• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2024

«Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесі оң бағаланды

89 рет
көрсетілді

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) еліміздегі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға 2 миллиард еуро­дан астам қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ЕҚҚДБ өкілдерінің Қазақстанға екі күндік сапары барысында белгілі болды.

Банк басшысы Одиль Рено-Бассо Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кез­де­суінде ел Үкіметінің Қазақс­тандағы инвестициялық ахуал­ды жақсарту, 2029 жылға қа­рай ІЖӨ-ні екі есеге арттыру мақ­сатында экономикалық реформаларды жеделдету жө­нін­дегі бастамалары жөнінде оң пі­кір білдірді. Рено-Бассо ханым сондай-ақ Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысына қатысты.

ЕҚҚДБ алдағы 5 жылда елі­­­міздің энергетика және ком­­му­налдық секторын жаң­­ғ­ыр­ту жөніндегі ұлттық жобасына кемінде 2 мил­лиард еуро инвестициялауға дайын.

ЕҚҚДБ президенті жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін ұлттық желі инфрақұрылымына одан әрі инвестиция құюдың маңызды­лығын атап өтті және банктің «Батыс аймақты қосу» жобасын жүзеге асыру үшін Қазақстан электр желілерін басқару компаниясымен (KEGOC) жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Банк «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу ережесіне, оның «KEGOC» АҚ жобасына қолдануға мүмкіндік бере­тін ашықтығына оң баға берді. ЕҚҚДБ стратегиялық ин­вес­тициялық жобаларды іске асыру, қордың тауарлар мен қызметтерді сатып алу тәжірибесін банктің тиісті ережесімен, осы саладағы озық әлемдік тәжірибемен одан әрі үйлестіру үшін «Самұрық-Қазына» компаниялар тобымен тығыз жұмыс істеуді жалғас­тырмақ.