• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қылмыс 14 Қараша, 2024

Мал ұрлығы мазаны алып тұр

116 рет
көрсетілді

Мал ұрлығына қатысты заң кү­шейгенімен, ұры-қары­лар­дың тыйылар түрі жоқ. Көбіне төрт түлік тоғыз жолдың торабындағы ауылдардың жайылымынан, қораларынан қолды болады. Биылдың өзінде дәл осындай 26 қылмыстық іс тіркелген. Кейінгі ұрлық әлеу­мет­тік желіде кең таралып, ауылдағы ағайынды тіпті алаң­датып қойды. 40 жылқы тиеп алған «КамАЗ» жүк кө­лігі мал ұрлығын алдын алу үшін қойылған блок-бекетте құрықталды.

40 жылқыны жоқ қылған кім?

Polisia.kz порталының хабар­ла­уынша, 2 қарашада таңғы сағат 4.00 шамасында Қарағанды қала­сына кіреберісте орналасқан мал ұрлығына қарсы бекетте тұрған полиция қызмектерлері 57 жастағы азаматтың басқаруындағы «КамАЗ» автокөлігін тоқтатты. Көлік ішінде жүргізушімен қоса 57 жастағы азамат және оның 29 жастағы ұлы болды. Ал көліктен 40 жылқы анықталды. Жүргізушінің айтуынша, жылқылар 57 жастағы жолаушыға тиесілі екен, алайда тексеріс кезінде жылқы­лар­дың нақты оған тиесілі екенін анық­тай­тын құжаттары болмады. Олар жылқыларды Ақтоғай ауданына қарасты қыстақтардың бірінен қалаға сатуға әкеле жатқаны анықталды.

Жылқылардың нақты кімге тие­сілі екенін анықтау мақсатында кө­лік полиция бөліміне жеткізілді. Кри­ми­налдық полиция қызмет­керлері жылқыларды суретке түсіріп, Ақтоғай аудандық полиция бөліміне жолдап, кейін олар ауыл тұрғындары отыратын WhatsApp чатқа таратқан. Онда таратылған фотолардың нәти­же­сінде, аудан тұрғындарының жылқысын бағатын бақташы өзіне тиесілі екі жылқыны таныды. Қазіргі уақытта барлық жылқы Үштөбе ауы­лындағы үйлердің бірінің қора­сы­на түсіріліп, ол жерге полиция қызметкерлері күзет қойды. Атал­ған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары қыл­мыс­тық істің негізінде басқа да жәбір­ленушілерді және қылмысқа қатыс­ты тұлғаларды анықтау бойынша ке­шен­ді іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Сонымен, Ақтоғай жайылы­мын­дағы 40 жылқыны жоқ қылған кім? Оны тергеушілер ақ-қараны анықтап, сот үкімі бекіген соң білерміз.

 

Әккілердің әлі құрыды

2019 жылы Мем­лекет басшысы Үкіметке мал ұрлай­­тындарға жазаны күшей­ту­ді тап­сырған еді. Келер жылы Пре­зидент пәрменінен соң Қыл­­мыстық кодекске­ «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілді. Заң күші­не енген соң құзырлы органдар мал ұр­лауды кәсібіне айналдырып келген кәнігі ірі қылмыстық топтарды құ­рық­тады.

Мысалға, сондай бір қылмыстық топты ұйымдастырғанның бірі 10 жылға, оның көмекшісі 9 жылға темірторға тоғытылды. Олар төрт ай бойы мал ұрлап келген. Жаңаарқа ауданы Жеңіс ауылынан қорадан бір жылқыны қолды қылған. Қарамұрын стансасына қарасты жолдың бойынан үш жылқы атып алған. Бұқар жырау ауданынан 24 жылқыны айдап әкетіп, сойып, мал базарға құжатсыз өткізген. Павлодар облысы Ақсу қаласының маңайындағы жайылымнан 30 жылқы айдап әкеліп, жасырады. Көп ұзамай осы бір ұрлықтан соң құзырлы органдағылардың құрығына түседі. Осы секілді ірі қылмыстық топтарды жауапкершілікке қатаң тартқан соң, көп ұры-қары кідіріп қалады.

Заң күшіне енбей тұрған уақыт­та мал ұрлығына қатысты жылына 300-400-дей қылмыстық іс тір­кел­ген көрінеді. Мәселен, заң қабыл­дан­бас­тан бір жыл бұрын облыста 200-ге жуық ұрлықтың беті ашылған. Ал былтырғы көрсеткіш 42-ні құрайды.

