Ленинградта Қазақстанның бірінші әуе кемесі істеліп шықты. Кеменің бағасы – 18 мың сом, өзі соғысқа арналып істелген. Сондықтан Қазақстаннан барған комиссия оны Ленин атындағы әуе кеме отрядына тапсырды.
7–8 миллион халқы, басқалардікіндей байлығы бар Қазақстанның бұл сыйы әлі аз. Республика түгіл, ішкі гүбірнелердің әрқайсысы бір-бір әуе кемеден тапсырып отыр.
Біздің әлде де үкіметімізді қорғау үшін де, шаруамыз үшін де әуе кемелерін жасатуымыз керек. Әуе кемесінің шаруашылығымызға керектігі мынау: Қазақстанның елі ыдыранды, теміржол аз, су жолы жоқ, қатынасы қиын. Егерде қолымызда 6-7 әуе кемесі болса, хабарларды күнде біліп, гүбірнелермен күнде қатынасып, асығыс жұмыстарға күнде барып, почталарды орындарға жылдам жеткізіп тұрар едік. Мұның үстіне әуе кемесінің шығыны аз. Менің айтатыным: аймақтық мекемелердегі азаматтар әуе кемесін көбірек істетудің қамына кірісейік. Гүбірнедегі жолдастар, Кеңес үкіметін бекітемін, қорғаймын, шаруашылықты жөндеймін десеңдер, гүбірне сайын әуе кемесін істетуге кірісіңіз!
Келіңдер, күш біріктіріп, әуе кемесін жасатып, елімізді қорғайық, шаруамызды жөндейік!
М.Тәтімұлы, «Еңбекші қазақ» газеті, 14.02.1925 жыл
Дайындаған –
Ұшқын Сейдірахманұлы