• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Инвестиция 14 Қараша, 2024

Серіктестік құқы қорғалды

104 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы прокуратура органдарына кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын сүйемелдеу міндетін жүктегелі бұл бағытта нәтижелер байқалып жатыр. Бір ғана Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан бері инвесторлардың 1 трлн теңгеден асатын проблемалық кейсіне рұқсат берілді. Инвесторлар бұл оң тәжірибе алдағы уақытта жалғасын тапса екен деген ниетте.

Мұндай сүйемелдеуге ие болған инвестордың бірі – Екібастұз өңірінде жаңа ферроқорытпа зауытын салып жатқан «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС. Инвесторлар жобаға 92 млрд теңге инвес­тиция құйған.

«Павлодар өңіріндегі жаңа ферро­қорытпа зауытының құрылысы тәмам­да­луға жақын. Қазіргі уақытта іске қосуға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жылына 240 мың тонна ферроқорытпа беретін өндіріс орнының өнімі 100 пайыз экспортқа бағытталған. Өнімді 52 мемлекетке, соның ішінде Еуропа, Америка, Оңтүстік Азия елдеріне жіберу көзделіп отыр», дейді «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС бас директоры Мадияр Данияров.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта прокуратураның инвестициялық кейстер мәселесін шешумен белсене айналысып жатқаны инвесторларды айрықша қуантып отыр. Инвестициялық жобаларда қандай да бір мәселе кезіксе, барлық мүдделі тарапты, мемлекеттік органдарды ашық алаңға шақырып, өзекті мәселелердің түпкілікті шешілуіне ықпал етеді.

«Біздің жобамыз аса ауқымды болғандықтан, зауыт құрылысы барысында көптеген мәселеге кезіктік. Мысалы, болашақ өндіріс орнына теміржол құрылысын жүргізу керек болды. Бірақ ол бастапқыда өте баяу жүрді. Прокурорлар араласқан соң, мәселе жылдам шешіліп кете барды. Енді бірде құрылғыларды жеткізіп, орнатып беретін шетелдік мамандардың елімізге уақытында келіп-кетуіне қатысты проб­лемалар туындады. Шеттен келетін мамандардың елде болуына қатысты белгілі бір мерзім мен ресімдер бар. Бізге әкелінетін құрал-жабдық көп болғандықтан, оларды құратын шетелдік мамандар саны да ауқымды. Олар бойынша тиісті органдарға жіберген өтініш, хаттарымыз жатып қалмай ма, жабдықтарымыз тұрып қалмай ма деген қауіппен прокуратураға хабарластық. Құзырлы орган мамандары жедел түрде тиісті мекеме мен ұйымдар өкілдерінің басын қосып, ортақ мәміле жасалды. Сөйтіп, шақыртқан мамандарымыз уақытында келді», дейді М.Данияров.

Кәсіпорын басшысы инвестиция саласында біраз жыл әрекет етіп келе жатқанын, бұл тарапта шетелдік инвесторларға да қолұшын созғанын атап өтті. Енді бұл іске прокуратураның араласуы инвестициялық жобалардың жылдам жүруіне ықпал етіп отырғанын жеткізді. Айтып өтейік, «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС-ға қарасты зауыт биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, онда 800-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады деген жоспар бар.

Облыстық прокуратура өкілдерінің сөзіне құлақ түрсек, бизнеске келтірілетін кедергілер әртүрлі. Көбі заңнамаға қатысты. Жасанды кедергілер ойлап табу, бюрократтық іс-әрекет немесе жауапты органдардың әрекетсіздігі (құлық­сыздығы) инвесторларды құзырлы орган­дарға шағымдануға мәжбүр етеді.

«Павлодар облысы прокуратура орган­дарының қадағалау қызметі бары­сын­­да жыл басынан инвесторлардың 22 проблемалық кейсіне рұқсат берілді. Олар бойынша жалпы инвестиция сомасы 1 трлн теңгеден асты. Өтініштердің басым бөлігі жер, сәулет-қала құрылысы заңнамасын бұзу және техникалық шарттарды алу мәселелерімен келіп түсті. Негізінен прокуратура органдарына Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан инвесторлар жүгінді», деп хабарлады өңірлік прокуратура.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы