• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2024

Сенат Қазақстан мен Қатардың әскери полигондарға қатысты келісімін мақұлдады

140 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.

Бұл құжаттың нормалары әскери білім беру және әскери қызметшілерді даярлау, әскери медицина, әскери ғылым, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға, жауынгерлік даярлыққа және өзге де салаларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Келісім әскери ынтымақтастық саласы мен нысандарын айқындауды, тараптардың әскери ынтымақтастығын үйлестіру жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін белгілеуді, әскери мүлік транзиті, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру, әуе кеңістігі мен әскери полигондарды пайдалану, тілдік даярлықты жүргізу мәселелерін реттеуді көздейді.

Айта кетейік, аталған заң аясында уәкілетті органдар тараптардың қызметін айқындауға, ұйымдастыруға және үйлестіруге уәкілеттік берілген өкілдерден тұратын бірлескен жұмыс тобын құрады.

«Келісім аясында Қатар мемлекетімен әскери саладағы ынтымақтастықты арттыруға арналған бірлескен шаралар қарастырылды. Бұл шаралар екі елдің қауіпсіздігін күшейтуге арналып отыр. Мақұлданған заң алдағы уақытта мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті нығайтуға және аумақтарымыздың тұрақтылығы пен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Келісім бес жыл мерзімге жасалды және келесі бесжылдыққа автоматты түрде ұзартылады. Егер тараптардың бірі ұзарту шарттарымен келіспесе, онда ол ағымдағы мерзім аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші тарапты хабардар етуі қажет.