Облыс прокуротурасының мәліметіне сәйкес, өңірде кейінгі үш жыл ішінде қылмыс деңгейінің біршама төмендегені байқалады. Алайда ұрлық-қарлық, алаяқтық сияқты қылмыс түрлері бәсеңдемей тұр.
Бақылау орындары жария еткен дерекке сүйенсек, облыс көлемінде меншікке қарсы жасалған әрбір екінші қылмыс алаяқтыққа жатады екен. Әсіресе интернет алаяқтық өршіп тұр. Аталған қылмыстың деңгейі 12 пайызға өскен.
Облыс прокуроры Берік Әбіловтің төрағалығымен өткен қадағалаушы органдардың кеңейтілген алқа отырысында ұрлық пен алаяқтықтың алдын алу мен аталған қылмыс түрлерін ашу жолдары талқыланды. Жиында алаяқтарға алданған азаматтарға, бизнес нысандарына 1,6 млрд теңге, оның ішінде интернет-алаяқтықтан 116 млн теңге залал келгені айтылды. Мәселен, жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 135 дерегі анықталып, 40 күдікті ұсталған. Сондай-ақ алаяқтық әрекетке қатысы бар 3 дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 10 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталған.
Бүгінде өңірде аталған қылмыстың алдын алу шаралары жүріп жатыр. Көпшілік орындарда жұртты алаяқтардан сақтануға үндеген билборд, led-экрандар көбейді. Қала көшелерінде тұрғындарға осы мазмұндағы буклеттер мен парақшалар таратып жүрген белсенді жастарды да жиі ұшыратасыз. Құзырлы орындардың өкілдері түрлі еңбек ұжымдарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Прокурорлардың айтуынша, сот арқылы дропперлерден азаматтық тәртіппен мүліктік залал өндіріп алу тәжірибесі қалыптасқан. Мысалы, биыл 36 дропперден 71 млн теңге сот арқылы өндіріліп алынған.
«Облыс әкімдігі алаяқтыққа қарсы күрес шараларына материалдық-техникалық тұрғыдан барынша қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, Полиция департаментінің «Киберпол» бөлімшесін арнайы бағдарламамен қамтамасыз етті», дейді прокурорлар.
Алқа жұмысының қорытындысында облыстың қадағалау орындары мен құқық қорғау органдарының алдағы уақытта алаяқтыққа қарсы бірлесіп атқаратын іс-шаралары айқындалды.
Қостанай облысы