• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 08:52

АҚШ соты Рауль Кастроға ең ауыр жаза түрін тағайындауы мүмкін

АҚШ-тың Әділет министрлігі Кубаның бұрынғы көшбасшысы Рауль Кастроға сырттай айып тағылғанын хабарлады. 94 жастағы Рауль Кастро және тағы бес адам америкалық азаматтарды өлтіру, кісі өлтіруге сөз байласу және бейбіт ұшақтарды жою бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс 1996 жылғы 24 ақпанда болған оқиғаға қатысты қозғалған. Сол кезде Куба әскери ұшақтары АҚШ-тың гуманитарлық ұйымына тиесілі екі азаматтық ұшақты атып түсірген.

Тергеу мәліметінше, ұшақтар Оңтүстік Флоридадан Куба бағытына ұшып шыққан. АҚШ тарапының мәлімдеуінше, Рауль Кастроның бұйрығымен кубалық жойғыш ұшақтар ескертусіз бейбіт мақсаттағы Cessna ұшақтарына әуе зымырандарын атқан. Оқиға салдарынан төрт АҚШ азаматы қаза тапқан.

АҚШ Әділет министрлігі Рауль Кастро мен тағы үш айыпталушыға өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Соңғы уақытта АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас қайта шиеленісе түсті. АҚШ президенті Дональд Трамп Кубадағы қазіргі билікті «жаудың әскери күштеріне пана беретін мемлекет» деп атап, елдегі режимді өзгерту қажет екенін айтқан.

Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель арал мемлекеті ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеп, Трамп саясатын «геноцидтік блокада» жүргізіп отыр деп айыптаған.

Қазіргі кезде Кубада энергетикалық дағдарысқа байланысты наразылықтар жалғасып жатыр. Сарапшылар жағдайдың ушығуына АҚШ санкциялары мен отын тапшылығы әсер еткенін айтады.

Соңғы жаңалықтар