• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Мәселе 14 Қараша, 2024

Көмірдің жылдағы жыры

128 рет
көрсетілді

Қарашаның алғашқы онкүндігінде-ақ Арқада ақтүтек боран соқты. Ауылдағы ағайын шөбін үйіп, отынын әзірлеп алған. Алайда бұған үлгермей жатқандар да бар. Әсіресе көмір тапшылығын ақтоғайлықтар кешегі күнге дейін сезініп келді. Отын бағасы да шалғайдағы ел-жұрттың көңілінен шықпай тұр.

Көмір енді тасыла бастады

Қарағандыдағы арнайы көмір сату нүктелерінде қор жеткілікті. Бірақ Ақтоғай ауданындағы көмір сататын екі үлкен базаға енді жеткізіле бастады. Өйткені жолы жаңа жөндеу көргендіктен, 30-40 тонналы жүк көліктеріне жүруге рұқсат жоқ. Тіпті жақында олар 2 млн теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Кейін­нен ақтоғайлықтарды қысқы отынмен қам­тамасыз етіп отырған екі бірдей базаның тех­никаларына шектеулі мөлшерден асырмай көмір тасуға рұқсат берілген.

– Қысқы отын Қарағандыдан екі бірдей көмір нүктесіне аз-аздап тасылды. Аудан мүлде көмірсіз қалды деген жаңсақ әңгіме. Аудан басындағы бес кәсіпкер өздерінің жүк көліктерімен тасып, сатты. Бірақ көмір тапшылығы болғаны рас. Өйткені екі ірі көмір тасымалдаушы кәсіпкер енді-енді кірісті. Апта басында Қарағандының сату нүктелерінен «Мұңайтпасов» көмір базасына 60-70 тонна көмір жеткізілді. Енді күніге «КамАЗ» жүк көліктері қысқы отынды осындай мөлшерде әкеліп, сатып жатыр. Ал «Кеңасу» қоймасындағылар «Шұбаркөлкөмір» АҚ-ның өз басынан таси бастады. Олар күніне 100-110 тонна көмір әкеледі. Біз өз тарапымыздан көмір таситын кәсіпкерлерге, жол алыс болғандықтан, кезексіз тиеп алуды ұйымдастырып отырмыз. Бағаны да былтырғыдан өсірмей, келіссөз жүргізіп жатырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ардагер Қапашев.

 

Ауыл тұрғындары алыпсатарларға өкпелі

Тағы бір мәселе, сөз басында айта кет­кеніміздей, аспандаған бағаға ел-жұрт­тың базынасы бар. Ақтоғай ауылы­ның ақ­сақалы Болат Тілеубергенов жұрт отын­ды шарықтаған бағаға амалдың жоқ­тығынан алады дейді.

– Алыпсатарлар 27-28 мыңнан сатып жатыр базаларынан. Жылдағы баға – осы. Науқан келген сайын айтар «әніміз» бұл. Көбіне Қарағандыдан тасымалдайды. 250 шақырымнан бағаны екі есе қымбаттатып әкелу елді аямау деген сөз ғой. Жарайды, Ақтоғайдың басындағылар алады. Бірақ шалғай ауылдан келіп әкететіндер техникаларына тағы шығынданады. Олардың да бағасы арзан емес. Осы бір тасымалдау мәселесін шешіп, бағаны реттесе жөн болар еді, – дейді Болат ақсақал.

Расымен ауылдағы ағайынның қал­тасын дел­далдар қағып тұр. Шалғайда жат­қан ел шынымен қысқы отынға қолын қалай жеткізсін? Қыста қалтырамас үшін амалдың жоғынан алады.

– Күніне Қарағандыдан 40 тонна көмір әкетеміз. Жасыратыны жоқ, кейде 2-3 күн күтіп қаламыз. Көмір келмей қалатын кездер болады. Ең бастысы, көмірдің сапасына ел риза. 27 мыңнан сатып жатырмыз. Халық қымбат дейді. Бізді де түсіну керек. Бір «КамАЗ-ға» келіп-кетуіне қажет дизель отынына 70-80 мың жұмсаймыз. Бұрын бір жүк көлігіне 35 тонна тиейтінбіз. Қазір 20 тонна апарамыз. Түнімен тұрамыз. Екі «КамАЗ» жүк көлігім бар. Қыс бойы, көктемге дейін тасимыз. Біздікі де бейнетті еңбек, – дейді «Мұңайтпасов» көмір қоймасының басшысы Ерлан Нұртазин.

Жергілікті әкімдік бағаны әлі де қымбаттатамыз деген тасымалдаушы кәсіп­керлерге барып, былтырғы бағадан көтермеуге уағдаласқан көрінеді. Ал алыстағы Айыртас, Қусақ ауылына Балқаштан көмір тиеген «КамАЗ-дар» барып, сол бағаға түсіріп беріпті. Шет ауданының теміржол стансасындағы елді мекендер қызуы қатты Шұбаркөл көмірінің тоннасын 20-21 мың теңгеден алып жатыр.

