Өшпес даңқ 09 Сәуір, 2025

Қаһармандық қағидасы

289 рет
көрсетілді

Қан майдан қаһарманы Бауыржан Момышұлы 1976 жылы Қазақстан Жазу­шылар одағының пленумында сөйлеген сөзінде: «Мен 207 мәрте ұрысқа қатысқан кісімін. Соғыста 7 рет жара­қат алған жанмын. Батальон командирінен дивизия командирлігіне дейін өткенмін. Одан соң Әскери академияда 5 жыл аға оқытушы болдым», – деген еді. Оның қолбасшылық өнері мен өнегесін «Қазақтың әскери өнерінің жұлдызы, қарлығашы», «ақыл мен қайраттың, адамшылық пен батырлықтың тұлғасы» деп бағалапты Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин Мәскеуде, 1943 жылдың 21 шілдесінде жасаған баяндамасында.

Ол Екінші дүниежүзілік соғыста аға лейтенант шенінен гвардия полков­ни­гіне, батальон командирінен дивизия командиріне дейін өсіп, қаншама ұрыс­тарды бастан кешірді, мінсіз ұйым­дастырды, «әрбір солдаттың кәсіби және этнографиялық ерекшелігін» жіті түсінді. Бұл орайда «солдаттың ерлігіне, ептілік шеберлігіне, әдіс-айласына дұрыс, әділ баға беріп үйренген әскербасымын» дегені бар. Мейлінше тәжірибелі, алғыр-тапқыр майталманның түсіндіруінше, «ұрысты басқара білу дегеніміз, демек атысты басқару, траекториялармен ептілікпен маневр жасау, дұшпанның төбесінен бас көтертпей атып, оны жерге, окоптарының, орларының түбіне тығып жіберу, бет қаратпау және атыс ұялары амбразураларын қирату, сөйтіп жаудың күшін аяусыз жою, өз күшіңді аялап сақтау деген сөз» дейтін танымдық-тағылымдық сара пікірі ұрыс өнерінің өзегі іспетті.

...Жау солтүстік пен оңтүстік бағытта ұрыс жүргізу үшін Середа деревнясына шоғырланған. 1941 жылдың 18 қазан күні түнгі сағат 2-де қапияда шабуыл жа­саған. Командир Бауыржан Момышұлы Середа жорығында жауынгерлердің ұрыс қимылын бір мақсат, бір нысанаға тас­­түйін жұмылдырып, сәтті ұйымдастыра­ды. Бұл егесте 30 жауынгерден көз жазып қалғанмен, бір батальонға тақау дұш­панды жер жастандырған. Екінші рет Матренино станциясындағы егесте бұларды дұшпанның 15 ұшағы бомбалайды, зеңбіректермен атқылайды, миномет оқтарын бұршақша жаудырады. Қопарылған топырақ жауынгерлерді тірідей көмеді. Орманның шетіне 500-600 құзғын жиналған.

– Шығынсыз алам деген станциясын алсын. Ротаңа бет-бетіңмен бытырап, үрей­лене, жоғары көпірге қарай қашың­дар деп бұйрық бергін – деп, лейтенант Филимоновқа нұсқау бердім. Бұл бұй­рығымның мәнісін түсінбеді. 120 жауынгер апыл-ғұпыл станцияны тастап, бет-бе­ті­мен зытып, көпірдің астына панала­ды. Не­містер біздің қырандарды бас сауға­­лап қашып кетті деп ойлаған. Қаннен-қа­пер­сіз олар станцияны емін-еркін тонау­­ға, талауға кіріседі. Олар қызыққа бө­гіп, кенеле бергенде, батальон командирі Бауыржан Момышұлы 120 жауынгерді үш топқа бөліп, қыстақтың үш жағынан бір мезетте оқты қарша боратып, уралап айқайлап, азан-қазан, у-шуға айналды­рып жіберіңдер дейді. Немістердің 300-і опат болды. 4 станокты пулеметі, 2 зеңбірегі, 7 радио аппараты, 24 қол пулеметі, 2 танк машинасы және құжаттары қолға түсті, – дейді Бауыржан Момышұлы (Екі томдық шығармалар жинағы. Т.1. Алматы, «Жазушы», 2001, 151-бет).

