• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сараптама 14 Қараша, 2024

Инвестиция су саласына серпін береді

104 рет
көрсетілді

Инвестиция иірімінде Impact Investing ұғымы бар. Ол әлеуметтік әсерлі инвестиция дегенге саяды. Яғни әлемге оң әсер етуді көздейтін инвестицияның ерекше түрі. Бұл тұжырымдама арқылы инвесторлар мектеп, аурухана, таза энергия жобасы, су ресурстарын қорғау сияқты қоғамға пайдалы жобаларды қолдайды. Сондай игі инвестиция біздің елдің де есігін қақты. Бакудегі Дүниежүзілік климат саммиті аясында Ислам даму банкінің (ИДБ) елімізде су ресурстарын дамыту жобасына ауқымды инвестиция құятыны мәлім болды.

7 облыста 8 суқоймасы жаңарады

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі арасындағы қаржыландыру келісімі аясында 7 облыс­та 8 суқоймасы мен жалпы ұзындығы 3 450 шақырым болатын 115 канал, 1 қарсы реттегішті салу және жөндеу мүмкіндігі туды. Бұл орайда халықаралық қаржы институты 1,153 млрд доллар қар­жы салады. Сонымен бірге 3,5 млн доллар көлемінде грант бері­леді. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров­тың айтуынша, бұл – банк­тің 51 жылдық тари­хындағы ең кө­лемді қаржы­лан­дыру жобасы.

– Мемлекет басшысы су саласына инвестиция тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Біздің алдымызда су инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту және болып жатқан кли­маттық өзгерістерге бейімдеу міндеті тұр. Ислам даму банкі сияқты беделді институттың қар­жыландыруы елімізге деген жоғары сенімді, жүргізіліп жат­қан инвестициялық саясат пен әлеуметтік-экономикалық реформаларды куәландырады, – дейді Н. Байбазаров.

Президент биылғы Жолдауда дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау қажет деген болатын.

– Сондықтан Үкімет жанын­дағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қа­дам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды сала­лардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмас үшін осы ба­ғыт­тағы жұмысты күшейту ке­рек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Меже – 20 қойманы іске қосу

Осы орайда 4 суқоймасының атауы, жағдайы қызықтырып, Су ресурстары және ирригация министрлігіне сұрау салдық. Айтуынша, ИДБ инвестиция қаражаты есебінен іске асырылатын «Климаттық орнықты су ресурстары дамыту» жобасының I кезеңінде Жамбыл мен Түркістан облыстары аумағындағы 4 суқой­­масын реконструкциялау, қал­пына келтіру көзделген. Атап өтетін болсақ:

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ; Қордай ауданындағы Қарақоңыз суқоймалары; Түркістан облысы Арыс қаласы аумағын­дағы Көксарай кон­тр­рет­­тегіші; Кентау қаласын­дағы Қосқорған суқой­масы.

Екінші кезеңде 12 суқой­масы реконструкциялануы мүмкін. Аталған суқойма­ла­ры өткен ғасырдың 60–80-жылдары аралығында салынып, бүгінге дейін күрделі жөн­деусіз пайдаланылған. Жөн­деу жұмыстарының болмауы сал­дарынан нысандардың құры­лым­дық элементтері бұ­зылып, аспаптар мен жаб­дық­тары істен шыққан.

– ЕАДБ (Еуразиялық Даму банкі) сарапшылары су ресурс­тарына жоғары жүктеме мен суар­малы су тап­шылық Орталық Азиядағы суармалы егіншілікті дамыту әлеуетін іс жүзінде сар­қып кеткенін айтқан еді. Мақта өсіруге маманданған Өзбекстан (54,2%), Түрікменстан (16,1%) суару­да көш бастап тұр. Одан кейін – Қазақстан (15,3%), Тәжікстан (7,4%) және Қырғызстан (7,1%). Бізде суармалы жерлердің жалпы ауданы 2 243,4 мың гектарды құрайды, алайда олардың 1 557,6 мың гектары ғана пайдаланылады. Бұл – 30,6%, – дейді эколог Айжан Сқақова.

Жоба шеңберінде бөгет, қақпаларды жөндеу-қалпы­на келтіру, нысандарды инженерлік-техникалық нығайту, гидропост орнату, пьезометрлер мен инклинометрлерді орнату жүзеге асырылады. Ми­нистрліктің топ­шы­лауынша, осының бәрі нысандардың сенім­ді жұмыс істеуіне септесіп, бөгет­тердің сейсмикалық сенім­ді­лігін арттырып, пайдалану сипаттамасын жақ­сарта түседі.