Не десек те, полиция депар­та­менті берген мәліметке қарап, қатаң жаза, жаңа заңның әккі ұрыларды әлсіреткенін анық көруге болады.

 

Бағусыз мал – ұры олжасы

Қарағанды облысы полиция депар­­таменті криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Аслан Өскенбаев бақ­пасыз мал жиі ұрланады дейді.

– Бағусыз жүрген мал – әрине, ұрының олжасы. Осыдан екі-үш жыл бұрын облыстық мәслихат мал бағу қағидасын бекіткен еді. Содан қазір бағу­сыз мал иелеріне әкімшілік хат­тама толтырылады. Қазір осы мә­се­леге қатысты түрлі кешенді іс-шар­а­­лар қолға алынып жатыр. 2019 жыл­дан бері мал ұрлығын алдын алу үшін қойылған блок-бекеттер де өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Облы­сы­мызда дәл осындай 18 бекет бар. Әсі­ресе қыркүйек-желтоқсан айын­да тексеріс тіпті күшейеді. Мыса­лы, еш­қан­дай құжаты жоқ 40 жыл­қы тиеген «КамАЗ» жүк көлігін Оң­түстік-Шығыс ауданыдағы блок-бе­кет­­тен ұстадық. Мұнымен қоса мал базар­­ларында да блок-бекеттер бар. Түнгі екі-үштен бастап таңға дейін мал­дың барлық құжаты тексеріледі. Осы орайда мынадай мәселе барын да ай­тып өтейін. Кейбір ауылда мал басын анық­тайтын, оның сойылғанын рас­­тай­тын құжатты беретін ветеринар маманы жоқ. Болған күннің өзін­де олар сенбі, жексенбі күндері жұмыс істе­мейді. Кейбір фермерлер малын құ­жатсыз әкеледі. Содан біз ауылдың тәр­тіп сақшысына шығып, жұмысты кө­бей­­тіп аламыз. Осы мәселеге ауыл шаруа­­шылығына жауапты мамандар назар аударса дейміз, – дейді Аслан Алдан­ұлы.

Полиция подполковнигінің ай­туынша, биыл екі қылмыстық топ құрық­талды. Біреуін жылдың басында Бұқар жырау ауданында қолға түсірген. Ұйымдасқан топ төрт қораны 5-6 қойдан тонаған. Бір қорадан жылқыны жетектеп әкеткен. Бұл – Тұзды ауылында тіркелген ұрлық. Алдын ала қораға барлау жасаған олар жылқыны алып шыққан соң 15 шақырымдай ұзап кеткен. Тергеу жұмыстары нәтижесінде бір жерден ұрының табан ізі, бір жерден тек жылқының ізін аңғарған. Сөйтіп шөбі қалыңдау жерге дейін барып, ізін жасырған.

Қазан айында Бұқар жырау ­ау­данындағы жайлаудан 12 асыл ­тұ­қым­ды сиыр ұрлаған тағы бір қыл­мыс­тық топты құрықтайды. Тергеу жұ­­мыс­тары әлі жүріп жатқан соң бұл­ туралы полиция подполковнигі ашып айтпады.

 

Ветеринарлар құқығын күшейту керек

Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Ниқанбай Омарханов осылай дейді. Өйткені бұл мәселеде ветмамандар полицеймен бірігіп жұмыс істеу қажеттігін айтады.

– Мал ұрлығының басты себеп­тері­нің бірі – ұйымдасқан мал ба­ғы­мының жоқтығы. Әрине, бұл жерде шаруа қожалықтары өз малын бағады, қадағалайды. Көбіне ұрланатын – шағын шаруа иелерінің малы. Әсіресе жекеменшіктегі жылқы малында, біріншіден, есеп жоқ, екіншіден, жыл он екі ай иесіз жүреді. Малы жоғалса, қашан жоғалғанын да білмейді. Уақыт оздырғаннан кейін полицияға хабарласып жатады. Немесе полиция өзі келіп айтқанда ғана біліп жатады. Мал ұрлығының тағы бір себебі – нақты есептің жоқтығынан. Бұл да негізінен үй шауаршылықтарына байланыс­ты. Қазір әкімдер мал есебіне жа­уап бермейді. Ауыл әкімінде ветеринар маман жоқ. Қысқартылған. Тек ИСЖ арқылы сырғалау, таңбалау, чиптеу ерікті түрде жүргізіледі. Жеке шаруашылықтар малын жасырады. Үшіншіден, қаладағы базарлардың ет алуында есеп жоқ. Етті көтерме бағада өткізеді де кете береді. Осы орайда облыстық ветеринарлық аумақтық инспекцияның жұмысы әлсіз. Өйткені олар заң аясынан шыға алмайды. Яғни арнайы статусы бар базарларды болмаса, ет сату орындарын қадағалай алмайды. Сондықтан полиция мен ветеринарлық инспекция бірге жұмыс істеуі керек. Бұған ветинспекциядағылардың құқы­ғын ұлғайтып, заңға өзгеріс енгізу керек, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

