Биылғы 10 айда Батыс Қазақстан облысы аумағында 365 интернет-алаяқтық қылмыс тіркелсе, соның 22,6%-ы ғана ашылған. Жәбірленушілердің дені – мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер.
Елімізде Ішкі істер министрі бекіткен «2023–2025 жылдарға арналған кибер қылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасы Батыс Қазақстан облысында да қолға алынған. Осы бағдарлама талаптарын іске асыру мақсатында былтыр 19 мамырда Орал қаласы киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жасайтын «Cyberpol» тобы құрылған еді. Бұл топтың қызметкерлері қаржылық және техникалық жағынан сауаттылықты арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғарғы оқу орындарынан даярлық курстарынан өтіп, қызметтеріне кірісіп те кеткен.
– «Cyberpol» тобы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін заманауи ақпараттық-бағдарламалық кешендермен қамтамасыз етілді. Интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың банк жүйесіне тікелей қатысы бар екенін ескере отырып, облыс аумағындағы екінші деңгейлі банк басшылығымен меморандумға қол қойылды. Осындай келісім байланыс операторлары арасында да жасалды. Қазір біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің БҚО бойынша басқармаларымен өзара тығыз іс-қимыл жасап отырмыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Артур Мұсағалиев.
Әрине, интернет-алаяқтықпен күрестің бірден-бір тиімді шарасы – қылмыстың алдын алу. Сондықтан полиция қызметкерлері облыс тұрғындары арасында тұрақты түрде түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік желілер, телеарналар мен интернет платформалар арқылы тұрғындарға алаяқтықтың түрлері жөнінде хабарлап, алаяқтардың құрбаны болмау мақсатында істейтін әрекеттерді жүйелі түсіндіріп келеді.
Алайда интернет-алаяқтық фактілері азаймай тұр. Биылғы қаңтар-қазан айлары арасында облыс аумағында интернет-алаяқтық қылмыстары 365 мәрте тіркелген. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мұндай қылмыстың саны төмендегенімен, арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер алаяқтарға жиі алданып қалып жатыр.
– Біз интернет алаяқтары жиі торуылдайтын аудиториямен жүйелі жұмыс істеп, сақтандыру, хабарландыру ісін кешенді жүргізіп жатырмыз. Биылдың өзінде 16 мыңнан аса мұғалім, 8 мыңнан аса дәрігер біз ұйымдастырған профилактикалық іс-шараларға қатысты. Қазіргі уақытта облысымыздың зейнеткерлеріне қатысты тікелей профилактикалық іс-шара өткізіп жатырмыз, – дейді Артур Ғайсаұлы.
Осы кезге дейін анықталғанындай, алаяқтар өзін байланыс операторы, «Қазпошта», коммуналдық, халыққа қызмет көрсету орталығы және банк қызметкерлері ретінде таныстырады. Әңгімелесу барысында олар жолданған «СМС» код нөмірін сұрайды. Егер алдансаңыз, аз уақыт ішінде бірнеше банктен қалай несие алып, өз есепшотыңыздағы жинақты дропперлердің есепшотына жібергеніңізді білмей де қаласыз. Ол қаражат сол бойда криптовалютаға айналып, шетелге шығып кетеді екен.
«Ең дұрысы, күмән туған жағдайда алаяқпен сөйлесуді доғару керек. Олар адам психологиясын жақсы меңгерген. Алдауға түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға немесе сол банктердің байланыс орталықтарына хабарласу қажет. Сонымен қатар eGov сайты арқылы банктерден несие алуды бұғаттап қою қазіргі жағдайда бірден-бір тиімді шара болып отыр», дейді құқық қорғау қызметкерлері.
Батыс Қазақстан облысы