• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Қараша, 2024

«Өңірдің өндіріс көлемі еселене түседі»

159 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы әлеуетімен кеңінен танымал. Кейінгі кезде өңірде тұрғын халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылды. Облыс әлеуметтік-эконо­микалық дамудың сенімді оң серпінін көрсетіп отыр. Өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелеп беруді аймақ басшысы Ғауез НҰРМҰХАМБЕТОВПЕН өтінген едік.

– Құрметті Ғауез Торсан­ұлы, облысқа әкім болып тағайын­дал­ға­ныңызға бір жыл болып қалды. Осы уақыт аралығында бірқатар тосын оқиға болды. Соның ішінде су тасқыны – табиғаттың ауыр сынағы ел басына түсті. Аяғыңызға резеңке етік киіп, күрестің алдың­ғы шебінде жүрдіңіз. Мұздай су тосқауылдың бәрін жапырып, Потанин көшесімен өрлеп, қа­лаға көтерілгенде қандай күйде болдыңыз?

– Биыл шынымен де облыс үшін ауыр жыл болды. Көктемгі су тасқыны кезінде Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 4 метр 25 сантиметрге жетіп, 2017 жылғы ең күшті су тасқынының көрсеткіштерінен де айтарлықтай асып түсті. Үш мыңнан аса үйді су басты. Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Табиғи апаттың алғашқы күндері өңірге Мемлекет басшысы келіп, солтүстікқазақстандықтар­ға қолдау білдіріп, еңсесін бір көтеріп тастады. Жалпы, тасқын кезінде өңір тұрғын­дары­ның ауызбірлігі, адамгершілігі айқын танылды. Еріктілер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер азаматтық ұстанымын көрсетіп, зардап шеккендерге көмек қолын созды. Бұл табиғи апат халқы­мыз­дың бауырмалдығы мен ынты­мағын тағы бір рет көрсетті.

– 3 мыңнан артық үй, 10 мың­нан астам адам су басқан аймақ­та қалды. Тасқын су үй­лер­­дің биік тере­зелеріне дейін жетіп, екі айдай әбігерге салды. Жер­гілікті билік адам­дар­ды сол­­түс­тіктің күзгі ызғарына қал­дыр­­май, бә­рі­не де жылы бас­пана ұйым­­дас­­­­тыра білді. Осы туралы айта кет­­сеңіз?

– Президенттің үндеуін «Қазақ­стан халқына» қоры, «Қазақ­мыс» корпорациясы, «Kaspi.kz» пен «Kazminerals» компаниялары қолдап, суық түскенге дейін 700 үйдің құрылысын аяқтадық. Осылайша, бірлесіп атқарған жұмыстың арқасында жаңа «Бірлік» шағын ауданы пайда болды. Бұл ауқымды жұмыстарға жергілікті құрылыс компанияларын тарттық. Сол жерде арнайы штаб құрылып, күнделікті есеп берілді. Құрылыстың сапасын тексеретін техникалық бақылауды да ерекше назарда ұстадық. Басты міндет тез арада үйлерді салып, зардап шеккендерге баспананы табыс ету болды. Жаңа шағын ­аудан дамып келеді. Жуырда бала­бақша ашылды, жаңа мектеп те тұр­ғызылады.

Демеушілердің есебінен пәтер­лер алынып, үйлерді жөндеу де жүргізілді. Осы ретте ауданнан келген меха­никалық бригадалардың ин­фра­­­құрылымды қал­пына кел­тіру мен баспананы жөндеуге қос­қан­ үлес­терін ерекше айтқым келе­ді.

– Жаңа үйлер салуға қазіргі «Бірлік» шағын ауданының жері қалай таңдалды?

