• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 07 Сәуір, 2017

Таиландтық кәсіпкерлердің елімізге қызығушылығы жоғары

301 рет
көрсетілді

Бангкокте Таиланд Сауда министрлігі, Таиланд өнеркәсіпшілері федерациясы және Қазақстанның осы елдегі елшілігі бірлесіп, «Қазақстан – тайландтық кәсіпкерлер үшін әлеуетті нарық» тақырыбында бизнес-форум өткізді. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Форумға таиландтық 300-ден астам кәсіпкер қатысты. Олардың арасында ауыл шаруа­шылығы, энергетика, химия өнеркәсібі, туризм, көлік-логистика, машина жасау және онлайн-сауда салаларындағы таиландтық жетекші компания­лардың басшылары болды.

Жиынға қатысушылар Қазақстан мен Таи­ланд арасындағы сауда және инвестициялық ынты­мақтастықтың негізгі векторларын, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы транзиттік хаб ретіндегі Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін, сондай-ақ, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесіне Таиланд тарапы­ның қатысуын талқылады.

Форум барысында таиландтық ресми тұлға­лар мен кәсіпкерлер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қамтылған басым бағыттар жөнінде пікір алмасты.

Қазақстанның Таиландтағы төтенше және өкілетті елшісі Марат Есенбаев еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылғанын атап өтті. «Еліміздің дамыған 50 елдің қатары­нан көрінуі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзе­ге асты. Мемлекет басшысының үшінші жаң­ғыру жөніндегі Жолдауы Қазақстанның озық 30 елдің қатарына қосылуына кеңінен жол ашады», – деген елші таиландтық іскер топ өкіл­дерін Қазақстанның жаңа экономикалық моделін жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Таиландтың Халықаралық сауданы дамыту департаменті директорының орынбасары Сомдет Сусомбоон форумда Қазақстан мен Таиланд Корольдігі өзара ынтымақтастықтың жоғары әлеуетіне ие екенін, сондықтан, екі елдің компаниялары барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, экономикалық қатынастарды нығайтуы қажеттігін сөз етті. «Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен ел Үкіметінің бизнес-климатты жақсарту бағытындағы шаралары таиландтық кәсіпкерлердің қызығушылығын оятуда», – деді С.Сусомбоон.

Сондай-ақ, Таиландтың Халықаралық сауданы дамыту департаменті директорының орынбасары үстіміздегі жылдың маусым-шіл­де айларында өз елінің Сауда министрі мен Энер­гетика министрі Қазақстанға сапармен баратыны жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жиын барысында еліміздің көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктері және транзиттік әлеуеті кеңінен таныстырылды. Онда «KTZ Express» АҚ-тың атқарушы директоры Сергей Анашкин мен «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілі Мәншүк Қуатбайқызы сөз сөйледі.

Форум аясында панельдік отырыстар ұйымдастырылды. Оған Таиланд өнеркәсіпшілері федерациясы бас хатшысының орынбасары Ашок Упата, Таиландтың шағын және орта бинесті дамыту офисі бас директорының орынбасары Аккарабхонг Срисупандит, Таиландтың туризм басқармасының директоры Иумпорн Джирагалвисул және «Index Creative Village» компаниясының атқарушы директоры Криенгкра Канчанапокин қатысты.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша, биылғы жазда сауда-инвестиция саласына қатысты таиландтық 6 миссияның (150-ден астам компания) Қазақстанға сапарын жүзеге асыруға қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді.

Айта кетейік, таиландтық компаниялар қазақстандық бизнес-қауымдастықпен тығыз байланыс орнатуға мүдделі екендерін білдіруде. Әсіресе, оларды Қазақстан экономикасына инвестиция салу және елімізге келіп бизнеспен шұғылдану мәселелері қызықтыруда.

Соңғы жаңалықтар