Филиппинде салынып жатқан көпқабатты ғимараттың құлауы салдарынан 3 адам қаза тапты. Құтқарушылар үйінді астынан тағы 2 адамды алып шыққан. Ал 17 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Қазір билік көпқабатты ғимараттың опырылуына не себеп болғанын анықтап жатыр. Құтқарушылар қирандылар астында қалған тағы бір адамның денесін шығаруға әрекет етуде.
Филиппин астанасында мыңнан астам ғимарат өртенді
Мамандар арнайы құрылғылар арқылы үйінді астынан тыныс алу мен жүрек соғысының белгілерін тіркеген. Сондықтан қираған нысан астында әлі де адамдар болуы мүмкін деген болжам бар.
Із-түзсіз жоғалған 17 адамның басым бөлігі – құрылыс алаңында жұмыс істеген жұмысшылар.
Құтқару жұмыстарының баяу жүруі жоғалғандардың туыстарының наразылығын күшейткен. Бір тұрғын күйеуінің тағдырына қатысты нақты ақпарат ала алмай отырғанын айтса, бауыры мен жеңгесі жоғалған тағы бір тұрғын биліктің ақпаратты дер кезінде бермей отырғанына наразы екенін айтқан.
Бұған дейін Филиппинде ғимарат қирап, ондаған адам үйінді астында қалғаны туралы хабарлағанбыз.