Енді Крюково селосындағы қиян-кескі алапат шайқасқа ой жарығын түсірейік. Негізінде немістер Крюково теміржол станциясына тас бекініп, орағытып өту маневрін қолданып, Алабушево арқылы Ржавки-Матушкиноға, одан әрі Ленинград тас жолына шығуды басты нысана еткен. Бірінші күні 6 сағат, екінші күні 12 сағат, үшінші күні 18 сағат сұмдық сұрапыл ұрыстар жүргізілген.

1942 жылдың 6 ақпанында (таң алдында) Новосвинухово деревнясындағы ойранда даңқты жауынгерлік істерімен айрықша көзге түскен саяси жетекші, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасының взводы оқты селдетеді. 2 сағатқа созылған қан-қасапта деревня дұшпаннан аласталып, азық-түлік, қару-жарақ тиелген 85 автомашина, 25 тұтқын қолға түсіп, 85 фашист ажал құшады.

Бауыржан Момышұлы оқ пен оттың ортасында жүрсе де 1943 жылдың 18 нау­рызында Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов­қа жазған хатында өзінің 100-ден астам ұрыстарды басқарып, ақыл-ой сүзгісінен өткізген байтақ тәжірибелердің негізінде «Жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» дейтін тақырыпта материалдарды ыждағатпен жинақтап жүргенін айтқан.

Кейінірек 1943 жылдың 8 желтоқ­са­нын­да кеңес одағы жазушыларының кешінде сөйлеген сөзінде аттың жалында, атанның қомында хатқа түсірілген қолжазбаларының яки «нағыз өмір кіта­бының өзі» 30 дәптердей болғанын айтыпты. Мұнда жауынгер психология­сы (олардың барынша индивидуалдық қасиеттері: ұят, ар-ождан, намыс, адам­гершілік, парыз, ақыл-ой, ерік-жігер, сезім мен рух дүниесі, әскери тактика мен стра­тегия, ерлікке баулу, ұлттық рух, ұлттық-қаһармандық дәстүрлер), ұрысты ұйым­дастырушы-командир тұлғасы бірегей тұжырымдар баяндалған.

1944 жылдың қаңтар айының 19-25 күндерінде КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының төрағасы Қаныш Сәтбаевтың ұйымдастыруымен астана зиялылары (М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, А.Жұбанов, Ә.Марғұлан, К.Мың­баев, Ш.Шөкин, Е.Ысмайылов, т.б.) ой­шыл, әскери қайраткер Бауыржан Момыш­ұлының лекциясын тыңдайды. Ол «ұрыстан кейін ең қаһарлы қару – сол­даттың жаны» екенін және соғыс өнері мен әдістерін, Мәскеу түбіндегі ұрыс эпопеясына, жоғары интеллектуалдық ұғымдарға талдау жасайды. Әскери-өмір­­баяндық, әдеби-тарихи деректерге жүгінеді. Төлеген Тоқтаров пен Мәлік Ғабдуллиннің бастамашылдық, ерлік іс­терінің мәнісіне кемеңгерлікпен көзқарас танытады.

Бауыржан Момышұлы орыс әскери тілінде «ключ», «стержень» дейтін тер­миндік атаулар барын айтады. Яғни жау­­­дың тірек пунктін әлсірету. 6 жол Боро­­дино селосына тіреледі. Және 6 елді­ ме­кен бар. Демек қорғаныстың тіреуі, кілті – Бородино. Нақтылы айтқанда, әскери тәртібінің ұйытқысы, темірқазығы – Боро­дино. Неміс командованиясы 1942 жыл­дың 7 ақпанында Бородино ұрысын­дағы «түбірден соқпақ болған жоспарын» қалайша тас-талқан еткенін, 1200 дұшпанды баудай түсіргенін және аз шы­ғынмен (157 гвардияшы) жеңіске жеткенін әсерлі жеткізеді.

