Батыс Қазақстан облысында жіті респираторлық вирусты инфекциялардың эпидемиялық жағдайы өткен жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға төмендеген.
Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев хабарлады. Оның айтуынша, 1 қазаннан бері өңірде ЖРВИ-дің 21 089 жағдайы тіркелген.
– Ауырғандардың басым бөлігі, яғни 14 713 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар, соның ішінде 173 сәби – 1 жасқа да толмаған. Жүктілігіне байланысты есепте тұрғандардың арасында 31 әйел ауырған. Сондай-ақ облыста осы диагнозбен тіркелгендердің 714-і – оқушылар, – дейді Нұрлыбек Ермекұлы.
Елімізде Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылы жариялаған бұйрығы бар: егер тәрбие және білім ұйымдарында вирустық инфекциялармен ауырған оқушы саны 30%-дан артса, оқу үдерісі уақытша тоқтатылады. Мұндай аурулардың қатарына жіті респираторлық, тұмау және олардың асқынулары, менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек, скарлатина секілді қауіпті жұқпалар енгізілген. Бір тәуірі, биылғы эпидемиялық кезеңнің басынан бері мұндай жағдай тіркелген жоқ.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық нақылы. Тұмауға қарсы егу өңірде 1 қазаннан бері амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін барлық медициналық мекемеде жүргізілді. Тәуекел тобына жататын адамдар, ең алдымен, медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде есепте тұрған балалар, жиі ауыратын балалар, балалар үйінің, қарттар үйінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулары бар ересектер, сондай-ақ эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен қызметкерлері вакцинацияланудан өткен.
Бүгінгі таңда облыста 68 мың адам тұмауға қарсы екпе алған. Оның 3 087-сі – созылмалы аурулары бар балалар, 21 067-сі – ересек адам, 7 947-сі – медицина қызметкері, 1 038-і – жүкті әйел, 455-і – оқушы.
Бұдан бөлек, мамандар облыста қызылша мен көкжөтелге қатысты эпидемиялық жағдай тұрақты деп сендіріп отыр. Бұл барыста сырқаттанушылық деңгейі төмендеп келеді.
«2024 жылдың 11 қарашасына дейін өңірде қызылша диагнозы 1 265 мәрте тіркелді, зертханалық, клиникалық тексеру нәтижесінде 41 рет көкжөтел диагнозы расталды», дейді Н.Мұстаев.
Қауіпті дерт тіркелген әрбір ошақта эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені өткізіледі: сырқаттармен қарым-қатынас жасаған аумақта 21 күн бойы медициналық бақылау орнатылады.
Батыс Қазақстан облысы