– Біз құрылысты тасқын су кетпей жатып, сәуірдің 25-де бас­тап кеттік. Зардап шеккендер уақытша жатақханаларға орналас­ты. Оларға тез арада баспана салу міндеті тұрды. Қала жанындағы ең қолайлы жер қазіргі «Бірлік» шағын ауданының орны болды. Өйткені бұл мекен су басу қаупі бар аймақтан алыс орналасқан. Екіншіден, мұнда қажетті инже­нерлік инфрақұрылым тартылған. Облыстың, қаланың жағдайын жақсы білетін бірінші орынбасарым Марат Тасмағамбетов сияқты басшылар осы аймаққа үйлер салуға болатынын айтып, ұсыныс жасады. Аймақты көріп, оның құрылыс салуға қолайлы еке­ніне көзі­міз жеткен соң бірден үйлер салу қа­мына кірісіп кеттік. Көп ойланып, тол­ға­н­уға уақыт тар еді. Қазір біздің таң­да­уы­мыз­дың дұрыс болғанын өмір көрсетіп отыр.

– Қалаға ауызсу жеткізетін «Қызыл­жар-су» кәсіпорнының су кө­те­р­етін насос стансасын сең қи­ра­тып кеткенде ре­кордтық қыс­қа мерзімде қосалқы құбыр мен сорғылар орнатылып, «Пес­трое» көлінен қалаға су жет­кі­зіл­ді. Бұл қиын­дық қалай еңсерілді?

– Су тасқыны басталғанда облыс орталығы ауызсусыз қалды. Оған себеп, бірінші көтергіш сорғы стансасының электр жарығынсыз қалуы. Сумен келген алып сең жол бойы барлығын қиратып келе жатты. Стансаны электр қуаты­мен қамтамасыз етіп отырған 4 құрылғыны мұз қиратып кетті. Оған қоса стансаны су басты.

Осындай күрделі жағдайда тез әрі батыл шешімдер қабылдау керек болды. Бұл жұмысқа Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр басшылық етті. Мәселені шешу мақсатында Пес­трое көлінен су алу туралы шұ­ғыл шешім қабылданды. Көлге тез арада құбырлар тартылып, қал­қымалы сорғы стансасы қо­йыл­ды. Осылайша, қысқа уақыт­тың ішінде қалаға су берілді.

Бұл жағдай бізге үлкен са­бақ болды. Тасқын су кеткен соң бірінші көтергіш стансасына жаңғырту жүргізілді. Жаңа қон­дырғы орнатылып, жағалай бөг­ет нығайтылды. Сондай-ақ сор­ғы стансасын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақ­сатында ұзындығы 3,5 шақырым жер асты кабель желісі тартылады. Оған қоса, резервтік станса іске қосылмақ. Биылғы су тасқыны кезіндегідей, Петропавл уақытша негізгі су құбырынсыз қалса, резервтік станса балама ретінде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етеді.

– Облыс орталығындағы тағы бір күр­делі мәселе – жылыту маусымының өтуі. Биыл қысқы мерзімге қалай дайын­дал­­­ды­ңыз­дар? Қандай жұмыстар атқа­рылды?

– Жылыту маусымына дайын­дық Президент пен Үкіметтің жіті назарында болды. Мен 2-ЖЭО-на жиі барып, жылыту маусымына дайындықты тек­серіп отырдым. Жылу электр орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жабдықтардың жағдайы, жаңғырту, жөндеу жос­парларының уақтылы орындалуына ерекше назар аударылды.

Биыл қазандықтар мен турбоагрегаттарды жөндеу жоспарға сай жүргізілді. Жаңа турбина­ құрылысы жалғасып жатыр, бұл нысан келесі жылғы жылыту маусымында іске қосылмақ. Қазір істеп тұрған екі турбина қаланы жылумен қамтамасыз ете алады. Стансада көмір қоры да жеткілікті. Жалпы, облыста электр, жылу желілерін, су құбырларын ауыстыруға қатысты кешенді жұмыстар атқарылды. Облыс орталығының солтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз ететін жылу магистралі салынады.

Қазір облыста жылыту мау­­сымы басталды. Біз алдымен әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үй­лерді жылуға қостық. Жылыту мау­сы­мының қалыпты өтуі қатаң бақылауымызда.