Сонымен қатар Голубцов, Авдотьи­н, Ефремов, Амельфин деревнялары маңын­дағы қантөгіс шайқастарда әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының парыз сезімі, есеппенен әрекет ету, тұт­қиылдан шабуыл жасау, «ұрысты басқару бұл (психиканы) жүйкені басқару», «әділ қаталдық», сабырлы дауыс ырғағы, «жү­ректі баурар жалынды сөз», «әскери тәрбиенің әдісі – көз жеткізу, мәжбүр ету және талап ету», «әскери айбындылық» керек екендігі нақтылы көрініс тапқан.

Бауыржан Момышұлының әскери-психологиялық тәрбие, ұлттық жауын­герлік мәдениет пен өнеге туралы тарихи, тәжірибелік мән-мазмұны терең ой-толғаныстары өз алдына өзгеше бір әлем. Ол «тәрбие жұмысының басты қасиеті – адамның бойында жауынгер­лік қасиетті, жауынгерлік өнегелілікті қалып­тастыру» мәселесін кеңінен толғап, ақыл, сезім, ерік, ар-ождан, әділдік, шын­дық, абырой, парыз, ес, ойлау, жігер, қай­сарлық, армандаушылық, сенім, зерігу, күдік, қулық, селқостық, күн­шіл­дік, мақтангөйлік тәрізді жан дүниенің құбы­лыстарына шынайы сипаттамалар береді. Мәселен: «Ар – парыздың бақылаушысы, адам қызметін реттеп отырушы», «Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуға тиіс», «Табандылық – батырлардың қалқаны», «Адамгерші­лік сезімі, ұят-сезімі, ерік-жігер, мақтаныш... жауынгерлерге өзінің ішкі қорқыны­­шын, содан кейін сыртқы қорқынышты жеңу­ге көмектеседі...», «Сыртқы ұқыпты­лық – ішкі жинақылықтың, өзін-өзі ұстай білушіліктің белгісі болып табылады».

Бауыржан Момышұлы генерал И.В.Панфилов туралы ой толғағанда: «Бір­­туар қолбасшы адам болу үшін өжет, батыл, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл болу қажет», деп жазады. Бұл орайда Баукеңнің өзі де ойшыл, сұңғыла, мақсатты қолбасшы бола білді. 4 мәрте жау қоршауынан сытылып шықты. Солардың бірінде 7 тәулік жау тылында қалды. Аш­тықты ойдан шығару үшін азын-аулақ қақтығыстар жасап жүрді. Сонда Алматы селекциялық станциясының бұрынғы агрономы:

– Бірдеме жемесем төзімім таусылды, – дейді.

Сонда:

– Егер етім жеуге жараса, мені сойыңдар да жеңдер! – дейді.

– Бәріне де осыны айт! – деп ту сыртынан айқайладым. Лейтенант Беликов, дәрігер Красненко өз істеріне салдыр-салақ қараған. Офицерлердің тәртібі босаңсыған. Батальондағы 36 офицерді жинап алдым да, қызметтерін шалағай атқарғандарды төмендеттім. Олар менің бұйрығыма көнгісі келмеді. Сол сәтте:

– Мен СССР Жоғарғы Советі Президиу­мының Председателімін, Мен СССР Қор­­ғаныс Комитетінің председателімін. СССР-дің бас прокурорымын... СССР Қарулы күштері барлық түрлерінің бас қолбасшысымын! Мен – командирмін, сондықтан бар билікті өз қолыма аламын! – дегенде олар айылын жиып, айтқаныма көнді» дейді.

«Бірде сержант Гапоненко жетекшілік жасайтын бөлімшеге батальонды күзетуге тапсырма бергенмін. Алайда оның жауынгерлері еменнің қуысында жасырынып отыр екен.

– Опасыздық жасағандарың үшін бар­лығыңды да атып тастаймын! – дедім.

– Бәрін атуға болмайды, – деді Гапо­ненко.

Гапоненконы екі рет аттым. Оғым қағыс кетті. Мені үш рет ажалдан алып қал­ды. «Әділ қаталдық» жасағанымды сана­­­лылықпен түсінді. Оның ары да, жаны да таза еді. «Әділдік – әрбір командир, әр­бір солдат мойнына үнемі тағып жүруге тиіс бейне бір бойтұмар сияқты» дейтін түйінді тұжырым жасадым» дейді.

