• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Есірткі Бүгін, 09:33

Ел аумағында ірі көлемде есірткі тасымалдаған күдіктілер қолға түсті

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ел аумағында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтті. Мамыр айының екінші онкүндігінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністері бірқатар өңірде синтетикалық есірткінің аса ірі партияларын таратудың жолын кесті, деп жазады Egemen.kz.

Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында қала тұрғыны ұсталып, одан екі килограмнан астам альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Күдікті кінәсін мойындаған.

Сондай-ақ мегаполисте тағы бір азамат қолға түсті. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде шамамен бір килограмм синтетикалық есірткі мен психотроптық әсері бар дәрілік заттар табылды.

Есірткі ұсынып, бірге кетуге көндірген: Алматыда жасөспірім қызға тиіскен ер адам іздестіріліп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында интернет-дүкен кураторының тапсырмасымен өңірлерге есірткі тасымалдаған Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Күдіктіден екі килограмнан астам есірткі тәркіленді.

Ал Қарағанды облысында Алматы – Екатеринбург тасжолымен ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тасымалдаған күдікті қолға түсті. Автокөлікті тінту кезінде бір килограмм альфа-PVP синтетикалық есірткісі анықталған.

ІІМ мәліметінше, тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 6 килограмнан асты. Бұл заңсыз айналымға түсуі мүмкін 18 мыңнан астам бір реттік дозаның жолы кесілгенін көрсетеді. 

«Осылайша мыңдаған жастың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алдық. Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір басқа да қатысы бар адамдарды анықтау бағытында жедел-тергеу шаралары жалғасып отыр. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жазғы демалыс қарсаңында жастарды есірткі таратып, «жеңіл ақша» табуға үндейтін жалған ұсыныстарға алданбауға шақырамыз. Қылмыстық топтар мұндай адамдарды тек «шығын материалы» ретінде пайдаланады. Өз болашағыңыз бен жақындарыңыз туралы ойланыңыз», деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.

Бұған дейін есірткі бизнесімен айналысқан 76 шетелдіктің ұсталғаны туралы хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар