• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2017

«Қалдық қағидатынан» құлан-таза арылдық па?

471 рет
көрсетілді

Әлхамдулилла, тәуелсіздік ал­ға­н­ымызға 25 жылдан асып барады. Біреуден ілгері, біреуден кейін жү­ріп жа­т­ырмыз. Жетістігіміз көп, жет­п­е­геніміз де жетерлік. Бірақ бәріне де шүкір дейміз, әйтеуір «жоқ» де­геннен аулақпыз. Халықтың не­гіз­гі бө­лігі орта деңгейіміздегілер. Шыл­қы­ғын байлар мен сіңірі шық­қан ке­дейлер де бар, бірақ олар аз. Қо­ғамда ондайлардың болуы да заң­ды.

Бұрын қазақ кім еді? «Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын» заманды бастан кешіп, алдына құйылған асты алаңдамай іше ал­майтын. Кейбір ішкенге мәз, жеген­ге тоқ болып жүретін жандайшаптар болмаса, бар қазақтың арқасына өкі­меттің де, оны алқалайтындардың да тізесі батудай-ақ батты. Қазақтың өне­рі, өлеңі, домбырасы, тарихы мен әде­­биеті – бәр-бәрі түкке тұрғысыз дү­­ние саналып, орысшаға аударылып, бас­қаларды мойындатқандары ғана амал­сыз ауызға алынатын. 

Бір мысал, Қажымұқанды қо­са ал­ған­да, бүкіл қазақтың игі-жақ­сы­ла­­ры жиналған Жидебайдағы Абай­дың 100 жылдық тойына, о, то­ба, рес­пуб­лика, облыс түгіл, сол ау­дан­ның бірінші хатшысы да қатыс­па­ған ғой... Бұл ерте уақыт десек те, сол жағдай Кеңес Одағы тарағанша өз­­гер­ген жоқ. Әсіресе, орталық пен сол­­түстік облыстарда сый-құрметтің бә­­рі қазаққа «қалдық қағидатымен» ға­­на көрсетілетін. Талай жыл театр­лар мен филармонияда шырқаған әнші­ле­­­рі­міз, рөлдерді келістіріп ойнаған өнер­­­­паздарымыз, айтарын дөп айтып, ж­а­зарын жарып жазған ақын-жа­зу­шы­ла­­рымыз пропорцияны сақтау үшін ғ­ана қалдық атақтарға ие болып жа­та­тын. Әйтпесе ол да жоқ, өйткені, «қазақ­тыкі бос айғай», іліп алары жоқ нәр­се деп есептелетін. Саясат үшін бол­маса, өнер түгілі өндірісте де озып шық­қандарға аса оң қабақ танытыла қой­майтын.

Бір мысал айтайын.  Петропавлда «Союзцелинвод» атты ауыз суды құ­быр­лармен алысқа тартатын одақтық алып трест болды. Соны құрылған кү­ні­нен бастап 25 жыл бойы Қаттай Кен­шінбаев деген бір қазақ басқарды. Кә­сіпорынның 16 мың шақырым су құ­бы­рын тартып, Гиннестің рекордтар кі­табына кіргені де бар. Сол қазаққа бұй­ырғаны үш Еңбек Қызыл Ту жә­не бір Құрмет Белгісі ордендері. Ал ба­сқа бір ұлттың өкілі дәл осылай ең­бек еткенде Еңбек Ерін де, Мем­ле­кет­тік сыйлықты да алатыны ақиқат еді...

Ал қазір... Әрине, бәрі жарыл­қа­нып қалды демейміз, бірақ қазақ бас­қалармен шын теңелді, тіпті кей­бі­реулерден, құдайға шүкір, озып ба­ра­ды. «Ел кенелді, төл теңелді» де­ген осы. Жастарымыз бокс, күрес қа­на емес, ақыл-ойдың спорты дей­тін шахматтан да ортаны жарып, әлем­дік алдыңғы қатарға шығып жа­тыр... Алдымен соған қуануымыз ке­рек. Ал бірақ осындайға қарамай кей­біреулердің ойпырмайлап, баяғы «жи­делібайсын» заманды аңсай беретініне таң қаласың. 25 жыл өтсе де баяғы дүрілдеп жататын зауыт­тар қайда, жеңіл өнеркәсіптің фаб­ри­калары қай­да, 36 миллион қой қай­да дейтіндер көп. Ондайлар қо­ғамның озық ойлылары дейтін ақын-жазушыларымыздың ара­сынан да көптеп шығатынына екі есе та­ңыр­қай­сың... Өнімін ешкім алмаса, сапасы мен бағасынан ешқайда өтпесе, ондай зау­ыттар мен фабрикалар банкрот болмай не етуші осы заманда?

Кейбіреулер кітаптарының шық­пай­тынына, кітабы шықса, қа­ла­ма­қы­ның дұрыс төленбейтініне налиды. Қа­зір не шықса да, не өндірілсе де осыны алу­шы болар ма екен деген сұрақты ал­дымен қою керек қой. Кітаптарын өт­кізу үшін осы заманда нағыз мықты жа­зушылар бір-бірінің жазғанын талдап, сынап, қысқасы, сол шығармаға, авторға деген қызығушылықты тудыру керек еді ғой. Сонда ондай кітапты оқыр­ман күтіп жүреді, шыққанын ес­тісе, іздеп жүріп сатып алады. Қазір әлем­дегі жазушылар сондай амал-ай­ла­ға көшкен. Кітабы шықпай жатып, ата­ғын жеткізеді. Ал біздікілер тек өкі­мет­тен дәметіп, қол жая беруді біледі.

Баяғыда жетіммін деп жылай беретін бір ақын ағамызға құрдастары қалжыңдап: «Жиырмада да жетіммін деп жылаған, Отызда да  жетіммін деп жылаған, Қырықта да жетіммін деп жылаған, Сонда барлық ақын жи­­налып: оу, қойсаңшы енді деп сұ­ра­ған» демекші, қаламақының жырын басқа қырынан шешетін кез кел­ді емес пе?! Оның үстіне, кім кө­рінген кі­тап шығарып, сөздің құнын тү­с­і­ріп жіберді. Оқырман қазір кітап жоқ демейді, оқылатын кітап жоқ дей­ді.  Сондықтан ой-өрісі озық ақын-жа­зу­шылар кітап өткізудің қисынды жол­да­рын өздері тауып, «заманы түлкі бол­­са, тазы болып шалуы» керек се­кіл­ді.