Аталған шараны «Парасат» жүйелі зерттеулер институты Әзербайжан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Отырысты «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия ашып, сарапшылар басқосуының Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары қарсаңында маңызды екенін айтты.
«Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастары сәтті және динамикалық тұрғыда дамуда. Біздің елдеріміз халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқан. Тұрақты негізде екі мемлекет басшыларының өзара іссапарлары ұйымдастырылып, екі жақты қатынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастық перспективалары талқылануда», деді Нұрсұлтан Ахмедия.
Әзербайжан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Фархад Мамедов «екі мемлекет басшылары арасында жоғары деңгейдегі саяси сенім орныққандығын» атап көрсетті. Сондай-ақ, Фархад Мамедов Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсас екеніне тоқталды.
Айта кетейік, екі ел арасында мәдени байланыстар үлкен маңызға ие. Халықаралық түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев Қазақстан және Әзербайжан түркі мемлекеттері ретінде түркі халықтарының бірегейлігін дамытуға ұмтылатындығын жеткізді.
Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Найля Әлмұхамедова: «Соңғы 10 жылда Қазақстан мен Әзербайжанның сауда байланыс-
тары айтарлықтай нығайды. 2016 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы 136,8 млн АҚШ долларын құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсті», деді.
Қазақстан Әзербайжанға темір жол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, текстиль өнімдері мен электр құрал-жабдықтары құрайды.
Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Расим Мұсабеков өз сөзінде екі ел үшін өзекті мәселелерді сөз етті. Оның ішінде әлемдік қауіпсіздік, Қазақстан Президентінің ядросыз әлем бастамасы, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, ислам джихадизмі, Астана мен Бакудің үнқатысу алаңы ретіндегі рөлін ерекше атады.
Кездесу қорытындысында қазақстандық және әзербайжандық сарапшылар 25 жыл ішінде екі мемлекет тығыз әріптестік қатынастарды қолдайтындығын және Еуропа мен Азия арасындағы белгілі бір «көпір» екендігін атады.