• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Сәуір, 2017

Жақсыдан шарапат

351 рет
көрсетілді

Астанада «Жақсыдан шарапат» атты қайырымдылық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Көрмеге еліміздің әр аймағынан қатысып жатқан 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі жан өздері жасаған қолөнер бұйымдарын ала келген.

Жәрмеңкедегі ұлттық нақыштағы бұйымдарда көрініс тапқан ою-өрнектер мазмұндық ерекшеліктері жағынан сан алуан. Қыз-келіншектерге арналған сәндік, зергерлік бұйымдар – моншақ, сырға, сақина, білезік, шолпы, алқа және тағы басқа заттар қаз-қатар тізіліп, көздің жауын алады.

Шараны ұйымдастырушы «Пана Б» қайырымдылық қорының мұндай іс-шараларды атқаруда тәжірибесі бар.

Бибігүл Лаубайқызы, қор төрайымы:

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тегін орналастырып жатырмыз. Астанаға келуге барлығының жағдайы келе бермейді. Оларға қаланың көрікті жерлерін аралатып, елордамен таныстырдық. Мақсатым қолөнершілердің бұйымдарын елге таныстыру, өзара мәдени қарым-қатынасын дамыту. Шараға демеушілік еткен «Ауыл» партиясына алғыс айтамын».

Жәрмеңкеге «Үміт үйі» Маңғыстау облыстық дағдарыс орталығы да қатысып жатыр. Орталықтағы арт-терапия бұрышына келіп, әлеуметтік, психологиялық қолдауға жүгініп жүрген әйелдердің әрқайсысы ерекше жандар. Мысалы, 55 жастағы Татьяна Мурашконың қолынан шыққан қуыршақтардың әрбір деталі өзіндік мағынаға ие. Бағалары 5 мың теңгеден 10 мың теңге аралығында құбылады.

«2013 жылы ашылған орталыққа отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер келіп жүгініп жатады. Оларға психологиялық қолдаудан бөлек, заңгерлік көмек көрсетіледі. Әрі осындай қолөнерлік терапия курсы да бар. Мысалы, Татьяна күйеуімен ажырасқан соң, ішімдікке салынып кеткен еді. Дегенмен біздің орталықтағы мамандардың ұжымдық көмегі мен ерік-жігерінің арқасында өз-өзін тапты деп айтуға болады. Өйткені ол жасаған қуыршақтар өте ерекше. Мына тұрған қуыршақты қой деп ойласаңыз қателесесіз. Бұл Татьянаның фантазиясында қардай аппақ альбинос-маймыл», дейді орталықтың психологы Юлия Гаджимурадова.

Көрме-жәрмеңкеде Берекет Болатұлы ілмек бізбен тоқыған картиналарымен көзге түсті. 1987 жылы туған ол – Атырау облысы, Құлсары қаласының тұрғыны. 2011 жылы мұнай зауытында жұмыс істеп жүрген кезінде, үстіне бөрене құлап кетіп, жарақат алған. Қазір I топ мүгедегі. Кесте өнеріне қызығушылығы Пекинде оңалту орталығында ем алып жүрген кезде басталғанын айтып, еске алды:

«Пекин емханаларында адам көп болғандықтан ерлер мен әйелдер араласып, бір палатада жата береді. Маған қарама-қарсы төсекте орналасқан тоқымашы әйел күндіз-түні кесте тігіп жататын. Бір күні қызығып кетіп, қасына барып, қалай тігіп жатқанын тамашалап тұрдым. Бірақ мені дәрігер ем алуға шақырып, алып кетті. Қайтып келсем, сол әйелдің қызы маған біз бен кесте жібін сыйға тарту етті. Содан бері осы істі жаныма серік еттім», дейді Берекет. 

Оның тоқыма картиналарының бағасы 40 мың теңгеден басталып, 150 мың теңгеге дейін барады. Жас жігіттің ендігі мақсаты – аяғынан тік тұру:

«Қолөнерден басқа, тамақ пісіруге, аспаздыққа бір табан жақынмын. Келешекте, бәлкім, бір жобаға айналдыра жатармын. Екі аяқтан тік тұрып жатсам, ең алдымен маған көмек көрсеткен жандарға өз аяғыммен жүріп барып, рахмет айтқым келеді».

Бүгінгі шарадан түскен қаржы мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде берілмек. «Хан шатыр» сауда орталығында өтіп жатқан көрме үш күнге жалғасады.  

Ая ӨМІРТАЙ

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар