Еліміздегі экологиялық күрмеуі қиын мәселенің бірі – Арал теңізінің тартылуы. Тусыраған теңіз табанына тіршілік нәрінің толуы өңірдің ғана емес, өзге де аймақтардың ахуалын жақсартатыны анық. Қуанарлығы, жылдан-жылға Аралдың суы молайып келеді. Наурыздың соңына дейін Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберілмек.

Орталық Азия мен Каспий теңізі маңындағы елдер экологиялық ахуалды жақсартып, табиғат тартуын қалпына келтіру ісінде ортақ мәміле жасасып, бір байламға келді. Түйткілді мәселенің бірі – Арал теңізінің табанына су толтырып, айдынға айналдыру шаруасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзінде 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін басқара алғанымызбен, Орталық Азия елдері температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесінен айналып өтпейтінін ескерткен еді.
«Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз. Мысалы, біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді әрі осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді», деді Президент Қ.Тоқаев.
Жаһан жұртшылығын алаңдатқан Арал мәселесі қашанда көкейкесті. Теңіз арнасының толуы экологиялық ахуалды ғана емес, жергілікті шаруалардың, жер емген диқандардың да еңбегінің еселенуіне септігін тигізбек. Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Солтүстік Аралға жіберілетін су көлемін 3 млрд текше метрге жеткізуге күш салмақ.
«Министрлік Қызылорда облысының ирригация жүйелерін қайта қалпына келтіру, су арналарын бетондауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл су үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни су жерге сіңбей, шаруашылыққа жетеді. Осының нәтижесінде, үнемделген суды Солтүстік Аралға жіберуге ниеттіміз. Бүгінде Үкімет шаруалардың лазерьлік тегістеуді сатып алу шығындарының 25%-ын субсидиялайды. Бірақ субсидия талаптарында бірқатар шектеу бар. Мәселен, шаруа қожалықтарының кем дегенде 200 гектар жері болу керек деген талап болды. Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұйрыққа өзгеріс енгізіп, аталған шектеуді алып тастадық. Енді кез келген шаруа қожалығының лазерьлік тегістегішті сатып алғаны үшін субсидия алу құқығы бар. Бұдан бөлек, субсидия көлемін 50%-ға дейін өсірдік. 3-4 шаруашылық бірігіп, кооператив ретінде сатып алса, шығындарының жартысына жуығын Үкімет субсидия түрінде қайтарады», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Солтүстік Аралға су жіберу шарасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестерімен байламға келіп, мәміле жасасуының нәтижесінде жүзеге аспақ. Министрлік Солтүстік Арал теңізін толтырып, қалпына келтіру жұмысын жалғастырып жатыр. Теңіз көлемін ұлғайту бағытында 2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемнен 100 млн текше метрге артық. Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатыр деген пікірдің жаңсақ екенін айта кету керек.
«Аралға су жіберу – су ресурстарын оңтайлы бөлу, оны үнемдеу мен су дипломатиясының нақты нәтижесі. Министрліктің Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестерімен қол жеткізген келісімдерінің арқасында 2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға тағы 1,6 млрд текше метр су құйылады. Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрден асады. Өсу динамикасын салыстырсақ, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метрге жеткен еді. Биыл жыл соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін толады деп болжаймыз. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр», дейді министрліктің ресми өкілі М.Әбдуәлиева.
Солтүстік Аралда судың көлемімен бірге ауданы да кеңейіп, 3065 шаршы шақырымға жетті. 2022 жылдан бері 111 шаршы шақырымға ұлғайды. Тартылған теңіздің табанына судың баруы тұздың көлемін азайтып, балық түрлерінің (22 түрі мекен етеді) өсімін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Солтүстік Аралда жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су инфрақұрылымын дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Көкарал бөгетін сақтап, Сырдария өзенінің сағаларын қалпына келтіру жобасы бекітіледі. Министрлік жыл соңына дейін Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөліп тұрған Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл Солтүстік Аралды сақтауға, судың тұздылығын одан әрі азайтуға, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жоба 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кәсібін дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», деді Н.Алдамжаров.
Су үнемдейтін технологияларды пайдаланып, күріш алқаптарын тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су Солтүстік Арал теңізіне жіберілді. Қызылорда облысында жалпы көлемі 55 мың гектар күріш алқабы тегістелді. Осының нәтижесінде орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті. Ведомство өкілі шаруа қожалықтарын, диқандарды су үнемдейтін технологияларды белсенді қолдануға шақырды. Шаруаларды ынталандыру мақсатында бұрын-соңды болмаған іс-шаралар қабылданғанын атап өтті. Министрлік су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 30%-ға, яғни 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Мұндай мемлекеттік қолдау санаулы елдерде ғана бар. Су үнемдейтін технологияларды орнатқан шаруалар суармалы суға да аз төлейді. Елімізде суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Былтыр Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен «One Water Summit» халықаралық форумында Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі біздің елге өтті. Мемлекет басшысы 2026 жылдың соңына дейін Халықаралық Аралды құтқару қорының Президенті болып сайланды. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығы кезеңіне, Атқару комитетінің 2024–2026 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Құжатта көрсетілгендей, 10 бағытта 40-қа жуық іс-шара жүзеге асырылады.
Былтыр жыл басында Солтүстік Арал теңізіне құйылған 1,1 млрд текше метр судың арқасында теңіз көлемі 21,4 млрд текше метрге жеткен болатын. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдері кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-отырысы былтыр мамыр айында өтіп, мәселе жан-жақты талқыланған болатын. Нәтижесінде, тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағынның көлемі секундына кемінде 30 текше метр болады әрі 997 млн текше метр су жіберіледі деген байламға тоқтады.
Теңіз суының қашып, жағалауының тартылуынан болатын экологиялық апатты алдымен сезетін жергілікті тұрғындар. Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңінің жұмысы қалай жүретінінен аралдықтардың да құлағдар болып отырғаны орынды. Осы мақсатта министрлік мамандары Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесті. Кездесулер 11 ауылдық округтің 21 елді мекенінде ұйымдастырылды, тек Арал қаласының өзінде тұрғындармен кездесу 7 мәрте өтті. Министрлік өкілдерінің Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданын ұлғайту жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы судың минералдануын азайтады. Бұл Солтүстік Аралдың экожүйесі мен биологиялық әралуандығын сақтауға, сондай-ақ Қызылорда облысында балық шаруашылығын одан әрі дамытуға ықпал етеді.