• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Digital 08 Қараша, 2024

Жанашыр робот

281 рет
көрсетілді

Америкалық жазушы Айзек Азимов «Робот адамға зиян тигізбек түгіл, өзінен келетін қауіптерден де құтқаруы керек» дейді. Бұл – фантаст қаламгердің өзі жан беретін роботтарына қоятын басты талабы. Ал ең ғажабы, шынайы өмірде де көптеген робот «жанашырлық» қамытын киіп жүр. Сөзімізге дәлел де көп.

Отқа салсаң, жанбайды. 2019 жылы Париждегі Нотр-Дам соборында үлкен өрт шыққан кезде, француз өрт сөндірушілері қауіпті ай­мақ­тарға кіре алмай қалды. Олар­дың орнына «Colossus» атты арнайы жасалған өрт сөн­діруші робот тер төкті. Ол 3000 литр суды 1 минутта жет­кізуге қабілетті еді. Әрі жылудан қорғанатын мате­риалмен қапталған, бұл оған жоғары температуралы ай­мақ­тарда еркін жүруге көмек­те­седі. Осы роботтың арқа­сын­да өрт сөндірушілерге қауіпті ау­­­мақ­тан шығып, сырт­та жұ­мыс істеуге жағдай жаса­лып, олар­­дың өміріне қауіп төнген жоқ.

Суға салсаң, батпайды.­ Грекия жағалауында бос­­­қын­дар суға батқан кезде «EMILY» роботы барын сал­ды. Робот-қайық 37 км/сағ жылдамдықпен жүзіп, жаны мұрын ұшына келген ха­лыққа жедел жәрдем көрсетті. 2016 жылы 10 күн ішінде 240-тан астам адамды құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Оның екі жақты байланыс жүйесі әлеуетін арттыра түседі. Құтқа­рушылар мен судағы адамдарды оңай байланыс­ты­рады.

Жер сілкінсе, көмек­те­седі. 2017 жылы Мексикада болған жер сілкінісінен кейін, үйінді астында қалғандар­ды іздеуге Карнеги-Мел­лон университеті әзірлеген «Snakebot» жылан-робот қолданылды. Бұл робот жылан сияқты қимыл­дап, тар әрі қауіпті жерлер­ге енеді. Камерасы бар құл­темір құт­­қарушыларға жер ас­ты­ның астан-кестеңінің бәрін көр­сетеді. Солай визуалды мә­ліметтер арқылы, зардап шек­кен адамдар тез табылады.

Керек кезде самғайды. «Zipline» компаниясының дрон­дары қиыр-қиыр жерлерге ме­дициналық керек-жарақ­тар­­ды жеткізуге арналған. 2014 жылдан бері Африкада, оның ішінде Руандада көп қол­данылып келеді. Қан, вакци­на, дәрі-дәрмектерді дереу апарып, қанша адамның бетін бе­рі қаратты. Мысалы, 2016 жы­лы алғашқы медици­на­лы­қ­ жүктемелерді тасып, 150 000-нан астам емделушіге көмектесті.