Жиынды «Астана» халықаралық қаржылық орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбек ашып, жүргізіп отырды.
Кездесуге қатысқан ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова өзінің сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып, 10 наурызда күшіне енген конституциялық реформаларды шартты түрде үш категорияға бөлу керектігін атап өтті. Олар: Парламент өкілеттігінің артуы; Үкіметтің жауапкершілігі мен өкілеттігінің өсуі; және Азаматтар құқықтарының кеңеюі; Осы үш категорияның әрқайсысы да елдің демократиялық дамуына жол ашатындығымен маңызды екендігін шешен өзінің сөзінде дәлелдеп беруге тырысты.
Сараптамалық кездесуге қатысқан ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, белгілі қоғам және ғылым қайраткерлері, сарапшылар конституциялық реформаның маңызы мен тиімділігіне тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Соның ішінде Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерінің артқандығы елімізде дамып келе жатқан демократиялық үдерістерге сай екендігі аталынып өтті. Ендігі міндет конституциялық реформаны тиімділікпен іске асырып, оны қоғам дамуына қызмет еткізуге атсалысу екендігі жеткізілді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмысы туралы да кең көлемдегі ақпараттар айтылды. Бұл институт Мемлекет басшысының бастамасымен еркін қаржылық аймақ құру мақсатымен құрылғаны сөз болып, енді оны конституциялық жаңғыруға сәйкес заңдылық тұрғыдан жетілдіру мәселесі алда тұрғаны атап өтілді. Ол шетелдік инвестицияларды тарту мақсатымен құрылған. Өзінің сөзінде Саясат Нұрбек халықаралық қаржылық орталықтар санының бүгінгі таңда артып отырғанын атай келіп, олардың арасындағы бәсекелестік те өсіп отырғанын сөз етті. Барлық елдерде шетелдік инвесторлар өздерінің инвестицияларының құқықтық тұрғыдан қорғалып, саяси тұрғыдан кепілдіктер берілуін қалайды. Біздің орталық осы талаптың үдесінен шыға білсе ғана бәсекелестікке төтеп бере алады. Сондықтан, АХҚО-ның негізгі міндеті халықаралық құқық шеңберінде инвестицияларды қорғаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз ету. Оның бұл мәртебесі Конституцияның арнайы нормасымен бекітілген, деді ол.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»