Тауық жылында облыс бойынша 168,7 мың гектар жерге дән түседі деген жоспар бар. Оның ішінде 84,5 мың гектарға дәндi дақылдар, 7,4 мың гектарға майлы дақылдар, 60,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 16,7 мың гектарға картоп, көкөнiс, бақша өнімдері егілмекші. Дария бойындағы елдің негізгі дақылы күрiштің көлемі 78,4 мың гектар болмақ. Сонымен қатар, былтырғы күзде қызылордалық диқандар 3089 гектар жерге күздік бидай егіп тастаған еді. Бүгінде егіс жағдайы жақсы деп отыр шаруалар.
Шаруақор жұрт аман болса, егін егілер-ау. Бірақ жерге түскен дүниенің өнімді болмағы тұқымына тікелей байланысты емес пе? Оның жайы қалай? 2017 жылдың егісіне 612 тонна күздік бидай тұқымы дайындалып, егілді дедік. Ал көктемгі дала жұмыстарына 484 тонна жаздық бидай, 20,0 тонна арпа, 147,5 тонна мақсары, 223,5 тонна жоңышқа дап-дайын тұр. Ал күріштің 23 355 тонна тұқымы қамбада жатыр. Онда «Маржан», «Янтарь», «Лидер», «Анаит», «КазЕр-6», «Новаторь», «Фаворит», «Айсәуле», «Титаник», «КазНИИР-5» секілді күріш сорттары сұрыптан өткен. Минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындау мәселесі де жан-жақты шешіліп қойған. Аммоний сульфаты, карбамид, аммофос, аммиак селитрасы, фосфорит ұны мен байытылған суперфосфат сияқты тыңайтқыштар дайын. Шаруа шаршаусыз тіршілікке кірісіп кетіпті. Тұқымыңыз толық дайын екен. Минералды тыңайтқыштан да мәселе жоқ көрінеді. Ал енді техника мен жанар-жағармайдың жағдайы қандай?
Осы қаңтар айындағы есеп бойынша облыстағы шаруашылықтардың қолында 1830 трактор, 491 соқа, 245 тұқымсепкіш, 394 автокөлік және 905 трактор тіркемесі бар. Бұлардың бәрі тыңғылықты тексерілген, жұмысқа жарамды. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 14 мың тонна дизель отыны қажет дейді мамандар. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей араласуымен Энергетика министрлігі тарапынан көктемгі дала жұмыстарын дизель отынымен қамтамасыз ету кестесі бекітілді. Соған сәйкес, наурыз айында 3,5 мың тонна, сәуір айында 4,8 мың тонна, мамыр айында 5,7 мың тонна дизель отыны жеткізіледі. 1 литр дизель отынын шаруашылықтарға жеткізіп беру құны 123 теңгені құрамақ. Қазіргі уақытта наурыз айына бөлінген 3,5 мың тонна арзандатылған дизель отынына толық қаржы аударылып, оның 2680 тоннасы аймаққа әкелінді. Шаруашылық құрылымдарында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге өз қаражаты есебінен 1500 тонна дизель отыны, 1186 тонна бензин, 384 тонна дизель майы дайындалды.
Көктемнің басында арнасын кернеп ағып жатқан дария егіс жұмыстары басталғанда сараңдық танытатын әдет бар еді. Биыл судан проблема болмай ма екен? 20 наурыздағы дерек бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 938 текше метр су келуде. Қоймадағы су көлемі 4,5 миллиард текше метрді құрап, төменге секундына 850 текше метр су жіберіліп отыр. Бүгінде Шардара мен Көксарайда 7,3 миллиард текше метр су жиналып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2 миллиард текше метрге артық. Көктемгі су тасқынына сәйкес, барлық аудандар мен Қызылорда қаласының су шаруашылығы нысандарын дайындау жоспары жасалынған. Атап айтқанда, күз-көктем айларында шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық су жүйелерін тазалау, гидротехникалық құрылыстарды, насос қондырғыларын және гидробекеттерді жөндеу, егістік жерлерді ылғалдандырып, шабындық жерлерді суару жұмыстарының көлемі белгіленді. Яғни, биыл судан да аса таршылық көрмейміз деген сөз. Әңгіменің аяғына қарай субсидия мәселесіне аз-кем аялдап кетейік. Биылдан бастап «гектарлық» субсидия деген дүние тоқтатылатын болды. Оның орнына мемлекеттік қолдаудың басқа механизмдері мен түрлері енгізіледі. Күрішке келетін болсақ, облыстың өзіндік ерекшіліктеріне байланысты күрішті жергілікті бюджет есебінен гектарлы субсидиялау Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліпті. Сондай-ақ, мұндай тәсіл жоңышқаға да қолданылады. Тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын субсидиялау мөлшері нарықтық бағаның 50 пайызын құрамақ. Элиталық және бірінші репродукциялық тұқымдар да субсидияланады. Суармалы суға субсидия төлеу жеңілдейді және жылыжайда өсірілетін көкөністерді қолдау бұрынғы күйінде қалмақ. Қысқасы, биылғы егіс науқанына Қызылордаңыз дап-дайын. Енді жасалатын жұмыстың берекелі болуын тілейік.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы