Биылғы жылдың наурызында Бейжіңде Қытай Халық Республикасының (ҚХР) ең жоғарғы мемлекеттік құрылымы әрі заң шығарушы органы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) жыл сайынғы сессиясы өтті.
Он бір күнге жалғасқан БХӨЖ 12-ші шақырылымының 5-ші сессиясында Қытай үкіметінің 2016 жылғы жұмысы туралы есебі ұсынылып, 2017 жылдың экономикалық даму жоспары жарияланды және елдегі орталық және жергілікті биліктің 2017 жылғы бюджет жоспарлары бекітілді. Жиналыстың ашылуында Қытай үкіметінің 2016 жылғы жұмысы туралы есеп берген үкімет басшысы Ли Кэцян алдымен Си Цзиньпиннің басшылығымен ҚКП Орталық комитетінің тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әлеуметтік өмірді жақсартуға күш салғанын атап өтіп, үкіметтің 2016 жылғы жұмысын қорытындылады.
Ұсынысқа негізделген құрылымдық реформалар кешенді түрде тереңдетіліп, экономиканың тұрақты өсімі үшін қажетті шаралар қабылданды. Осыған байланысты Мемлекеттік кеңес пен оның жергілікті басқармаларының атқаруына міндеттелген 165 түрлі тексеріп-бекіту қызметі, 192 түрлі дәнекерлік қызметі және 220 түрлі кәсіби біліктілікті бағалау қызметі күшінен қалдырылды. Сыртқа есік ашу жеделдетіліп, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясында қамтылған елдермен ынтымақтастық тереңдетілді және елге 130 миллион доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Екінші − белсенді қаржылық саясат жүргізілді. Бір жыл ішінде кәсіпорындарға салынатын салықтық жүктеме 570 млрд юань және пайыздық жүктеме 400 млрд юаньға қысқарды. Тұрақты ақша-несие саясаты нәтижесінде Қытайдың 2016 жылғы үлкен ақша массасы (М2) 11,3%-ға өсті.
Үшінші − «Қытайда жасалған-2025» атты бастаманың технологиялық даму стратегиясы кешенді түрде жүзеге асырылды және ұлттық деңгейде бірнеше технологиялық инновациялық орталықтар мен инновациялық қанатқақты аймақтар құрылды. Өнеркәсіп секторында артық өндіру мәселесін шешу бойынша маңызды қадамдар жасалып, жылдық көмір өндіру мөлшері 290 миллион тоннаға, ал болат өндіру 65 миллион тоннаға азайды. Төртінші – жасыл экономика тұрғысынан алғанда, таза энергия тұтыну үлесі 1,7 пайыздық тармаққа өссе, көмір тұтыну 2 пайыздық тармаққа қысқартылды. Ауаның ластануына қарсы күрес күшейтіліп, күкірт диоксиді шығарындылар 5,6%-ға, азот оксиді шығарындылар 4%-ға азайған, 74 ірі қалада ауадағы шаң-тозаң қоюлығының жылдық орташа көрсеткіші 9,1%-ға төмендеді. Бесінші – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударылып, жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін бірқатар шара қабылданды. Кедейлерге көмектесу үшін мемлекеттік бюджеттен 10 млрд юань бөлініп, 84 миллион тұрмысы төмен балаға оқу гранттары берілді. Мемлекеттік бюджеттегі білім беруге бағытталған жылдық қаражаттың үлесі 4%-дан асқан.
Қытайдың өткен жылғы экономикалық және әлеуметтік нәтижелері бірнеше түйінге жинақталды. Атап айтқанда, елдің ІЖӨ-сі 6,7%-ға артып, 74,4 триллион юаньға (шамамен 11 триллион доллар) дейін өсті және жаһандық экономикалық өсуге 30% үлес қосты. Тұтыну бағалары индексінің жылдық өзгерісі 2% болды. Өнеркәсіптік кәсіпорындарда пайданың ұлғаюы 8%-ға жетсе де, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3%-ға төмендеген. Салалық дамуда қызмет көрсету саласының үлесі 51,6% болып, тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті. Жоғары технологиялық индустрия мен технология өндірісі қарқынды өсіп, аграрлық секторда тұрақтылыққа қол жеткізілді. Жаңа құрылған кәсіпорындардың саны күніне 15 000-ға артып, жылына 24,5%-ға өскен.
Технология және инновация саласында осы жылы технологиялық сауда көлемі 1 триллион юаннан асып, технологиялық өсімнің экономикаға қосқан үлесі 56,2%-ға дейін артты.
Қалаларда жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны 13,41 миллион болса, тіркелген қалалық жұмыссыздық деңгейі 4,02%-ды құрады. Көлік инфрақұрылымы тұрғысынан алғанда, бүкіл ел бойынша жаңа 1 900 шақырым жоғары жылдамдықтағы темір жол желілері пайдалануға беріліп, 6 700 шақырымнан астам автомобиль жолдары мен 290 000 шақырым ауылдық жолдар салынды, 21 жаңа ірі гидротехникалық құрылым құрылысы басталды. Коммуникациялық инфрақұрылым жағынан 4G ұялы байланыс абоненттерінің саны 340 миллионға өсті және талшықты-оптикалық кабельдер 550 миллион шақырымға жетті.
