Таяуда елімізде шетелдік банктердің отандық нарыққа кіруін жеңілдететін талаптар бекітілді. Жалпы, бұл мәселе Президенттің нарыққа үш шетелдік банктің келуі туралы айтқанынан басталды. Қаржы нарығының сарапшылары жергілікті нарыққа жаңа шетелдік банктердің келуін оң бағалайды.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова отандық қаржы нарығында жаңа шетелдік ойыншылардың пайда болуы отандық бизнесті қаржыландырудың қосымша мүмкіндіктерін ашады деп есептейді.
«Жаңа банктердің келуі қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді. Бұл банктерді жаңа, неғұрлым ыңғайлы және тиімді қаржылық шешімдерді, өнімдерді, қызметтер мен сервистерді әзірлеуге инвестиция салуға ынталандырады. Қаржылық қызметтерді тұтынушылар, жеке және заңды тұлғалар бәсекелестікті күшейтуден тек пайда көреді. Себебі олар өздері үшін ең тиімді ұсыныстарды таңдау мүмкіндігіне ие болады», дейді қауымдастық басшысы.
Экономист Марат Абдурахмановтың пікірінше, ірі банктерге үшін біздің нарық тар. Дамыған нарықтардан бірнеше шағын қаржы ұйымы ғана келуге ықылас танытып отырған көрінеді.
«Олардың елде болуының ішкі нарыққа әсері аз. Жалпы, дәл қазір елге аты бар банктер келсе де несие саясатына әсер ете алмайды, тек қызмет көрсету сегментінде ғана өзгерістер енгізуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк шетелдік банктерді елге тарту мақсатында барынша компромистік шешімдерге барып отыр. Осыған дейінгі талаптар жеңілдеді, кейбірі алып тасталды. Шетелдік банктерді елге тарту оңай емес екенін осыдан білуге болады», дейді М.Абдурахманов.
Осыған дейін елге сырттан келген банк біздің қаржы институттарын жұтып қояды деген пікір басым болатын. Сарапшы бұл көзқарас қазір ескіргенін айтады.
«Бізде әлеуеті ішкі нарықтан асып кеткен банктер жетеді. Олардың біразы қырғыз бен өзбек нарығында өзінің еншілес компаниясын ашып жатыр. Демек, өз банктеріміз қаржы сегментінің беталысын басқа бағытқа ауыстырып жіберуге жол бермейді. Тек алпауыт банктер біздің нарықтағы банктерді ығыстырып шығара алады. Бірақ ондайлар қазір бізге келуге асығып отырған жоқ. Бізге ұсақ банктер емес, ірі банктердің келгені тиімді. Тек солар ғана осы сегментте ашық бәсекелестікті қалыптастырар еді», дейді экономист.
Үкімет пен Ұлттық банктің шетелдік инвесторларды елге тарту мақсатымен инвестициялық климатты сауықтыруға қатысты қабылдаған шешімдері банктеріміз үшін тиімді дейді сала мамандары. Сарапшылар бәсеке тек банктер арасында емес, онда жұмыс істейтін білікті қызметкерлер арасында да жүрсе құба-құп деген пікірде.