• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Жәдігер Кеше

Мойын алқа

24 рет
көрсетілді

Еңбекшіқазақ ауданындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында көненің көзіне айналған жәдігерлер жетіп-артылады. Соның бірі гривна – мойынға тағатын шеңбер түріндегі күміс немесе алтыннан жасалған бұйым. Алтын адам мойнынан ұштарында барыстың басы бар үш жарым орамды спираль тәрізді гривна (мойы­н алқасы) табылған. Оның негізгі бөлі­гін­дегі түтікшелердің ұштарына алынбалы топса қондырылған.

«Есік қорғанынан табылған мойын алқа әшекейлердің ең көне түріне жатады. Басқа алқалардан айырмашылығы қосымша ілмек­термен немесе тізбек­термен күр­деленіп, қарапайым түтік­тер ар­қылы байланыстырылған. Мойын алқаның негізгі бөлігі түтік­тері­нің ернеуіне, алынбалы бөлігі тү­тіктерінің ұштарына енгізілген, ілмектер немесе басқа да қосымша бекітпелер жоқ. Алтын адам мойы­н алқасының диаметрі – 13 см. Алқаның ұшындағы барыстың бас мүсіндері дәнекерленген. Сақ кезеңінде жыртқыш аңдардың бейнесін қолдану жиі көрініс тапқан. Барыс бейнесінен қаталдық пен аса сақтықтың көрінісі байқалады. Барыс­­тың бас мүсінінің бейнелері өте мұқият әрі шынайы жасалған, бұл «сақ аң стилінің» алғашқы ке­зең­деріне тән бейне», дейді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Анар Қосжанова.

Сібір, Орта Азия және Қара теңіз аймағынан табылған осыған ұқсас гривналардың қатарында Есіктен шыққан мойын алқаның орны ерекше. Ерте кездегі бұл әшекейлер жануарлар бейнелерінің көркемдік-стилистикалық ерекше­ліктерін талдау негізінде, сондай-ақ кешенде табылған ұқсастығына қарай б.з.д. V-IV ғғ. жат­қызылған.

Есік қорғанынан табылған жәдігер (мойын алқасы) ежелгі гривналардың барлық белгілеріне ие, әсемдігімен ерекшеленеді. Бұйым қоғамдағы адамның мәртебесін көрсетіп қана қоймай, бойтұмар ретінде де қызмет еткен. Деректер бойынша бай және текті адамдар таққан, қарапайым адам­дардың қол жеткізуі қиын бол­ған.

Дайындаған –

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы