• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2017

Кластерлік жүйе бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді

415 рет
көрсетілді

Облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Құмар Ақсақалов қызметке кіріскен бір айға жуық уақыт бедерінде ауыр машина жасау саласында өзіндік орны бар бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен жан-жақты танысты.

Зауыттар шығаратын өнім көлемі 16 миллиард теңгені құрағанымен, әлеует 27 пайыз ғана пайдаланылып отырғанын атап көрсетіп, еңбек өнімділігін екі есе арттыру, ішкі-сыртқы инвестициялық қаржы көздерін тарту міндеттерін қойған болатын. Аймақ басшысының ендігі сапары елді мекендерге бағдарланған.

Құмар Іргебайұлы ат басын тіреген алғашқы нысан Есіл ауданына қарасты «Егін» ЖШС-і болды. Серіктестік егіншілікпен тұрақты түрде айналысып келе­ді. 5 мың гектарға бидай, 2 мың гектарға майлы дақылдар өсі­реді. Соңғы жылдары өнімді қал­дық­сыз өңдеу технологиясын игеріп, үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында диірмен мен макарон ке­шенін іске қосты. Шетелдік құ­рал-жабдықтар орнатылған цех­тарда жылына 3443 тонна ұн, 746 тонна макарон, 834 тонна кебек өндіріледі. Екі жүзге жуық адам еңбекке тартылып, жұмыс үш ауысымда ұйымдастырылған. Шаруашылық басшысы Владимир Чубыкиннің айтуынша, Үкімет арапынан ауыл шаруашылы­ғын дамытуға жан-жақты қолдау көр­сетілген. «ҚазАгроҚаржы» ком­паниясы арқылы лизингке «Джон Дир», «MacDon» секілді зама­науи техникалар сатып алыныпты. Машина-трактор паркінде «МТЗ-82» маркалы 14 трактор, 16 дән жинайтын комбайн, 4 егістік кешен бар. Серіктестіктің сапалы әрі қолжетімді өнімдері елімізден тысқары аймақтарға да жөнелтіледі. Атап айтқанда, Ресейге, Түрікменстанға, Қырғыз­станға, Өзбекстанға экспортталады.

Қ.Ақсақалов шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен танысқаннан кейін өңірде астықты өңдеумен және өткізумен айналысатын кә­сіп­орындардың санын көбейту қа­жет­тігіне назар аударды.

– Елбасы биылғы Жолдауын­да аграрлық секторды экономика­ның жаңа драйверіне айналдыру талабын қойып, көптеген позициялар бойынша әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі болатынымызды айтты. Облыста қайта өңдеу өндірісінің көлемі 20 па­йыз төңірегінде ғана. Бұл – төмен көрсеткіш. Сондықтан алдағы уақытта шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға дейін жету жолдарын тынбай қарастыруымыз қажет. Осы саланы өркендету, алға бастыру айрықша маңызды. Әсіресе, ауыл­дықтарды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс орын­дарын ашуға жаппай жұмылу керек. Елді мекендердің инфра­құры­лымын дамытуға, жолдар салуға, қуат көзін тартуға мемлекет қаржы аяған емес. Бизнеске де қо­лайлы жағдайлар жасалған, – деді Құмар Іргебайұлы.

Агроқұрылым көктемгі егіс науқанына сақадай сай. Нарық сұранысына байланысты майлы дақылдар көлемі арттырылмақ. Өңір басшысы қытайлық компаниялардан 60 мың тонна кебекке тапсырыс түскенін, осы жағын да қаперде ұстауларын ескертті.

Аудандағы «Агрохимснаб»–іргелі шаруашылықтардың бірі. Оған тәжірибелі маман Василий Шкодин жетекшілік етеді бірі. Серіктестік егіншілікпен қатар мал өсірумен де шұғылданады. Төрт түлік сатып алуға – 40 миллион теңге, қора-қопсы салуға 18 мил­лион теңге несие алыпты. «Сыбаға» бағдарламасына қаты­са отырып, мал басын 465-ке жеткізген. Сиырлар бұзаулай бастапты.

– Өткен жылды табысты аяқ­тадық. 59 тонна ет өндіріліп, 130 бас асыл тұқымды тайынша сатылды. Биыл табындарға 150-170 төл қосылады деген үміттеміз, – дейді іскер басшы.

Шаруашылықтың жаңа технология бойынша салынған қора­лары облыс әкімінің назарын аударды. Аймақтың қыты­мыр ауа райына ыңғайланып тұр­ғызылған. Мұнда егіншілік пен мал шаруашылығында 50 адам жұмыс істейді.

Қ.Ақсақалов Қызылжар ауданы «Зенченко және К» ком­мандиттік серіктестігінде де болып, ауыл азаматтарының ден­­шілігін тұрақты жұмыспен қам­тып отырған шаруашылықтың мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында қыруар іс атқар­ғанын бөле-жара атап көрсетті. Биыл Новоникольское ауылын­да жаңа дене шынықтыру-сауық­тыру кешені пайдалануға берілді. Спорт кешенінің құрылысына және жабдықтар сатып алуға 240 ми­ллион теңге қаражат жұм­салған. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауыл үшін бұл әлеуметтік нысанның маңызы зор. Кешенде волейбол мен баскетбол ойнауға арналған алаң, жаттығу залы, медициналық кабинет, бильярд залы орналасқан. Коммандиттік серіктестіктің бас директоры Ген­надий Зенченко мамыр айында ұзындығы 25 метрлік бассейннің іске қосылатынын жеткізді.

Серіктестіктің қаражаты­на тұр­ғызылған жаңа заманауи дәрі­­­герлік амбулатория да ауыл тұр­ғындарына сапалы қызмет көр­сетеді. Мұнда дәрігерге дейін­гі тексеру, медициналық мұра­ғат, физио­терапия және тағы бас­қа каби­­неттер жұмыс істейді. Ғи­ма­раттың жалпы аумағы – 416 шаршы метр. Осы маңайдағы жеті ауылдың 3,7 мың тұрғыны ем-дом алу мүмкіндігіне ие.

Командиттік серіктестік озық технологияларды кеңінен қолда­нып келеді. Машина-трактор паркі түгелдей жаңартылып, егінші­лік мәдениетін жетілдірудің, ауыс­палы егіс жүйесін жаңартудың, то­пырақ өңдеудің жаңа әдіс­тері енгізілген. Селекциялық шара­ларды ғылыми негізде жүр­гізу­­дің арқасында табындар асыл­тұқымды малмен толығып, өнім көлемі айтарлықтай артқаны бай­қалады. Әр сиырдан жылына 7 мың литр сүт сауылады. Күніне 40 тонна сүт өндіріледі. Ресейдің Қорған және Түмен облыстарымен әріптестік қарым-қатынас орнатылған.

−Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері пайдалы әрі тиім­ді жұмыс істеулері қажет. Тұр­ғындарға спортпен айналы­суға, сапалы медициналық көмек алуларына жағдай жасаулары міндетті. Геннадий Геннадьевич басқаратын шаруашылықтан өзгелер үлгі алғандары жөн болар еді. Өйткені, жыл өткен сайын сүт өнімдеріне деген сұраныс ішкі-сыртқы нарықта артып келеді. Өңірде өзін де, өзгелерді де толық қамтамасыз ететін осындай кешендер санын көбейту басты бағдар болып қала береді, – деді ұжым мүшелерімен кездесуде аймақ басшысы Қ. Ақсақалов.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар