Қазақстан адамзаттың тағдырының ортақтастығын ұғынатын, демократия принциптерін ұстанатын мемлекеттер қатарына қосылатынын жариялады. Ел өзі басшылыққа алатын Конституциясын, заңдары мен нормативтік актілерін түгелдей халықаралық құқық нормалары мен әлемдік гуманистік принциптер талаптарына сәйкестендіруге бетбұрыс жасады.
Қазақстан шым-шытырық әлемдік күрестер, бәсекелестіктер, қауіп-қатерлер мен қайшылықтар аренасына енді. Еліміз осындай түрлі басымдықтарға тез икемделуге мүмкіндік беретін, өзінің геосаяси, геоэкономикалық мүдделеріне жұмыс істейтін көп векторлы сыртқы саясат тұғырнамасын таңдады. Көп векторлы саясат Қытай мен Ресей ортасында орналасқан Қазақстанға әлемнің АҚШ, Еуропа одағы, Жапония сияқты басым державаларымен қатынас жасауға жақсы мүмкіндіктер әперді.
Қазақстанның БҰҰ мүшелікке енуі ел халқының әлемдік демократиялық үрдістерді түсінуіне және олардың қызу жақтаушыларына айналуына көмектесті. Халық ел тәуелсіздігінің, тілінің, тарихының және территориялық тұтастығының тағдырлық маңыздылығын терең сезінетін, олар үшін күресуге қабілетті болатын дәрежеге көтерілді. Ар, дін, баспасөз, жиналыс, көзқарастарды ашық айту бостандықтары бекітілген ХVІІІ ғасырдың соңындағы 1789 жылғы «Адам және азамат құқықтарының декларациясы», БҰҰ қабылдаған 1948 жылғы «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», 1968 жылы БҰҰ қабылдаған «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт», 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қорытынды актісі» сияқты халықаралық гуманитарлық қатынастарды бекітетін құжаттарды Қазақстан Республикасы да басшылыққа алатын және орындайтын болды. Қазақстан гуманитарлық салада адам құқықтарын толық сақтайтын, қорғайтын мемлекетке айналуды міндетіне алды. Дамыған, өркениетті мемлекеттер үлгісімен бірінші орынға халықтың мақсат-мұраттары мен құндылықтары қойылды. Халыққа биліктің толықтай есепті болуы, оған қызмет етуі принципі басшылыққа алынды. Халық биліктің қайнар көзіне айналуы бекітілді.
БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолына түсті. Еліміз БҰҰ жарғысының талаптарын бұлтартпай орындауды міндеттенді. Қазақстан қандай да болмасын қайшылықтардың алдын алуды, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан мемлекетаралық шекаралардың мызғымастығын, мемлекеттердің территориялық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғылмауын жақтады. Еліміз өзінің мойнына алған халықаралық міндеттерді адал орындау, қандай да болмасын ішкі және сыртқы дау-жаңжалдарды, қайшылықтарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу, басқа мемлекеттерге қарсы күш көрсетпеу сияқты халықаралық қатынастар принциптерін басшылыққа алатын болды.
Қазақстан БҰҰ-ның кең көлемдегі әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған шараларын қолдайтындығын және тікелей қатынасатындығын растады. Ең бастысы, Қазақстан өзінің ішінде адам құқықтары мен бостандықтары бұзылмайтындығына әлемдік қауымдастықты сендірді. Еліміздің азаматтары тілдеріне, нәсіліне, дініне, саяси көзқарастарына, ұлттық және әлеуметтік жағдайына, жынысына қарамай тең құқықтарды пайдаланатындығы жарияланды. Қазақстанның өзінде адам құқықтары жөніндегі БҰҰ-ның қандай да болмасын жүргізілетін жұмыстарына жағдай жасайтындығы мәлімделді.
БҰҰ өз құжаттарында бекіткен кедейлікпен, сауатсыздықпен, аштықпен күрес жүргізуді Қазақстан өзінің саясатының негізгі басымдылығы деп таныды. Ашық қоғам жағдайында болатын ақпараттар, білімдер, ғылыми жаңалықтар, технологиялар алмасуларына Қазақстан барлық мүмкіндіктерді туғызатын болды. Бейбіт сауда, экономикалық ынтымақтасу үрдістері қуатталды. Әлемдік қоғамдастыққа Қазақстан өзін демократиялық, құқықтық мемлекет боламын деген ниетпен таныстырды.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор