Зерттеу тақырыбымызға байланысты мұхиттың арғы жағында, АҚШ-та түрлі кітапханаларды ақтарып, архивтерге барғанда елеусіз қалдыра алмайтын сан түрлі қызықты мәлімет кездестірдік. Солардың бірі – сонау алыстағы Аустралия газеттеріндегі ұлтымыз туралы жазбалар. Осы орайда 1850 жылдан 1901 жылға дейін жарық көрген Аустралиядағы «The Northern Herald», «Tribune», «The Menzies Miner» газеті мен Сиднейден шығатын «Mirror» газетінде жарияланған кейбір деректерді оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Аштық жайлаған дала
1892 жылы 14 қарашада басылған мына бір дерек ұлтымыздың кешегі қайғылы тарихынан аздап сыр шертеді. «Қырғыз даласы. Лондон, 13 қараша. Каспий мен Арал теңізінің кең алқабына орналасқан қырғыз даласындағы жұртшылық аштыққа ұшырады» делінген газет хабарламасында.
Обадан мыңдаған адам көз жұмды
Ал «The Menzies Miner» газетінің 1901 жылғы 13 ақпандағы санында мынадай хабарлама жарияланған. «Сібірдегі оба. Мыңдаған адам қаза тапты. Лондон, 13 ақпан.
Бубонды оба Қырғыз даласында (Қырғыздар немесе түркі-татарлар аймағы, яғни Еділ мен Ертіс өзендері, Каспий теңізі мен Арал теңізі арасындағы Батыс Сібір өңірі) кең тарады. Семей мен Орынбор арасындағы мыңдаған тұрғын осы індеттен көз жұмды. Бұл апатты бәсеңдету мақсатында Ресей үкіметі шұғыл медициналық жасақтар жіберіп, індет жайлаған аймақтарға 250 000 рубльдің астығын жөнелтті».
Армияға сыйға берілген киіз үйлер
1915 жылы 22 маусымда «The Northern Herald» газетінде мынадай дерек беріліпті: «Киіз үйлер – қырғыз көшпелі тайпаларының тұрар жайы. Аталған үйлердің жылы, ауа райына төзімді әрі оңай тасымалданатын қасиеттеріне байланысты оларды Ресей үкіметі әскерлері үшін пайдалануға бейімдеуде. Сонымен қатар қырғыз нұсқаушылары әскерилерге бұл үйлерді қалай құрып, жинауды үйрету мақсатында арнайы шақырылды. Суретте көрсетілген киіз үйлер Ресей армиясына Торғай округінің губернаторы М.Еуразман тарапынан сыйға берілген».
Қайсар халықты майданға алады
«Қырғыз руларының жауынгерлері
Петроград, 17 қазан.
Қырғыз даласының (Батыс Сібірдің оңтүстік бөлігі) тайпаларынан жасақталған ірі күштер, тіпті толыққанды әскер болмағанның өзінде, қажетті дайындықтан өткен соң майданға шығуы мүмкін. Қырғыз халқының саны он екі миллионға жетеді, ал Ресей билігі осындай қайсар халықтың азаматтарын майданға алу мүмкіндігін қарастырып жатыр». Бұл ақпаратты Аустралия газеті 1915 жылы 19 қазанда жария еткен.
Олар көтеріліске шықты
1917 жылы 30 қарашада ұлтымыздың тарихындағы ауыр кезеңнің бірі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы да ақпарат берілгенінен хабардар болдық. «Қырғыздар арасындағы көтеріліс. Ақпарат енді ғана белгілі болды. Лондон, 29 қараша.
Британдық әскери тілшінің Петроградтан хабарлауынша, Қытай шекарасына жақын аймақтағы қырғыз және татарлар 1916 жылдың жазында көтеріліске шыққан. Оған себеп – патша үкіметінің соңғы он жыл ішінде олардың жерлерін біртіндеп тартып алып, ақыры оларды әскери қызметке шақыруы болған. Көтеріліс кезінде жарты миллион қырғыз қаза тауып, бір миллион тұрғын Қытайға босып кеткен».
Жыл санауы бөлек жұрт
«Қырғыздардың жасын есептеу» деп аталатын мына бір ақпарат та кезінде аустралиялықтар үшін қызық болған секілді. Себебі әлімсақтан әр халықтың өз жыл санау дәстүрі, тіпті ұлттық календары бар.
«Егер сіз қырғыздардан жасын сұрасаңыз, олар: «Мен ит жылы тудым және бес мүшел өмір сүрдім» деп жауап беруі мүмкін. Бұл моңғол-татар тегінен шыққан көшпелі тайпалар біздің Батыс күнтізбемізді білмейді. Олардың өз жүйесі бар, олар уақытты он екі жылдық жыл санауға бөледі. Әрбір мүшел он екі бөлікке бөлінеді және әр бөлік жануардың атымен аталады. Сондықтан сіз «Жылан жылы», «Жылқы жылы» немесе «Барыс жылы» деген сөздерді жиі естисіз.
Бұл жүйе Каспий және Арал теңіздері маңындағы жазықтар мен таулы аймақтарда халық санағын жүргізуді қиындатады. Кеңес билігі санағын жүргізіп жатқандықтан, 3 000 000-ға жуық жан бұрын айтып жүрген мүшел мен жануар туралы дерегін Григориан күнтізбесіне ауыстыру қажет. Қырғыздар ресми түрде сүнниттер, бірақ олар шайтан атты зұлым рухтың бар екеніне, сондай-ақ жақсылыққа да сенеді».
