«ШЫҰ өкілдерінен құралған делегация көрмедегі өздеріне тиесілі орындарды тамашалап, ондағы жұмыстарға оң бағасын бергенін айтуымыз керек. Олар Бірыңғай қызмет көрсету орталығына да ат басын бұрып, көрсетілетін сервистердің бағыт-бағдарын да көздерімен көрді. Мұнда көші-қонды тіркеу, салықтарды қадағалау сияқты бірнеше мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Жұмыс барысы заман талабына сай – «бір терезе» қағидатымен жүзеге асырылады», деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Сервистік қамтамасыз ету департаментінің директоры Диас Әзбергенов.
Компания өкілінің айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық шарасына қатысуға келісімдерін растаған 115 мемлекет павильондарын керек-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Бүгінге дейін қалашыққа 650 тоннадан астам жүк түсірілген. Ал қатысушы мемлекеттер еншісіне тиген орындарға және Қазақстан тарапынан жасалған қызметтік жағдайларға ризашылықтарын білдіруде.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»