• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2024

Қор қаржыландыруымен 500-ден астам балаға инклюзивті білім беріледі

90 рет
көрсетілді

Жыл аяғына дейін елорда мектептерінде жаңа 5 инклюзия­ны қолдау кабинеті ашылады. Барлығы, бұған дейін іске қосылғандарды есептегенде, тиісті 10 кеңістікті Астанадағы мектепте оқитын ерекше балалардың 10 пайызы қолдана алмақ.

Оқу жылына орай есігін айқара ашқан бас қаладағы 5 инклюзия кабинеті нәтижесінде 150-ден астам мүгедектігі бар бала қатарластарымен бірге мек­­тепте оқып жатыр. Жаңа сипат­тағы сыныптар бұған дейін сол жағалаудағы №22 мектеп-гимназияда, №36 орта мектепте, К.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейде, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейде және №97 мектеп-гимназиясында табысты жабдықталды. Енді мемлекеттік стандартқа сай, қор мен сарапшылар тарапынан жетілдірілген тың үлгідегі инклюзия кабинеттері желтоқсан айында Есіл өзенінің оң жағасындағы №32, 52, 61, 65, 90 мектептерде ашылмақ. Осылайша, ерекше қажеттілігі бар тағы 238 бала ой-санасын кеңейтіп, дамуға мүмкіндік алады. Барлық мектепте әр балаға дербес бағдарлама қарас­ты­рылып, мұғалімдерге бір жыл бойы әдістемелік қолдау жасалады.

«Барша тарапты Астана қа­ла­­сында инклюзияны қолдау каби­неттерінің санын 10-ға жет­кізуге белсенді атсалысуға шақы­рамыз. Мәселен, ірі компаниялар қоғамдағы краудфандинг бас­тамаларына қосылып, жарна жасау арқылы қоғам мен бизнес үндестігіне қадам жасай алады. Осы­лайша бизнес өкілдері sk-trust.kz сайтындағы QR код немесе есепшот дерек­те­месі арқылы қайырым­ды­лық баста­маларды қолдаса, құба-құп. Сәйкесінше, кәсіп­кер­­­лер қоғаммен байланысын жақ­сар­тып, әлеуметтік жауап­кер­ші­лігін нығайта түседі. Әрі бұл қадам қоғамда қайырым­ды­лық мә­де­ние­­тін дамытуға ық­пал етеді», дейді «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиева.

Сонымен қатар таяуда, Рес­пуб­лика күніне орай қор қолдауы­мен Ақмола облысының 4 бірдей ауылында инклюзия бөлмесінің тұсауы кесілді. Өңірдің ауылдық жерлеріндегі ерекше балалардың сапалы бі­лім алуына жағдай жасауда инклюзия кабинеттері Оразақ, Қызылжар, Қараменді, Ы.Алтынсарин ауылдарында қол­данысқа берілсе, тағы біреуін алдағы уақытта Көкшетау қала­сында пайдалануға тапсыру жос­парланып отыр. Жалпы сомасы 87,3 млн теңгені құрайтын 5 инклюзия кабинетінің жұмысы нәтижесінде кем дегенде мектепке, балабақшаға баратын, үйден оқып келген мүгедектігі бар 120 бала қамтылады.

Қор биылғы компаниялар тобындағы еңбек адамдарына арналған корпоративтік шаралардан түскен қайырымдылық қара­жатын да инклюзия каби­нет­теріне бағыттамақ. Мәсе­лен, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ ұйым­дастыруымен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының кә­сіп­орын­дары арасында өткен «SK Әзіл Fest» көңілді тап­қырлар қайырымдылық ке­ші­нен түскен қар­жыға кем деген­де бір инклюзия кабинетін ашу межеленіп отыр.

 

Алдаберген КЕМПІРБАЙ