Қырғыз жотасындағы рекорд
«Әуедегі рекорд» деген хабарламаны аталған басылым 1914 жылы жариялапты. «БЕРЛИН, 17 ақпан. Неміс инженері Веллинер Баттерфилдтен Қырғыз жотасына, Орал таулары баурайына әуе шары арқылы ұшып жетті. Ол 1875 миль қашықтықты 47 сағатта еңсерді. Бұл жаңа рекорд ретінде саналып отыр».
Аппас сұлтанның ауылында
Ал келесі газет жарияланымы бізді сонау 1900 жылға сапар шектіреді. «Осы жылдың 5 маусымында доктор Турнердің «Сібірдегі қырғыз отбасы» атты жазбасы Лондондағы Англия-Ресей әдебиет қоғамының кеңесінде оқылды. Жазба авторы доктор Турнер Ресей территориясына көп жыл бойы сапарлаған. 1896 жылы Ресей императоры таққа отырған соң, ол Мәскеуде заң мамандығында оқыған бір қырғызбен (қазақпен) бірге Сібірдегі оның әкесі Сұлтан Аппастың үйіне барады» деп басталатын газет мақаласы Турнердің осы сапарында қазақтардың тарихына қызығып, олардың үш жүзден құралған халық екенін, Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлап, айранын ұрттап, қойын құрттап, бейғам өмір салтын ұстанғанын тілге тиек етеді. «Сұлтан Аппастың өкпесі ауырады екен, доктор Турнер оны тексеріп көргісі келгенін айтқанда, ол қабағат қуанды» дей келе, өкінішке қарай, Аппас сұлтан аталған дерттен жаны қатты қиналып жатқан сәтінде доктор Турнердің қасында болғанын, сұлтанның ұлдары әкесін жергілікті ем-доммен емдегісі келгенін, тіпті Құдайдан медет тілеп, дауыстап дұға оқығанын жазады. Мақала соңында «қазақтардың асқа отырар алдында міндетті түрде қол жуатын дәстүрі Иса Мәсіх заманындағы еврейлердің салтына ұқсайды» делінген. Бұл біздің халқымыздың сан ғасыр бойы қалыптастырған тазалық үлгісінің айқын көрінісі болмақ.
Қарағанды лагеріндегі тұтқындар
«Қарағанды лагерінде 374 тұтқын отыр» деген хабарламаны көргенімізде, бейжай қала алмадық. Толық мәтіні мынадай: «Аман қалғандардың өте маңызды жаңа тізімі» атты шолуда Қарағандыдағы лагерьде отырған соғыс тұтқындарының тізімі туралы жазған. «№ 284 тізімді UJORF кеңсесінің ақпараты бойынша алдық. Қазір Қарағандыдағы Азаматтық интернация лагерінде (Қазақ КСР, кеңес одағы) 374 тұтқынның бар екені белгілі. Олар – Германия мен Аустриядан барғандар».
«Қазақтар енді түрме салмайды»
Сонау алыстағы Аустралияның біз туралы баспасөзде жариялаған ақпараттары жетерлік. Солардың бірі 1962 жылы 25 сәуірде «Қазақтар үшін енді түрме салынбайды» деген шағын ақпарат берген. Бұны аталған басылым сол кездегі КСРО ішкі істер министрі Панковтың сөзіне сілтеме бере отырып жариялайды. Ол мәлімдемесінде «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында соңғы 20 жылда салынған жаңа қалалардың ешқайсысында түрме салу жоспары жоқ» деген хабарлама жарық көрген.
Қазақтың қос мергені
Сиднейден шығатын «Mirror» газетінде 1943 жылы 19 қазанда жарық көрген мына мақала біз үшін тіптен құнды болмақ. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ мергендерінің жүзі қандай жылы дерсіз. Аталған газет хабарламасында былай делінген:«Қызыл мергендердердің қаһарлы жеңісі, қазақ Сиязбеков күнде төрт-бес фашисті жер жастандырады. Ресей майданындағы нақты ұрыс көріністері кезінде түсірілген бұл фотосуретте Сиязбеков (оң жақта) қар басқан орыс даласында жайлы жерге жасырынғаны анық. Оның қасындағы қызыл әскер Жәкеев те мерген». Аустралиялық ескі газеттің бетіне екі батырдың мерген мылтығына сығалап тұрған сұсты да айбынды бейнесі берілген.
Жау тылындағы қазақ азаматы
1943 жылы 21 мамырда Аустралияның Аделайне қаласынан шығатын күнделікті газеттің үшінші бетіне тағы бір қазақ азаматының айқын бейнесі жарияланыпты. «Қызыл армия барлаушыларының бірі – қазақ Әбу Темірбаев, суреті төменде. Оның міндеті – жаудың іс-әрекетін бақылау. Ол орталық майданда соғысып жүр, онда үлкен шайқас кез келген сәтте қайталанады». Аустралия газеті суретін беріп, есімін атаған қазақ батыры туралы да алыс-жақыннан сұрастырдық. Өкінішке қарай, Әбу Темірбаев жөнінде әзірше еш мәлімет таппадық. Газет бетіндегі суретте барлаушы қысқы ақ киімімен тұр.
Түйін сөз: «Жер бетіне тарыдай шашылған қазақпыз» деген ұғым жиі қолданылады. Ал менің осыған қосарым, біздің жер бетіндегі архивтер мен кітапханаларға тарыдай шашылған деректеріміз де көп. Ендігі жерде сол құнды мұрағаттарды жинап, зерделеуге мемлекет жағынан қолдау керек болып тұр. Том-том кітаптардан бөлек, үлкен елдердің басылымдарында да қазақтар туралы жазбалар мол екенін Аустралия газеттеріне шыққан жоғарыдағы ақпараттардан айқын аңғаруға болады.