Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мәдениет – мемлекеттілігіміздің рухани тірегі, халқымыздың тарихи санасы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып, елдің рухани тұтастығын бекемдейтін қуатты күш. Бүгінде жаңа Конституция аясында мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияға айрықша мән беріліп отыр. Бұл мәдениет саласының алдына жаңа міндеттер қойып, дамудың тың мүмкіндіктерін ашты. Ендігі мақсат – бай мұрамызды ұқыпты сақтаумен қатар, заманауи форматтарды, цифрлық шешімдерді, креативті индустрияларды және көрерменмен, оқырманмен, жалпы жұртшылықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін батыл дамыту», дейді министр.
Аида Балаева өз сөзінде Мемлекет басшысы мәдениет саласын өркендетуге, шығармашылық адамдарына қолдау көрсетуге және саланың инфрақұрылымын нығайтуға ұдайы ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
«Осы жүйелі саясаттың нәтижесінде соңғы жылдары мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға, өңірлердегі мәдениет мекемелерін дамытуға және азаматтардың мәдени игіліктерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылды. Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл олардың қоғамдағы орнын нығайтып, қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға мүмкіндік ашты», дейді Балаева.
Министрдің айтуынша, өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөндеуден өткен. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Цифрлық даму бағытында да нақты нәтижелер бар. Бүгінде E-Museum платформасы 284 музейді біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D-артефактіні қамтып отыр.
Аида Балаева: Мәдениет саласы креативті индустриялардың қозғаушы күшіне айналды
Министр 600 мәдениет қызметкері қатысқан «Мәдениет және инновация» форумы саланың зор әлеуетін, мамандардың жаңаруға дайын екенін білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ мәдениет саласы бұрынғыдан да ашық, жаңашыл әрі халыққа жақын бола түскенін айтты.
«Осы мерейлі күні мәдениетке күн сайын адал қызмет етіп жүрген барша азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Артистерге, музыканттарға, кітапханашыларға, музей және архив қызметкерлеріне, режиссерлерге, суретшілерге, хореографтарға, сахна майталандарына, педагогтерге, техникалық мамандарға және еліміздің рухани байлығын сақтап, дамытып жүрген барлық сала өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз ұлттың руханиятын байытып, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырады, ел бірлігін нығайтады және Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттыра түседі», деді Аида Балаева.
Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия саны екі есе артады