Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Бас прокурор Берік Асыловпен бірге құрылысы толық аяқталған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы әйгілі стадионды аралап көрді, деп хабарлайды Egemen.kz
Бұған дейін 25 мамырға жоспарланған техникалық ашылу рәсімі жаздың басына ауыстырылды. Қазіргі уақытта нысан №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің балансына беру үшін заңдық рәсімдерден өтуде.
Стадионның толық ашылуы Қазақстан жасөспірімдер футбол чемпионатының басталуымен тұспа-тұс келеді. Турнирде елдің ең мықты 15 командасы бақ сынайды.
Жаңартылған спорт кешенінің аумағы шамамен 19 мың шаршы метрді құрайды және 3600 көрерменге арналған. Нысан UEFA-ның 4-санатына толық сәйкес келеді.
Тарихы 1936 жылдан бастау алатын стадионды жаңғырту жұмыстарына 17 млрд теңге жұмсалған. Айта кетейік, бұл қаражат мемлекетке қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен арнайы мемлекеттік қордан бөлінген.