– Жолдардың сапасы тұр­ғындарды алаңдатпай қой­май­ды. Биыл облыс орта­лы­ғын­да көшелерге асфальт төсеу жөнін­де біраз іс тындырылды. Бұл жұмыс қалай жалғасын табады?

– Биыл Петропавлда жол инфрақұ­ры­лымын жаңартуға қатысты ауқымды істер атқа­рылды. Жөндеу жұмыстары облыс орталығындағы 57 көшені қамтыды. Оның ішінде 39 көшеге алғаш рет асфальт төселді. Осы­ның арқасында биыл жақ­сы жағдайдағы жолдардың үлесі 50 пайыз­дан 67 пайызға дейін өсті. Жасы­ра­тыны жоқ, қаламызда асфальт төселмеген көшелер әлі де баршылық. Қала басшылығына алдағы төрт жылда Петропавлдағы барлық жолға асфальт төсеуге тапсырма берілді.

Облыста жөндеу жұмыс­та­ры­мен жалпы 938 шақырым жол қам­тылды, оның негізгі бөлі­гін орташа жөндеу құрайды. Жол­дау­да Мемлекет басшысы жол инфра­құрылымын жақсартуға баса назар аударып, орташа жөндеу бағдарламасын 10 мың шақырымға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі күшейтеміз. Сондай-ақ жөн­дел­ген жолдың сапасын тексеру мен мер­ді­гер­лердің жауапкершілігі де қазір ерекше бақы­лауға алынды.

– Ұлы Абай: «Еңбектенсең қа­ра жер де береді, құр тастамай­ды» деген ғой, диқандар­­дың аян­­­бай еңбек ет­кен­деріне орай биыл қара жер де иіп беріп, ас­тық­ ере­сен шықты. Астық жи­нау­ ба­ры­сына да тоқ­та­ла кет­се­ңіз?

– Биыл жауын-шашын түрін­дегі күрделі ауа райы ша­руа­ларға нағыз сынақ болды. Егін­нің уақтылы жиналуы мен астық сапасын сақтау мақсатында диқандар ерекше тәсілдер мен заманауи технологияларды пайдаланды. Мемлекет астықты кептіруге арзандатылған дизель отыны мен сұйытылған газ бөлді. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында алты миллион тоннадан астам рекордтық астық қамбаға құйыл­ды. Орташа өнімділік гектар басынан 18,6 центнерден асты, үлгілі шаруашылықтарда гектар берекелігі 30 центнерге дейін жетті. Бұл нәтижелерге агротехнологияларды сақтау, минералды тыңайтқыштарды енгізу, жоғары сапалы тұқым себу, техниканы жаңарту арқасында қол жеткізілді. Қазір диқандар көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Мемлекет бұл бағытта да тиісті қолдау, көмек көрсетіп отыр.

– Алдағы уақытта облыс эко­но­ми­ка­­с­ын көтеріп, халық­тың әл-ауқа­тын арт­­тыруға ­қа­тысты қандай жос­пар­ла­ры­ңыз бар?

– Облыста экономиканы дамыту барысында инвестициялық жобалар жақсы жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім түрлері пайда болады. Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашып, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есеге ұлғайтуда жүйелі жұмыс жүргізу керектігін бірнеше рет атап өтті. Тағы бір маңызды мәселе – инвестициялық ахуал­ды жақсарту. Жуырда түрік инвесторы «Nord Panels» ЖШС-ның ағашты терең өңдейтін зауытын іске қосты. Келешегі зор инвестициялық жобаға 8 мил­лиард теңге инвестиция тартылды, 300 адам жұмыспен қамтылды. Жоғары технологиялық заманауи қондырғылар орнатылды. Жаңа кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққанда 50 мың текше метр­ге дейін өнім шығарады. Бұл елге аталған өнімдердің импортын 13 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, облыстағы инвести­циялық пулға отандық, шетелдік инвесторлардың жалпы құны 760 миллиард теңгеге жуық 46 жобасы енген. 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оларды жүзеге асыру инвестиция мен өндіріс көлемін 1,5 есеге өсіруге мүмкіндік береді. Атап айт­қанда, жүк тиеу жабдықтары, тіркеме ауыл шаруашылығы машиналары, нан өнім­дері, керамикалық кірпіш, басқа да өнім­дер шығару сияқты жобалар жүзеге асы­­­ры­лады.

– Облыстың рухани өмі­рінде ілгері басушылық бар ма? Оно­мас­тикалық мәселелер қалай шеші­луде?

– Президент Жолдауында креа­тивті индустрияны, заманауи технологияны дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шығарма­шыл жастарды қолдауға арналған орталықтар ашу қажет екенін айтты. Соның аясында Петропавл қаласында креативті индустрия орталығын аштық. Бұл жоба талантты жастарға қолдау білді­ріп, түрлі салаларды дамытуға ба­ғыт­­­тал­­ған. Орталықта жастар өз кеңіс­тігіне ие болып, сол жерде батыл, креа­тивті идеяларды талқылап, жүзеге асырмақ.

Сондай-ақ қаламызда «Ботай» сурет галереясы ашылды. Га­ле­рея­­ның атауы өңірдегі 6 мың жыл бұрын жыл­қы­ны алғаш рет қол­ға үйреткен «Ботай қо­ны­сы» біре­гей археологиялық орны­мен бай­ланыс­ты. Жаңа өнер кеңіс­ті­гінің ерек­шелігі – онда көрмелер де, авторлар, суретшілермен түр­лі кез­десулер де өтеді. Келуші­лер елі­міздің, облыс сурет­ші­лері­нің туын­ды­ларын тамашалай алады. Га­лерея рухани әрі шығар­ма­шы­лық дамудың орнына айналып келеді.

Облыс орталығында екі жатақ­­­хана пайдалануға берілді. Бірін­шісі 156 орынға арналған, екіншісі 1200 орындық үлкен жатақхана. Студенттер үйінде бар жағ­дай жа­сал­ған. Осылайша, Прези­денттің тапсырмасын орындау бағытында жатақ­ханалардағы орындардың же­тіс­пеушілігін жойдық. 300 ба­ла­ға арналған ерекше балаларға бі­лім бе­ретін арнайы мектеп-интер­нат та ашылды. «Жайлы мек­теп» ұлт­­­­тық жобасы аясында Пет­ро­павл­­дағы «Орман» шағын ауда­нын­­­да 600 орындық жаңа мек­­теп бой көтерді. Бұл – ұлттың жоба ар­қы­­­лы салынған алғашқы білім орда­сы. «Береке» шағын ауда­­нын­да дәл осындай мектеп­тің құ­ры­лы­сы жүр­гізіліп жатыр. Жуыр­да осы ау­данда «Береке» мешіті де ашыл­ды.

Өңірде жаңа спорттық нысандар да көптеп пайдалануға беріліп жа­тыр. «Qyzyljar» үстел теннисі орта­лы­ғының ашылуы үлкен оқиға болды.

Биыл әлеуметтік мәселені қа­да­­ға­­лай­тын жаңа орынбасарым қыз­метке кірісті. Енді Жүсіп Жұма­ғұ­­лов­тың басшы­лығымен бұл сала жан­­дана түседі. Кен­же­­леп тұрған оно­­мастикалық мәсе­ле­лер де бола­шақта рет-ретімен шешіледі деп ойлаймын.

Жалпы, биылғы жыл оңай жыл болған жоқ. Облыс тұрғындарымен бірге бар ауыртпалықты жеңіп, жаңа белестерді бағындырып жатырмыз. Президенттің Жолдау аясында айқындаған міндеттері ауқымды, оларды орындау, облыс экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы сан салалы бағдарламаларды, жос­парларды іске асыру жолындағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»