• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 01 Қараша, 2024

Ақылбайдан қалған ән

734 рет
көрсетілді

Қазақта бірлі-жарым ғана әнімен тарихта қалған оқшау тұлғалар бар. Соңыңда ұрпақ шырқап салар жалғыз ауыз әнің қалса, ондай жан бақытсыз деп айта алмас едік. Ол туындың ел аузынан түспей, ұлт руханияты мен мәдениетіне қызмет етіп жатса, Абай айтпақшы, «өлсең де өлмегенмен боласың тең».

Әдетте әннің авторы мен атауы қоса жүреді ғой. Ақан серінің әні «Маңмаңгер», Біржан салдың «Жалғыз аршасы» деген сияқты. Ал бұл туындының атауы авторымен аталып кеткен. «Ақылбайдың әні». Ен салып, еншілеген атауы жоқ, автордың туындысы екені белгілі, болды. Ақылбай Абайұлынан қалған «Ақылбайдың әні». Өзі де бір оқшау туынды. «Әку, дәй-әку» дей ме, қайырмасы қызық естіледі. «Аққу, аққудай» шығар, тәрізі. Сөйтсе де, әуені қаншалықты терең толғақты әрі салмақты болса, соншалықты биік талғамның әні. Қазақ өнерінің шоқтығы іспеттес десек, артық емес шығар. Ол үшін әнді тыңдау аздық етеді, «Қыз Жібек» фильмін тамашалап отырып, Төлегеннің әніне мән берсеңіз жеткілікті. Қазақ саз өнерінің алыбы Нұрғиса Тілендиев онда Төлегеннің сән-салтанатына Ақылбайдың әнін ұйғарыпты. Керемет емес пе? Қазақ киноөнерін «Қыз Жібексіз» елестету мүмкін емес. Сол соқталы дүниенің жілік майындай бір туынды десек, Ақылбайдың әнін атаймыз. «Қыз Жібек» жыры қай дәуірдің мұрасы екенін ойласаңыз, киноның қай уақытта түсіріліп, күні бүгінге жеткенін, болашақ ұрпақ та тамашалайтынын пайым­дасаңыз, өнердің құдіреті сонда сезіледі. Көркем туындының татымды бір тұсын көтеріп тұрған Ақылбай әнінің мәні мен маңызын да, қызметін де осы тұрғыдан бағалауға әбден болады.

Сіз он минутта не істеп, бітіре алғандайсыз? Мүмкін ұсақ-түйек бір істерді жоспарлап үлгерерсіз. Біреумен сөйлесіп, әрі кетсе, әңгімені қысқасынан қайырарсыз. Аялдамадан аялдамаға жетерсіз дегендей. Ал он минутта ән тудыру... Бұл деген кісі сенгісіз ғаламат қой. Және ғасырдан ғасырға ұзай беретін сөз бен сазды сол сәтінде көкейден суырып айту деген – адам айтса нанғысыз құбылыс.

«Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,

Матайды алыс бірталай жер деген соң.

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң» боп келеді бірінші шумақ.

Әннің қапелімде туғаны сөзінен де білінеді. Әуелі Әлекең деген кім, неге ән қолқалап тұр? Матай қай жақ­та­ғы жер? Мекенжайынан-ақ сөй­леп тұр ән. Қолын қапаш-құпаш сермегені домбыра ұстап «қарман­ғанын» білдірмей ме?

Туу тарихы мен мәтіні де үйлесе кетеді. «Абайдың кенжесі Мекайыл көрші Матай елінен қалыңдық айттырып, Құнанбай әулеті құдалыққа аттанады. Арасында Абайдың әншісі Әлмағамбет Қапселемұлы бас болып шығыпты. Енді жүре бергенде, Әлмағамбет «Абай әндерін матай­лықтар да біледі, бізге жаңа ән керек. Оларды дүние-мүлікпен таң­ғал­­дыра алмаймыз», деп көшті тоқ­­татып қойған деседі. Біраз дағ­да­­рып қалған көш «Ақылбай ағадан сұ­райық, бір ән шығарып берсін» деп Әл­мағамбетті жіберіпті. Әлма­ғам­бет әнші Ақылбайға келіп, жағ­дай­ды жеткізеді. «Аға, ән керек» дей­ді. Ақыл­бай «Менде ән жоқ» дей­ді. «Та­быңыз, шығарып бері­ңіз», деп қол­қа салады Әлмағамбет. Содан қой­маған соң, әйгілі «Ақыл­бай­дың әнін» шырқап қоя береді. Мұ­ны айт­қан бойда қағып алған Әл­ма­ғам­бет Ма­тай еліне барып, орындап­ бер­ген» деседі.

Қайым Мұхамедханұлы «Абай­дың ақын шәкірттері» кітабында Ақылбайға тоқталып: «Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тұраштың қайынына, күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», дегенде қолма-қол айтып берген әні екен», деп жазыпты.

Екінші шумағы:

«Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,

Жас дәуренді өткіздім бермей баға.

Ақылжан деп тұрушы еді талай қыздар,

Сұмдық шықты дейтұғын Ақыл аға» делінетін әнді әншілер қауымы Жүсіпбек Елебековтің орындауында үйреніпті. Ал Жүсекең негізгі жеткізушісі ұлы Мұхтар Әуезовтен алып қалған. Бұл ­туралы Жүсекеңнің жары Хабиба Елебекова:

«Шараның (Жиенқұлова) Болат дейтін баласы үйленіп жатқанда, тойдан соң бір топ адам қалып қойды. Мұқаң мар­құм: «Сендер өңшең әншілер жиналып отыр екенсіңдер, мен сендерге бір ән үйретейін», деді. «Қайсың бұрын үйренсеңдер, соған бәйге береміз», – деп күлді. Сөйтті-дағы алдымен әннің туу тарихын баяндап берді: «Абайдың әншісі Әлмағамбеттің бір баласы дәулетті қайын жұртына барғалы жатып: «Оларды дүние апарып таңғалдыра алмаймыз, бір жақсы ән шығарып беріңіз, соны айтып барайық», деп Ақылбайға қолқа салыпты. Небәрі бес-он минутта осы әнді шығарып тастапты», деп Мұқаң шырқай жөнелді. Менің нені болсын, тез қағып ала қоятын зеректігім бар. Жүсекең оны біледі, сол үшін де «есіңде сақтап ал» деген ниетпен мені түртіп қалды. Ортамызда Күләш пен Құрманбек те бар. Әнді Мұқаң екі рет айтқанда, алдымен солар қағып алды. Үшінші айтқанда – Жүсекең, төртінші айтқанда Манарбек үйренді. Қазір ойлап қарасам, егер сол кезде Мұқаң әнді айтпағанда, «Ақылбайдың әні» бұл күнге жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін?» депті.

Абай әнші тұтқан Әлмағамбет Ақылбайға тегіннен ән сұрап бармайды. Бұрын да сондайы болған ғой. Демек болашақта зерттелуге тиіс тақырып.