Жан басына шаққандағы табыс 6,3%-ға артқан. Ауылдық жерлерде тұрмысы нашар халықтың саны 12,4 миллион адамға азайды және 2,4 миллион адам өмір сүру ортасы нашар жерлерден дамыған аудандарға көшірілді. Сондай-ақ, 6 миллионнан астам жаңа тұрғын үй салынып, ауылдық жерлерде 3,8 миллионға жуық адамның ескі үйі жөнделді. Урбанизация үдерісі жеделдетіліп, 16 миллионнан астам адам қалаға көшті. Биылғы жылы 120 миллион қытай азаматы шетелге саяхат жасады.
Қытай үкіметінің 2017 жылғы жұмыс жоспарын жариялаған үкімет басшысы Ли Кэцян осы жылы елде тұрақты даму мен әлеуметтік дамуды қамтамасыз етуде негізгі бағыттар бойынша ұсынысқа негізделген құрылымдық реформаларды нығайтып, қажетті технологиялық трансформация мен макроэкономикалық тұрақтылыққа бағытталған жұмыстарға басымдық беретінін атап өтті. Жоспарға сәйкес, 2017 жылы Қытай 6,5%-дық экономикалық өсімге қол жеткізу және ІЖӨ бойынша энергия тұтынымын 3,4%-ға азайту, 11 миллион жаңа жұмыс орнын ашу және елде қалалық жұмыссыздық көрсеткішін 4,5%-дан төмен деңгейде сақтау, 2016 жылмен салыстырғанда 200 млрд юаньға қысқарту арқылы бюджет тапшылығын 23,8 триллион юань деңгейінде ұстау, үлкен ақша массасын (М2) 12%-ға арттыру, ал инфляция өсімін шамамен 3% деңгейінде ұстап тұру көзделіп отыр.
Бұл 2013 жылы наурызда қызметке кіріскен БХӨЖ 12-ші шақырылымының соңғы сессиясы болды. 2017 жыл – Қытайда әрбір бес жыл сайын өткізілетін саяси биліктің жаңаратын жылына сәйкес келеді. 2012 жылдың қараша айындағы 18-ші ҚКП пленумының отырысында сайланған басшылық тобы 10 жылдық билік кезеңінің алғашқы бес жылдығын аяқтайды және жылдың соңында өтетін 19-шы ҚКП пленумында билік өзгеріп жаңартылады, сондай-ақ, 2018-2022 жылдар кезеңі үшін БХӨЖ 13-ші шақырылымының сайлауы өтеді. Осы тұрғыдан алғанда БХӨЖ 12-ші шақырылымының 5-ші сессиясында белгіленген Қытай үкіметінің 2017 жылға арналған шешімдері мен іс-шаралары өте маңызды болып табылады.
БХӨЖ 12-ші шақырылымы 5-ші сессиясының қорытындысы бойынша, Қытайдың 2017 жылғы стратегиялық басымдықтарын төмендегідей қорытындылауға болады. Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуде соңғы жылдары экономикалық өсу қарқыны баяулаған Қытай үшін экономикалық өсу тұрақтылығын қамтамасыз ету ең маңызды мақсат болмақ. Қытайдың экономикасы өткен жылы 6,7%-ға өсті, бұл соңғы 26 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Мысалы, Қытай экономикасы 2008 жылға дейін шамамен 10%-дық қарқынмен тұрақты түрде өскен болатын. Тұрақтылық пен қауіпсіздік жайына келсек, сессияда мақұлданған 2017 жылғы орталық бюджет жоспарына сәйкес, биылғы жылы Қытайдың қорғаныс бюджетінің шамамен 7%-ға артып, 1 триллион юаньға дейін өсуі, ресми Бейжіңнің ел тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне үлкен мән беретінін көрсетеді. Себебі, АҚШ президенті Дональд Трамптың билікке келуімен АҚШ – Қытай қарым-қатынастарының шиеленісе түсуі, Вашингтон мен Сеул биліктерінің Оңтүстік Кореяда THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру жоспарлары, сондай-ақ, Оңтүстік Қытай теңізі мен Корей түбегінде артып келе жатқан шиеленіске байланысты Қытай билігі үлкен алаңдаушылық білдіруде.
Ауаның ластануына қарсы күреске байланысты Қытайдың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде ауаның ластануымен күрес мәселесін атауға болады. Елдің орталық бюджеттік жоспарына сәйкес, ауаның ластануына қарсы күрес шеңберінде биыл 12 млрд юань көлемінде қаражат бөлініп, ол өткен жылмен салыстырғанда 7,3%-ға артқан. Денсаулық сақтау саласы бойынша Қытайдың 2017 жылға арналған денсаулық сақтау және отбасын жоспарлау бюджетінің 2016 жылға қарағанда 50,3%-ға өсіп, 9,116 триллион юаньға дейін артуы, Қытай үкіметінің денсаулық сақтау реформасында маңызды қадам жасай бастағанын көрсетуде. Өткен жылдан басталған «екінші бала» саясатын кешенді түрде іске асыру үшін Қытай басшылығы денсаулық сақтау реформасына да басымдық бере бастады.
Өмірбек ҚАНАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері