Ата қазақ наурыз айында жауған жұмсақ қарды «Наурызша» деп атаған. Бұл сөздің астарында жылылық, көктемге деген аңсар мен ынтызарлық бар. Әдебиетті жақсы түсінетін адам осы айда жауған қарды көрсе, еріксіз «Қыз-Жібек» жырындағы сәтті теңеуді есіне алады. Ол жырда не деп еді?
«Қыз жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы,
Ақ тауықтың қанындай», демеп пе еді?
Қазірге дейін ұлтымызда сұлулықты сипаттау үшін ең алдымен Қыз-Жібекті үлгі етеді. «Кебісінің өкшесі – Бұхардың гауһар тасындай» болған кербез сұлу туралы аңыз да, ақиқат та көп. Ал бір ғажабы, «Қыз-Жібек» жырының шекара асып, зерттеліп жатқаны.
АҚШ-тың Коннектикут штатына қарасты Уэслиан университетінің баспасынан осыдан жарты ғасыр бұрын кітап болып шыққан «Орталық Азия музыкасы: КСРО халықтарының музыка тарихының очерктері» атты зерттеу еңбегінде ұлтымыздың дәстүрлі музыкалық өнері туралы баяндайды. Аталған еңбектің авторы – В.Белиаев. Орталық Азия халықтарының музыкасына терең тоқталған бұл кітаптың бір тарауы «Қазақ музыкасы: он бесінші ғасырдан он сегізінші ғасырдың ортасына дейін» деп аталады да, ұлтымыздың музыкалық мұрасының тарихы мен таралу жолдарына тоқталады. «Аталған ғасырларда қазақтың халықтық және кәсіби музыкалық өнерінің негізі қаланды. Ән саласында осы халықтың өмірінің сан алуан кезеңдерінің ескі, бірақ құнды бейнелерінің белгілерін сақтай отырып, бүгінге дейін жеткен сол жанрлар қалыптасты. Әуен, ырғақ, тепе-теңдік, формалар дамыды, қысқасы халық әнінің барлық қасиеті көрініс берді», деп жазады автор алғысөзінде.
Сонымен бірге автордың аудармасымен терме, жыр, эпос, дастан туралы түсініктер беріліп, ағылшын тілді оқырманға жетеді. В.Белиаев халқымыздың «Жылқышы әні», «Қойшы әні», «Жар-жар», «Қыз сыңсу» сияқты дәстүрлі әндерді аударып, нотасымен бірге жариялайды. Және кітапта «Қыз-Жібек» жыры туралы да айтылады.
Профессор, ғалым
Габриэл Макгуайр
Ал Назарбаев университетінің профессоры, Габриэл Макгуайр де «Қыз-Жібек» жырын біраз жылдан бері зерттеп келеді. Оның зерттеуі «Қыз-Жібек» жыры және қазақ ауыз әдебиетіндегі жанр саясаты» деп аталады. Аталған зерттеу мақаласы академиялық деңгейдегі халықаралық ғылыми журналда жарияланыпты. Оның зерттеуінше, Жүсіпбек Қожа мен Мұсабай жыраудың «Қыз Жібек» жырына қатысты нұсқаларының екінші жартысы негізінен бір оқиғаны баяндайды. Жырдың алғашқы бөліміндегі желіні қайталай отырып, қайғылы аяқталуды жеңіске ұласқан оқиғамен алмастырады.
«Мен «Қыз-Жібек» жыры туралы алғаш рет көп жыл бұрын, АҚШ-тағы Индиана университетінде магистрант болып жүрген кезімде естідім. Ол уақытта қазақ тілін үйреніп жүргенмін. Біздің қазақ тілі пәнінің оқытушысы осы фильмді бірге көруді ұйымдастырған еді. Өкінішке қарай, сол кезде қазақ тілін әлі жетік меңгермегендіктен, фильмнің мазмұнын толық түсіне алмадым. Бірақ менің есімде мәңгі қалғаны – фильмдегі таңғаларлық әсем көріністер. Көк майсаға оранған кең далада түсірілген кадрлар ерекше жарықпен бірге көздің жауын алатын. Бірнеше жылдан кейін Қазақстанға көшіп келген соң, «Қыз-Жібек» жырының түпнұсқасын оқып көруге құлшындым. Сол сәттен бастап бұл шығарма мені бірден баурап алды. Маған әсіресе осы жырдың әуендік-сезімдік ауқымы, яғни оқиғаның түрлі көңіл күйде өрілуі ерекше әсер етті. Жырдың алғашқы бөлігін оқығанда, ол ертегі тәрізді көрінеді: Төлеген мінсіз жар іздеп сапарға шығады. Кей тұстарында жеңіл әзіл де бар – Төлеген болашақ қалыңдықтарына соншалық көп жылқы сыйлап жібереді, тіпті серіктері «жылқымыз таусылып, жаяу қалмаймыз ба?» деп алаңдай бастайды», дейді ол тебіреніп.
Оның айтуынша, ол үшін бүкіл жырдың ең әсерлі, эстетикалық шыңы – Төлеген аспанда ұшып бара жатқан қаздарға қарап, олар менің отбасым мен еліме хабар жеткізер ме екен деп елестететін сәт. Бұл көрініс ерекше мұң мен үмітке толы болмақ. Ал жырдың соңғы бөлімдері, Жібектің Қалмақ ханнан Төлегеннің ағасымен бірге қашып құтылатын тұстары, тіпті бір тынысты триллер секілді әсер қалдырады.
«Қыз-Жібекті» алғаш оқығаннан бері мен оны Назарбаев университетіндегі әдебиет пәнінен оқитын студенттеріме ұсынып келемін. Тіпті жырдың шағын бір бөлігін ағылшын тіліне аударып, Орталық Азия әдебиетіне арналған Tulips in Bloom атты антологияда жарияладым. Университеттегі сабақтарымда «Қыз-Жібектің» кей бөлімдерін әлем әдебиеті пәнінің орта деңгейдегі курстарында оқытамыз, ал ауызша эпосқа арналған жоғары деңгейдегі курста студенттер жырдың толық мәтінін оқиды. Менің байқауымша, студенттер бұл шығарманы мен сияқты ерекше қызығушылықпен қабылдайды. Әр сабақта жыр туралы қызу пікірталас туады. Көптеген студент соңғы емтихан жұмыстары үшін осы жырдың өзін немесе фильм нұсқасын талдауды таңдайды. Тіпті кейбіреулері «Қыз-Жібекті» дипломдық жұмысының тақырыбына айналдырса, енді біреулері оны магистратурадағы ғылыми зерттеулерінің басты нысаны етіп алып жатыр», дейді америкалық ғалым Г.Макгуайр.
P.S. Біз үшін қазақ жырларының алпауыт елдерде зерттеліп жатқаны айтарлықтай жаңалық. Осы арқылы өзге халықтар бай мәдениетімізді, өзгеге ұқсамайтын әдебиетімізді түсінеді. Жырдың шетелге таралуының бір өзегі «Қыз-Жібек» киносы екені рас. Бұл шығармаға қызыққан шетелдік ғалымдар мен ізденушілер жырды оқып, фильмді көріп, екеуін салыстыра зерттей алады. Айтпақшы, «Қыз-Жібек» фильмінің әуелгі аты «Аққу» болған. Осыдан кейін сіз наурызда жауған ақша қарды, айдында аңғал қалпымен жүзген аққуды, асқақ үмітімен ақ махаббатын күткен Жібек сұлуды көз алдыңызға елестетіңіз, сонда бәрі түсінікті болады.