– Қазір ведомство ирри­гация­лық жүйелерді қайта құ­ру­да ауқымды жобаны іске қосуды жос­парлап отыр. Жоба­ны 3 кезеңде жүзеге асыр­ғысы келеді. 2024–2025 жылдары 3,5 мың шақырым канал жаңартылады. Бұл жыл сайынғы су шығынын 0,5 текше шақырымға қысқартады. Суармалы жерлерді қалпына келтіру, 2050 жылға дейін жаңа суармалы жерлерді енгізу, тамшылатып суару техникасын қолдана отырып, жемшөп пен көкөніс дақылдарын өсіру – бас­ты мақсат, – дейді А.Сқақова.

Жыл басында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2030 жылға дейін Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қа­зақстан, Батыс Қазақстан об­лыс­тарында 20 жаңа суқой­масының құрылысын аяқтау жоспарланғанын айтқан еді.

– 20 суқоймасының іске қосылуы 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенде су басу қаупін азайтады. 9 облыста қолданыстағы 15 суқоймасын қалпына келтіру жұмысы бас­талады. Бүгінде министрлік 9 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Оның ішінде 5 нысанда жұмыс аяқтал­ды, – деген еді.

 

Суға деген сұраныс қанағаттандырылады

– Ислам даму банкі елімізге  бір млрд доллардан астам инвестиция салуды көздеп отыр. Ендігі сұрақ – «неге бізге?». Бұған экономикалық емес, геосаяси жағдай әсер еткен болуы мүм­кін. Десе де, ИДБ өзі ынтымақтастық орнатқан ислам елдерінде осын­дай инфрақұрылымдық, әлеу­меттік жобаларға инвестиция салып, гранттар беріп отырады, – дейді экономист Оразбек Мырзақұл.

Орталық Азия қазірдің өзінде су дағдарысын бастан кешіп жатыр. Климаттың өзгеруі, суды тиімсіз басқару айтарлықтай мәселеге айналды. Еліміздің 2,8%-ы ғана сулы жер санатына кіреді, қалғаны құрғақ аймақтар. Су ресурстарының біршамасы көрші елдерден келгендіктен, тәуелділік те жоғары. Сарапшы Арман Бейсембаев осылай деп дабыл қағады.

– Орталық Азияда су тапшы­лығы мәселесі жыл санап ушығып келе жатыр. Мұны мойындау керек. Су бәрімізге жетпейді. Ал халық көбейіп жатыр. Жақын болашақта, шамамен 10–15 жыл ішінде суға деген сұраныс артады, ал қажеттілікті өтеу қиынға соға бастайды, – дейді сарапшы.

Дүниежүзілік банктің мәлі­метінше, 2050 жылы аймақ­тағы халық саны 90–100 млн-ға жетпек. Сонда су тапшылығы 25–30%-ға артпақ. Мұның бәрі мемлекетаралық саясатқа да әсер етпей қоймайды. Орталық Азия елдері су мәселесін реттеу мақсатында ортақ комиссия да құрды. Былтырғы ыстық жаз Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстандағы бірқатар егіс алқабы мен бау-бақшаны күйдіріп жіберсе, еліміздің оңтүстігіндегі ди­қандар Қыр­ғыз­станнан келетін судың аздығынан зардап шекті. Сарапшының айтуынша, өңір елдері өзара қажеттіліктерін өтеу есебінен бұл түйткілді де тарқата алады.

– Мысалы, бізде Қырғыз­стан­мен үнемі «Тоқтағұл ГЭС»-іне байланысты түсінбестік болады. Себебі онда бөгет бар. Егер өткен жыл­дардағыдай кли­­маттық кедер­гілер болса, су электр стансасы толмайды. Ондай кезде Қырғызстан суды одан әрі жібермей қояды. Себебі олар суқоймасын электр энергиясын өндіру үшін толтырды, оларда электр энергиясының тапшылығы бар. Ал Қазақстанға үнемі су жетпейді. Егер Қырғызстан «Мен сізге көбірек су бере алмаймын. Себебі суды үнемдеуім керек. Менің суқоймамда су таусылып қалса, біз жарықсыз қаламыз» десе, Қазақстан тарапы «Біз электр энергиясын берейік, сіздер су беріңіздер» деп келісім жолын іздеуге тиіс. Өзбекстанмен де арада сондай мүмкіндіктерді жүзеге асыру маңызды. Сол үшін тиімді инфрақұрылымдық, экономикалық жобаларды қазір­ден бастап қолға алған абзал, – дейді А. Бейсембаев.