Енді сәуірдің алғашқы аптасынан бастап жаңа жұлдыздарын табуға асыққан XII республикалық «Жұлдызай-2017» фестивалі жаңа қадамға барып отыр.
Біріншіден, биыл алғаш рет Алматы қаласының бас сахнасы – Республика сарайында фестивальдің финалы мен гала-концерті өтеді. Өйткені, биыл қала әкімдігі жобаның бас серіктесі болды. Бұған дейін дәстүрлі фестиваль елордамыз Астанада өтіп келген-ді. Және бірінші рет фестиваль жекеменшік-мемлекеттік форматта ұйымдастырылмақ.
Оған қоса, қазылар алқасы үстіміздегі жылдың 4 сәуірінен бастап жер жерлерде іріктеу турларын өткізу үшін еліміздің 16 қаласын аралап шығады. Бұлар – Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды қалалары.
Осы жылғы жобаның тағы бір ерекшелігі – ерекше балаларға арналған I республикалық спартакиада фестивальмен қатар басталады. Мини-футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика және асық ату сынды спорт түрлерінің жеңімпаздары Алматы қаласында өтетін жарысқа келеді. Сонымен, 2017 жылдың 26 мамыры мен 1 маусымы аралығына белгіленген спартакиада мен гала-концертке 10-18 жас аралығындағы 700-ге жуық бала қатысады деп күтілуде.
Журналистермен өткен баспасөз мәслихаты кезінде биыл жас дарындарды іріктеу вокал, ымдау, аспаптық орындау, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер түрлері бойынша өтетіндігі мәлім болды. Әрине, бұл сыннан өткен балаларды келесі кезекте Алматының бас сахнасында өнер көрсету, шеберлік дәрістері, экскурсиялар, көрмелер, танымал өнерпаздармен кездесу және тамаша мерекелік көңіл-күй күтіп тұр.
Біз жоғарыда биыл бірінші рет «Жұлдызай» фестивалі жекеменшік-мемлекеттік тұрғыда өткелі отырғанын айттық. Яғни, фестивальдің гала-концерті мен жүлде қорын және брендтелген киімдермен қамтамасыз етуді BI Group компаниясы тағы да мойнына алды. Оның үстіне биыл жеңімпаздарға берілетін жүлде қоры екі есеге көбейтіліп, 30 миллион теңгеге жетіп отыр.
– «Жұлдызай» фестивалі − ерекше талап-мұқтаждықтары бар балалар үшін аса маңызды шара. Ерекше туған таланттар шығармашылық қабілетін, спорттық машығын дамыта алады. Алматының көрікті жерлерін өз көздерімен көреді. Өздеріндей балалармен араласып, дос табады. Танымал өнер адамдарымен дидарласады. Биыл біз де осы фестивальға қолдау көрсетуге шешім қабылдадық. Және мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өтетін спартакиадаға ұлттық спорт түрін қостық. Фестиваль балаларға ұнау үшін барымызды салып жатырмыз, – дейді Алматы қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Донбаев.
BI Group компаниясының «МЖК-Алматы» дивизионының бас директоры Айдос Мұқатаев «BI-Жұлдызай» қорына компанияның қызметкерлері 11 жылдан бері ерікті түрде қаражат аударып отырғанын айтады. Аталмыш компанияның қызметкерлері қазір Қазақстан мен ТМД елдеріндегі 85 құрылыс нысанында жұмыс істеп жатыр. Осы арада қанатсыз құстай кішкентай дарындардың сахнаға шығып, оған қоса сал ауруына ұшыраған (ДЦП) балалардың еміне осы компанияның жұмысшылары септесіп келе жатқанын айту ләзім. Аталмыш компания биыл алғаш рет Алматы қаласы әкімдігімен бірігіп, фестивальді ауқымды деңгейге көтере алғандары үшін қуанышты.
– Осы фестивальді ұйымдастырып жүргенімізге он жылдан асты. Біздің жобаға қатысқан балалардың көпшілігі өмірден жолын тауып кеткеніне қуанамыз. Бірақ біздің көздегеніміз – дарынды балаларды танытып қана қоймай, өзіне деген сенімді ояту. Осы фестивальдің арқасында көзге түскен талай талантты жеткіншек жоғары оқу орындарына түсті. Олар өздерінде жігер мен қабілет бар екендеріне көздері жетті. Ең бастысы, «Жұлдызай» фестиваліне қатысқысы келетін ұл-қыздардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге деген құлшынысын оятуға қол жеткізе алғанымыз үшін қуанамыз, – дейді «BI-Жұлдызай» фестивалі директорының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова.
Сонымен, «Жұлдызай» республикалық фестивалі дәстүр бойынша 1 маусымда – Халықаралық балаларды қорғау күнінде үлкен концертпен аяқталмақ. Осы жылы фестивальдің басты алаңы – Алматы қаласындағы Республика сарайы болады.
Осы арада «Жұлдызай» фестивалі Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім беру басқармаларының қолдауымен 2005 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқанын айтуға болады.
Фестивальдің 11 жылдық тарихында оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 36 мыңнан астам бала қатысқан. 7 мыңға жуық бала елордамыздың ең танымал сахналарында өнер көрсетті. Олардың көпшілігі осы жобаны іске асыру нәтижесінде еліміздің шығармашылық жоғары оқу орындарына қабылданған.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