржақ эко­но­­микалық саясатқа қарсы тұрғанын аңғартады.

Он бесінші дерек. 1929 жылы Т.Рыс­құлов бастаған бір топ қайраткер Шәкәрім қажыға хат жазып, Алматыдағы ғылыми зерттеу орталығына жұмысқа шақырғаны жөнінде. Бұл туралы ақынның баласы Ахат бір естелігінде айтыпты. Шәкәрімнің Шығыс тілдерін жетік білгені, түрлі аудар­масы, шежіре саласындағы зерттеулері кез келген орталықтың деңгейін көтерер еді. Бәлкім бұл амал – ақынды жақындап қалған ОГПУ-НКВД-ның ажал тұзағынан құтқарудың жөні ме еді?

Он алтыншы дерек. 1933 жылы жел­тоқсанда көрнекті ұлт қайраткері, Алаш тұлғасы Смағұл Садуақасұлы Мәскеуде қапияда қайтқанда, оны ақтық сапарға шығарып салу мен бас газеттерге некролог жазуды Т.Рысқұлов пен Н.Нұрмақов екеуі ұйымдастырады. Қаралы жиында қайғы жұтқан Әлихан Бөкейханды (Смағұлдың қайын атасы) осы екі қайраткер қолтығынан демеп тұрады.

Он жетінші дерек. Мемлекет және қоғам қайраткері, ОГПУ-НКВД тара­пынан қудаланушы әрі «қызыл террор­дың» алғашқы құрбандарының бірі С.Са­дуақасұлы қазасынан кейін Т.Рысқұлов оның ата-анасын салықтан босату, әйелі мен баласына мемлекеттік жәрдемақы төлеу туралы жауапты орындарға ұсыныс беріп, бірсыпыра нәтижеге қол жеткізеді.

Сонымен, Алаш пен Тұрар арасын байланыстыратын мұндай дерек шартты түрде 117-ден да асатынын сеземіз. Өйткені түрлі сая­си көзқарастағы ұлт қайраткерлерін ел­­дік мүдде қай кезде де тоқайластырған. Әр­қай­сы бір мақалаға, бәлкім зерттеуге жүк.

Бір ақиқатты Әлихан Бөкейхан 1919 жылы Омбы сапарында «Жас азамат» ұйы­мы (Алаштың тынысы) мүшелеріне айтқа­ны бар. «Енді ел үшін күрес жаңа өкіметтің сапында атқарылады!» (түйіні шамамен осындай). Түркістан шындығында қайнап өскен Тұрар Рысқұлұлы осы сапта еді. «Ол Алаш рухты қозғалыста мүлде болмады» дей алмаймыз. Бұған біз санамалаған сегізінші дерек – айқын мысал. Яғни ол саясатта аз уақыт М.Тынышбай мен М.Шоқайдың маңында да болды. Басқа-басқа, Түркістан автономиялық кеңестік рес­публикасы ОАК төрағасы Т.Рысқұловтың 1920 жылы В.Ленинге ұсынатын егемендік туралы тұжырымдамасы – жаңа жағдай­дағы Алаш идеясының нақты көрінісі деп санаймыз. Мұны эмиграцияға кеткен М.Шоқай лайықты бағалаған. Біраз жерден сая таппаған Алаш арыстары 20-жылдары Ташкентке (Түркістанға) қоныс аудару арқылы осы идеяға сенетінін дәлелдеген.

Біз қай қызметті де жауапты атқарған біртуар тұлға Тұрар Рысқұлұлы ешқашан қателеспеді деп айта алмаймыз. Ол да – адам, ол да – өз заманының саяси қайрат­кері. Бірақ тарихи қызметін таразы басына салғанда, елшілдік, адамшылық, азамат­тық, біліктілік бәсі артады. «Егемен Қазақстанның» даңқты редакторы, осы қай­раткер туралы 5 томдық роман және драма жазған көрнекті қаламгер Шер­хан Мұртаза «Тамұқта» (бесінші кітап) Тұрар­дың қатарластары да, өзі де «пай­ғам­бар» деп бағалаған Ленинмен 1920 жылғы кездесуін еске алғанын суреттей отырып, алдау мен арбаудың соңы неге жеткізгенін түсіндіретін жері бар. Сонда тонын ауыстырып киген кеудемсоқ жүйе ешқашан ақиқатқа тоқтамайтыны, адамшылық пәтуаға бармайтыны айтылады. «Рысқұлов қу қарағай төсектің үстіне қайтадан қисайды», деп күңіренеді жазушы. Әрі қарай жалғыз ұлы (қарапайым үміт рәмізі) Ескендірдің тергеуі баяндалып, суреткер мұзды жарып шықса да, аз мезетте көктей солатын бәйшешекті жадында жаңғыртады. Татар ағайын осы көктем рәмізін «Өмірзая» дейді екен. Қазан тағдырын ұңғыл-шұңғыл білетін Шер­ағаң кеңестік қазақ қайраткерлері, Алаш тұлғалары, олардың ұрпағы ұрынған саяси дағдарыстың, қанқасаптың салдарын сол өмірзаяға балайды.

Дей тұрғанмен, «Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең, сонда да үміт үзбе бір Алла­дан» деп қазақ қара өлеңіндегі даналық ақиқатқа шығып, бізді «төгілген қан, егілген жан», өшпейтін елдік іс-әрекет, білік-білім Азаттыққа алып келді.

Соңғы жаңалықтар