 

Жаңа әдістемелік жұмыстың жүгі

Жақында Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды акаде­миясының ғылыми зерттеу институтының Ішкі істер орга­нын­дағы тергеу қызметінің проблемаларын зерттеу орталығы мал ұрлығын тер­геу бойынша әдістемелік ұсыным әзір­леген еді.

– Қазір мал ұрлығы өршіп тұр. Осыған байланысты академияның ғылыми-зерттеу орталығындағы ғалымдар мал ұрлығына қарсы күресте тергеу тиімділігін арттыру үшін тергеушілер мен жедел уәкіл қызметкерлеріне арнап әдістемелік ұсынымдар дайындап шықтық. Мұндай ұсынымдар Ішкі істер министрлігінің пәрменімен еліміздің өңір-өңірлерге таратылып, полиция қызметкерлеріне басшылыққа алу мақсатында жасалады. Өйткені мал ұрлығы азаймай отыр. Осыған байланысты мал ұрлығын тергеу және ашу әдiстемесiн жан-жақты дайындаудың қажеттiгi – өзекті де зәру іс, – дейді әдістемелік ұсынымды әзірлеген орта­­­лықтың қызметкері, полиция под­­пол­ковнигі Динара Төлебаева.

Полиция департаментіндегілерге ұсы­нылған әдістемелік жұмыста тер­геу­шінің мал ұрлығы туралы істер бо­йын­ша қажетті тергеу әрекеттерін ұйым­дастыру, жүргізу кезінде еске­рі­­луге тиіс іс-қимылдарының ал­го­­ритмі бар. Мұнымен қоса сотқа де­йінгі тергеп-тексеру органының іс-әре­кеті мал ұрлығының мән-жайын, куә­герлердің айғақтары негізінде кү­дік­тілерді анықтауға, ұр­ланған мал­ды өткізген жер, оларды уақыт­ша қама­ған орындарды қалай ашу жө­­нінде нұсқаулар ұғынықты көрсе­тіл­ген.

Бұдан біз әдістемелік ұсынымның мал ұрлығын ашу үшін атқаратын маңызын аңғарып отырмыз. Ол да болсын ұрылардың түрлі тәсілін әшке­релей отырып, қылмысты ашу­ды жеңілдетіп, келе-келе қарақ­шы­лардың мүмкіндігіне мұрша бер­мейді. Мінеки, жаңа әдістемелік ұсы­ны­м­ның осындай жүгі бар.

 

P.S. Бүгінде қолданыстағы «чиптің» көмегі мол дейді мамандар. Бағасы түрлеріне қарай – 70, 80 мың теңге. Үйіріңіздегі айғырдың немесе бас білетін жылқының мойнына тре­кер арқылы орнату қажет. Сосын ұялы телефоныңызға қосымшасын жүктеп, кар­та­ның көмегімен қайда жүргенінен хабардар боласыз. «Көбісі, қымбатсынып, мақұл көрмейді. Десек те, біраз шаруа қожалығының иелері игілігіне жаратып отыр. Құ­рылғы арқылы мал ұрлаған қылмыскерлерді ұстау оңайға соғады», дейді Аслан Алданұлы.

Ұры айтып келмейді. Қораңызға құлып салғанды әдетке айналдырған жөн. «Ел ішіндеміз ғой» деген жалған сенім опық жегізбесіне жоғарыдағы көрсетілген қылмыскерлердің фактісі кепіл.

Кемеңгер Абайдың «Қазақтың міні – мал ұрлығы» деген сөзі өміршең секілді көрінеді. Бұл мәселенің әлі де қоғам қотыры болып отырғаны ауылдағы ағайынды қынжылтады. 

 

Қарағанды облысы