Әлия мен Мәншүктің өшпес ерлігін қастерлеу мен үлгі тұту мақсатын көздеген турнир – «Мерген ару-2017» атауын иеленген. Жарысқа қатысушыларға командалық есеп және нысана көздеп атудан жекелей алға шыққандар бойынша арнайы марапаттар тапсырылды. Бірінші орынды шығысқазақстандық оқушы қыздар жеңіп алса, екінші орынға Қарағанды облысының жас мерген арулары көтерілді. Ал үшінші орын олардың ақтөбелік құрбыларының еншісіне тиді.
– Бұл республикалық турнир ең алдымен ерлікке толы дәстүрлеріміз бен даңқты тарихымызды тағы бір жаңғырту тұрғысынан мәнді болды деп санаймыз. Егемен елімізде дүниеге келіп, тәрбие алып, оқып жүрген бүгінгі қызғалдақтай қыздарымыз Әлия мен Мәншүк апаларына қарап бой түзесе, ой түзесе алға қойған мақсатымыздың орындалғаны. Біз республикалық турнир кезінде олардың бойынан батыр апаларына тән болған намысқойлық пен өрлікті, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілік сезімдерін көргенде кәдімгідей риза болдық. Қысқасы, турнир өзінің алдына қойған мақсатын толығымен орындап шыққаны анық, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы