Оның қандай туындысын алсаң да, Қазақ елінің байтақ даласы мен қаласы, тіршілік иелері жарасым тауып тұрады. Өткен аптада елорда төріндегі Оқушылар сарайының «Астана Арт Лайн» галереясында өнер иесінің «Шабыт» атты көрмесі ұйымдастырылған еді. Оған Шыныбайдың 56 туындысы қойылған.
Бұл туындылардың негізгі желісін табиғат тылсымдары құрайды екен. Әсіресе, төрт мезгілді түгендеген шығармалар, Алматының табиғаты, Алатау баурайындағы ботаның көзіндей Есік көлі ерекше көрініс тапқан.
Қазақстан Суретшілер және Еуразия дизайнерлер одақтарының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Шыныбай Пірімбаевтың кіндік қаны тамған жері Арал өңіріндегі Қаратерең ауылы десек, сол туған топырағына арнаған туындысы суретшінің өзегін өртеңге өнген гүлдей жарып шыққаны айдай анық. Ой мен бояуды ұштастыра отырып, қылқаламды ақ қағаздың бетіне апарғанда әдемі шығармалар дүниеге келіпті. Жалпы, жоғары деңгейдегі кәсіби қылқалам шебері Шыныбай шынайы шабыт иесі, сондай-ақ, классикалық академиялық деңгейге жеткен суретші деуге болады. Шебердің сүйікті мотиві – туған жер табиғатының сұлулығын көрсету басты мақсаты екенін жоғарыда айттық. Сол туындыларының басты ерекшелігі – түстерге өте бай, бояуы қанық шығып, қарап тұрғанда айызыңды қандырады.
Мәскеудегі Суриков атындағы көркемсурет академиясын бітірген суретшінің бұл көрмесіндегі туындылардан қазақ жұртының бүкіл тыныс-тіршілігі мен мұндалап тұрғандай. Көрменің ашылу салтанатында қазақтың зиялы қауым өкілдері Шыныбайдың шымыр талантына тәнті болуларымен қатар, суреттерінің терең мазмұнын талдап, дән ризалықтарын білдіріп жатты. Көрме соңында Мәдениет саласының үздігі Еуразия дизайнерлер одағының медалімен марапатталғанын Ермек Асылхан жеткізді.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»