Дәл қазір жұмыр жерде Сайын аға жоқ дегенге сене алар емеспін, сенбеймін де! Бір адам мәңгілік жасаса, осы Сайын аға жасайтын шығар деп жүретінбіз, мен бастаған шәкірттері – Бейсен, Амангелді, Нұрғазы, Әлібек, тағы басқа толып жатқан ұл-қыздар...
Кісілігі қандай еді Сайын ағаның?! Үлкенге кіші, кішіге одан да кіші бола алуы тұтас бір мектеп еді-ау. «Қарапайымдылықтың академигі» деуім Сайын ағаның сол ұлы қасиетіне берген бағам еді. Жан шуағы қандай қуатты, қандай мол еді! Алдына барған жанға төккен мейірімінен көз түгіл ой жетпейтін сонау алыстағы Солтүстік мұзды мұхиттың мұздары еріп жатушы еді-ау?!
Спорт журналистикасындағы өмірі тұтас бір оқулық еді. Сонау 1959 жылы қазақ елінің тарихында ашылған тұңғыш «Спорт» газетінің алғашқы санын өз қолымен шығарып, алақанында ұстап тұрды, дегеннен артық қандай тарихи адам болуы керек біздің қоғамға?! Және сол газеттен еш жаққа табан аудармай 50 жылдай (!) қызмет істеуінің өзі ерлік емей немене?! Және спортты білуі, түсінуі, сезінуі, талдауы, қорытындылауы ғажап еді ғой. Өз басым 15 жыл бірге қызмет істегенде Сайын ағадан сұрап алған ақпараттарым атан түйеге жүк болар еді бүгін. Алдымыздан талай жас журналистер өтті, солардың спорттың бір құпиясын сұрап алу үшін Сайын ағаның алдына барып кезекте тұрғанын талай көрдім. Және сұрағына жауап алмаған біреуі болған емес – Сайын аға ешкімнің шелегін бос қайтармайтын. Спорт журналистикасындағы ғажап өмірбаянымен атақты спорт жазушысы Сейдахмет Бердіқұловтың «Мұңайып оянған қала» повесіне «Ұзынтұра Сайын» деген атпен кейіпкер болған бұл жанның есімі қазақ спорт журналистикасында мәңгі өшпестей боп қалғанына ешкімнің дауы жоқ.
Бойы екі метрге таяу, ақ жүзді, сұлу мүсінді, спорт жарысы болған жердің королі Сайын аға жас кезінде талай сұлуларды телмірткен-ақ шығар. Өзі жақсы қартайды. Өле-өлгенше тұтас планетаға жылу берердей мейірімді күлкісінен айырылған жоқ. «Менің Несіпжаным», «Менің Бейсенжаным», «Менің Аманжаным» деген кезде жанында тұрсақ та, алыста жүрсек те, мұндай шексіз мейірімнен күн көзі тіке түскен балмұздақтай еріп тұратынбыз. Өзінің достары Жүсіп аға Хисымовпен, Сұлтанғали аға Қаратаевпен, Анатолий аға Пятибратовпен әзіл-қалжыңдарын жалау етіп, бірге жүрген кездері қандай ғажап сабақ еді біздерге!
Енді бүгін сол жүзін шаң басуға қимайтын Ағамызды, Ұстазымызды қара жер басқан жандар ішінде жоқ дегенге қалай сенемін, қалай көнемін! Жалған! Жалған!.. Дүние жалған! Ал Сайын аға Сүлейменұлы Тұрсынов мәңгі! Мен үшін мәңгі, өзге де шәкірттері үшін мәңгі! Ол жанды жарық дүние сыйғызбаса, мен өз жүрегімнен орын бердім! Қалған шәкірттері де солай етеріне еш күмәнім жоқ! Хош, қарапайымдылықтың академигі, спорт журналистикасының Алатауы, ұлы ұстаз Сайын аға Тұрсынов!
Несіп ЖҮНІСБАЕВ,
ардагер журналист
АСТАНА