• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2024

Жаңа Су кодексінің артықшылығы қандай

98 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі – Үкімет, министрлік, өзге де мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті уәкілетті органдардың құзыреттерін мұқият реттейді. Бұл – су ресурстарын басқару ісін үйлестіруді жақсартуға ықпал етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, негізгі жаңашылдықтардың бірі – су нысандарының жай-жапсары туралы деректердің мониторингін және есепке алынуын қамтамасыз ететін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің құрылғаны болып отыр. Аталған жүйе суды пайдалануды бақылау және шешім қабылдау үшін қажетті ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бас жоспарын және бассейндік жоспарын жасау талабы пайда болды, бұл – әр аймақтың ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Бас жоспардың қорытындылары мен ұсынымдары мемлекеттік жоспарлау кезінде ескерілетін болады. Бұл су шаруашылығы бассейндері деңгейінде ресурстарды неғұрлым ұтымды бөлуді қамтамасыз етуге арналған халықаралық стандарт.

Жаңа Су кодексінде су объектілерін қорғау нормалары да енгізілді. Атап айтқанда, шағын су қоймалары, сулы-батпақты жерлер, мұздықтар  қарастырылған. Алғаш рет экожүйелер мен биоәртүрлілікті сақтау үшін маңызды болып табылатын шағын су объектілерін қорғау іс-шаралары егжей-тегжейлі сипатталған. Сонымен бірге «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі, бұл – су объектілерінің экожүйелерін сақтау үшін судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі, сарқылудан және басқа да жағымсыз салдардан қорғайды.

Су кодексінің жаңартылған жобасы елді мекендердегі сумен жабдықтау, су бұру және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп үшін суды пайдаланудың қатаң нормаларын белгілейді. Сондай-ақ құжат су объектілерін қорғау жөніндегі іс-шараларды едәуір кеңейтеді және суды пайдалануды реттеуді жетілдіреді.

«Жаңа Су кодексі жобасының негізгі мақсаты − экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаны сақтауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және оны қолдау болып табылады. Құжат – климаттың өзгеруіне бейімделуге және суды үнемдеу принциптерін енгізуге баса назар аударады. Алғаш рет жерасты және жерүсті суларын кешенді пайдалану қағидаты енгізілді, бұл – Қазақстанның су объектілерін біртұтас жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», деді министрліктің Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.