• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Қараша, 2024

Өнеркәсіп қуатын арттыру міндеті

99 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Саланы дамыту еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға, технологиялар мен капитал тартуға, сондай-ақ экономиканың жаңа секторларындағы жеткізу тізбегіне қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ЖШС, «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК компанияларының басшылары баяндама жасады.

Елімізде бериллий, скандий өндіретін әлемдегі толық циклді үш зауыттың бірі, сондай-ақ тантал мен ниобий өндіретін жаһандық төрт өндірістің бірі орналас­қан. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәлімдеуінше, отандық металлургия зауыттарында висмут, сүрме, селен және теллурид өндіріледі. Алюминий тотығынан галлий, полиметалл шикізатынан индий алу технологиясы бар. Биылғы қараша айында Алматы облысындағы қуаты 3,3 млн тоннаға дейін жететін Бұғыты кен орнында вольфрам концентраты өндірісі іске қосылды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы құны 350 млн долларды құрады.

Премьер-министрге сондай-ақ вольфрам кенін игеру және шикізатты аммоний паравольфрамат дайын өніміне дейін өңдеуді тереңдету, магниттер өндірісі бо­йынша кластер құру саласындағы перспективалы жобалар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды.

Батарея материалдарын, тұрақты магниттерді өндіру, ресайклинг әдісі және ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру секторларын дамытуға назар аударылды. Қажетті металдарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, әлемдегі ең ірі Сарытоған кен орындарының бірінде дайын өнімге жеткізумен графит концентратын өндіру жоспарланып отыр.

2024 жылдан бастап марганец сульфаты моногидраты шығарылады, ол әлемдік нарық­тың 5%-ын қамтиды. Сондай-ақ Германияның «Bergbau AG» компаниясымен литий кен орындарын игеру бойынша жобалар іске асырылып, Кореяның «KIGAM» институты Шығыс Қазақстан облысында литийге геологиялық-геофизикалық зерттеулер жүргізуді қолға алды. Сонымен қатар рений, тантал, вольфрам, никель және кобальт металдары негізінде реактивті авиақозғалтқыштар құнының 50%-ына дейін құрайтын ыстыққа төзімді никель қорытпаларын өндіру жоспарланған. Бүгінде елімізде авиақозғалтқыш қалақ­тарының сынықтарын қайта өңдеу жолға қойылған.

Олжас Бектенов отандық компаниялардың геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, оның ішінде инвестицияларды одан әрі тарту үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бөлігіндегі әлеуетін атап өтті. Мұндай тәсіл еліміздің сирек және жерде сирек кездесетін металдарының әлемдік өндірісіндегі үлесін кеңейтуге мүмкіндік береді. Премьер-министр Үкімет отандық ғылыми-зерттеу институттары мен өндірушілерге қолдау көрсететінін атап өтті.

Сирек және жерде сирек кездесетін металдар өнеркәсібін дамыту отандық қаржы инсти­туттарының белсенді қатысуын талап етеді. Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, шикізат өндіруден бастап терең өңделген өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбектің толық циклі бар кластер құру үшін модель әзірлеу тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық геологиялық қызмет базасында халықаралық аккредиттелген зертхана құру мәселесін пысықтау жүктелді, бұл жергілікті кәсіпорындарға жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес болуға мүмкіндік береді.