– Біз жылда осы көмірді аламыз. 15-20 тонна түсіреміз. Қызуы жақсы. Кейінгі өндірілген көмір болғандықтан, сапасына ризамыз. 2 500-3 000 теңгеге «Газ-53» көлігімен жеткізіп береді. Ірі көмір көп. Негізі жол бойында тұрған біздер үшін бағасы қымбаттау. Бағасын түсірсе жақсы болар еді. Арқада алты ай қыс жатады. Ел үздіксіз пеш жағып шығады. Халықты да ойлау керек қой, – дейді Жарық ауылының тұрғыны Гауһар Есенбекова.

 

«Шұбаркөл» рекорды

Қазір пеш жағатын жұрт «Шұбар­көлдің» көміріне әбден үйренген. Қызуы күшті әрі сапалы. Халықтың дені алатын көмір – осы. Өткен қазан айында «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілері рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Олар қазан айының ауысымына 472 вагон көмір жөнелткен. Бұл жоғары нәтиже – ұжымның үйлесімді жұмысының жемісі.

«Шұбаркөл көмір» АҚ – еліміздің 30 пайызын көмірмен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орны. Олардың мұндай межеге жетуінің тағы бір себебі техника паркін үнемі жаңартып отыр­ған­дығында. Мұнымен қоса, компанияны «Транском», «Қазақстан темір жолы» АҚ қолдап, вагондардың уақтылы берілуін қамтамасыз етеді. Қазір компания қарқынды жұмыс істеп тұр. Көмірді өз көлігімен алып кету қосыны демалыссыз, тәулік бойы қызмет етеді. Бұл жерде көмірдің бір тоннасының бағасы – 8 790 теңге.

– Көмірді алып кету орнында көмір қоры жеткілікті. Біз жауапты кәсіпорын ретін­де тұтынушылар алдындағы мінде­ті­мізді орындауда қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ бас инженері – операциялық директоры Саят Әбжанов.

Өткен жылы кәсіпорын 13,8 млн тоннадан астам көмір өндірген. Биылғы меже – 14,4 млн тонна. Компания үнемі дамуға, жаңаруға ұмтылады. Инвестициялық бағдарлама аясында құрал-жабдықтар жыл сайын жаңартылады. Соңғы 5 жылда 44 түрлі техника сатып алынды. Негізгі жұмыс жабдығы – экскаватор­лар, оның ішінде жапондық «Hitachi» фирмасының өнімділігі жоғары гидравликалық үлгілері мен ресейлік ЭКГ экскаваторлары бар. Тау массасы мен көмірді жүк көтерімділігі 60-тан 220 тоннаға дейінгі «Caterpillar», «Hitachi» автосамосвалдары тасымалдайды. Жолдарды дайындап, тиеуге бульдозерлер, грейдерлер, жүк тиегіштер қолданылады.

 

Қара отын қоры жеткілікті

Жылына 150 мың тонна көмір өндіретін «Рапид» шахтасында да жұмыс қызу. Бұл көмірдің түрі басқалардікіндей емес, жерас­ты әдісімен өндіріледі. Сәйкесінше, бағасы да жоғары. Атап айтсақ, бір тонна­сының бағасы 24 мың теңгеден басталады. Соған қарамастан күніне 15 жүк көлігі тиеліп, жеткізіліп жатыр. Бұл әсіресе апталық пештерге тиімді көрінеді.

Аймақ тұрғындарын қара отынмен қамтамасыз етуге арналған 740 мың тоннадан астам көмір қоры бар. Бүгінде облыс­та 55 сату нүктесіндегі сауда қызу. Оның 41-і теміржол тұйығында, ал 14-і қойма­дан сатылып жатыр. Сату нүкте­ле­рінде жұмыс штаттық тәртіппен ұйымдас­ты­рыл­ған. Бұл іске жауапты мамандар көмір қорының жеткілікті екенін айтады.

– Қазір қорда 39 мың тонна көмір бар. Оның 17 мың тоннасы – Қарағанды қаласында. Өңірді көмірмен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе туындап жат­қан жоқ. Шұбаркөл көмірінің тоннасы орта есеппен 19 мың теңгеден. Мәсе­лен, Пришахтинскідегі сату нүкте­сін­дегі баға – 14 750 теңге. Айта кетейік, көмір бағасының өзгеруіне тасымалдау нүктелерінің қашықтығы да әсер етеді. Мысалы, Нұра, Ақтоғай аудандарына вагон-вагон көмір таситын теміржол тұйы­ғы жоқ, – дейді өнеркәсіп және индус­трия­лық-инновациялық даму басқармасы басшы­сының орынбасары Ақдидар Рымбек.

 

Қарағанды облысы