Мәдина қаласын білмейтін адам жоққа тән. Себебі бұл шаһар – мұсылман баласы зиярат етуге бұйырылған әлемдегі қасиетті үш орынның бірі. Оның сыртында бұл шәріде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) мешіті орналасқан һәм соңғы бақилық тұрағы да (зираты) осында.
Бұрындары бұл қала тек құлшылық өтеуге тиіс қасиетті нысан ретінде белгілі болса, қазіргі таңда ислам діні мен мәдениетінің рухани ордасы іспетті тарихи-танымдық орындар бой көтеріп жатыр. Соның бірі – Пайғамбар мешітінің артқы қапталында бір шақырымдай қашықтағы әл-Анбария ауданы аумағындағы әл-Хижаз теміржол вокзалының ғимаратында орналасқан Дар әл-Мәдина атты өнер музейі. Бұл мәдени ошақ 1998 жылы ашылған екен.
Қазіргі таңда музей екі қабаттан және 16-ға жуық бөлмеден тұрады. Онда исламға дейінгі дәуірдің экспонаттары және Сауд Арабиясының тарихына қатысты арнайы бөлім бар. Мұражайда сонымен қатар қолөнер дүкені, сауда алаңы, кофехана және мейрамхана бар.
Аталған музейде қазақ садағының атасы саналатын көне қыпшақ садағы сақтаулы тұр. Оқырманға түсінікті болу үшін ашалап айтатын дүние – 622 жылы Мәдина қаласында Мұхаммед пайғамбар негізін қалаған Ислам халифатының байрағы 1259–1517 жылдар аралығында мысырлық қыпшақ-мәмлүктердің қолында болды. Яғни осы жылдары күллі Хижаз даласына мысыр қыпшақтары билік жүргізіп, қарудың күшімен далалық араб-бәдеуилер тарапынан сауда керуендері мен қажыларды тонау ісі өрістеп кетуіне байланысты, оларды қорғау үшін Мәдина қаласына көшпелі әскери база орналастырады.
Мәдина музейінде тұрған қыпшақ садағы сол дәуірден қалған мұра екені анық. Аталған садақтың құрылымы мен жасалу тәсілі ежелгі азиялық көшпелілер үлгісіне ұқсас, кәдімгі мүйіз астарлы, тарамыс дәртелі ежелгі ғұн садағының дәл өзі. Дей тұрғанмен бөлшектерін құрастырғанда ашасына пайдаланып, садақтың жалпы тұрпатына тұтқасы мен сұғыны жалғанған.
Садақ ат үстінен атуға ыңғайланғандықтан моңғол садағына қарағанда пошымы шағын. Сұғы ежелгі ғұн садағына қарағанда қысқалау әрі арнайы бөлігі бар. Жалпы пішімі: тұтқа, корпус, кассан және сұқ қатарлы төрт бөліктен тұрады. Тұтқасы Азия садағынан өзгешелеу, иіні алға қарай қарынсал шығыңқы пішінде һәм жұмыр емес жалпақтау. Бұл қарудың басты ерекшелігі – өте қуатты, тек мықты мергендер ғана тарта алатындай.
Бір қызығы, музейде тұрған қыпшақ садағы – отты қару толық қолданысқа енгенге дейін Шығыс Азия, Кіші Азия жерінде жауынгерлік қарудың басты атрибуты ретінде қызмет атқарған. Мәдинадағы қыпшақ садағы әлемдік қарутанушылардың пайымы бойынша «татар садағы» тобына жақын. Өйткені татар садағының тұтқасы түрік садағы сияқты алдына қарай шығыңқы жасалады.