Бауыржанның жортуыл күндерін­дегі мұқалмас болаттай нағыз көкжал, қызыл тілге дес бермес шешендігін Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин «Социалистік Қазақстан» газетінде жария­ланған «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1943, 27 ақпан) былайша әңгімелейді: «Ол өмірді, жалпы жағдайды бағалай келіп, соған қорытынды жасап, талай-талай мақалдар шығарды. Мәселен: Намысты нанға сатпа. Қырағының көзі де, өзі де батыр. Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық. Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын! Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе. Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр деген әлденеше ондаған мақалдары бар. Бұл мақалдардың қайсысының болса да белгілі оқиғасы бар. Соларға берген Бауыр­жанның қорытындысы осылар».

Қолбасшының ұйымдастырушы­лық, қаһармандық жігерлі істері асқан тапқырлық, айтқыштық, шешендік қабі­летімен астасып жатады. «Бұйрық – алғыр басшының ой-арманы, әскерсіз – қолбасшы қауқарсыз, басшысыз – іскер әлсіз, парыз – ар-ождан іргетасы, парыз – абырой қорғаны, парыз – инабаттылық негізі, парыз – арман мен даңқ шыңы, парыз – өжеттілік баспалдағы, жіп қылдан тұрады, дене матадан тұрады, даналық – өткеннің тәжірибесін қорытатын, қазіргі жағдайды зерделі талдайтын және болашақты көре білетін творчестволық ойдың қаймағынан тұрады, алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады, ұлттық мақтаныш – сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң, екіжүзділіктің балын татқаннан әділдіктің ащы уын ішкен артық».

Бауыржан Момышұлы табиғатынан ата тарихымызды, ата тілімізді, ата дәс­түрімізді, ұлттық-рухани тамырымызды ардақтаған асылымыз еді. «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі», – деуі басты ұстанымы. Осы орайда әскери мемуаристің «Ұшқан ұя» шығармасында Имаш бабасының батасы-ақ ұлттың қасиетті тіліне, ұлтқа қызмет етуге деген сүйіспеншілігін оятса керек-ті. Имаш бабасының ұлы тілегі былай еді:

Алатаудың қыраны мол еді,

Қырағы болсын құлыным.

Қойнауы суға мол еді,

Бұлағы болсын құлыным.

Елінің тілегі зор еді,

Шырағы болсын құлыным.

Ата тілегі оң еді,

Құмары болсын құлыным.

Бұл жер батырлар төрі еді –

Сыңары болсын құлыным.

Сондай-ақ Баукең әжесінің малдың, хайуанаттардың тілін, дүние тарихын, жаратылыс жайын үйрететіндігін тебіреніп жазған.

Бауыржан Момышұлының Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жаз­ған хатында: «Қазақ тілі өзінің таза түрін­де, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып», «ерге, елге медет болып», «қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып-туғызып», «өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған» (15-25 ақпан 1944 жыл, Алматы) деп жазады. Сонымен бірге тіл тағдырына алаңдап, өз тілінен безген «жүгенсіз, арсыз топастар», «ірітіп, шірітіп жүргендер», «ұлт мақтанышы сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре болып, артта қалған қара беттер», «шірік жетілгендер», «Қазақстанның нанына семіргендер», «алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салып, әдеби тілімізден айрылуға себепкер солар болып барады» деуінде ащы шындық бар. Әрі қарай барлық оқу орындарында қазақ тілі, әдебиеті, тарихы міндетті сабақ болуы тиіс екенін, оқу құралдары жоғары деңгейде жазылу керегін айтады. Дұрыс, ғылыми орфографиялық, түсіндірмелі сөздіктер түзілу керек деп, «қала қазақтарын, қазақ оқымыстыларын тәртіпке шақырып, қазақ тілін республикамыздың мемлекет тілі ету заңды» деген мәселелер көтереді.

Бауыржан Момышұлының әскери-ағартушылық, ұлттық игілікті дәстүрлері туралы ой-толғаныстары – жас ұрпақ­тың бойында «сезімді ояту, жандандыру, адамның ар-ожданына, абыройына, ерік-жігеріне, парасатына ықпал ету, адам бойындағы басты сезімін ұштап, тәр­биелеу» қызметінде айрықша әдептілік пен даналық мектебі болмақ.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор