– Қанат Хакімұлы, алдымен «Егеменнің» оқырмандарына Челябі облысындағы қандастарымыздың саны, орналасуы туралы айтсаңыз.
– Челябі Ресейдегі өндірісті және ауыл шаруашылығы да, ішкі-сыртқы нарығы да дамыған, ірі облыстарының бірі болып саналады. Қазақтар негізінен облыстың Қостанаймен шекарасына жақын Нағайбақ, Троицк, Бреды, Қызыл, Чесминский, Верхний Уральск аудандарына орналасқан. Сонымен қатар Қарталыда, Варнада, басқа аудандарында да шашырап кеткен қандастарымыз бар. 2015 жылғы санақ бойынша Челябі облысында 34 мыңдай қазақ бар деп есептейміз.
– Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтар Челябі жерінен ағатын Жайық бойын бұрыннан жайлап келеді.
– Оныңыз рас. Халқымыздың «Қыз Жібек» эпосының оқиғасы осы Жайық өзенінің бойында, қазіргі Магнитогор қаласы, Нағайбақ, Верхний Уральск аудандары орналасқан өңірде өткенін осы жырды жаттап өскен қазақтың бәрі біледі. «Әуелде түскен жерім Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» деп Жібектің айтқанындай, Жайық бойын қазақтар қазір де жайлап отыр. Сонымен қатар, қандастарымыз Қазақстанның Ресеймен іргелес облыстарынан заманның өкпек желі соққан жылдары да Челябі жеріне ауып барғаны белгілі. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Магнитканың құрылысына да көп қазақ барған. Ол кезде КСРО-дағы ұлт саясатының дұрыстығын көрсету мақсатында Челябі облысындағы қазақтар шоғырланып орналасқан ауданда, Магнитогор қаласының маңында қазақ тілінде білім беретін мектептер болған, тіпті «Магнитогор жұмысшысы» деген атпен қазақ тілінде газет те шығып тұрған. Мұндай жағдай сол кезде татар, башқұрт секілді аз ұлттардың барлығы үшін жасалыпты.
– Ұлт саясаты демекші, қандастарымыздың бүгінгі жағдайы туралы не айтар едіңіз?
– Әрине, қазақтар тұрмысын Ресей Федерациясының тұтас халқынан бөле жарып қарауға болмайды. Селода тұрғандары ауыл шаруашылығымен айналысады, мал ұстайды, егін егеді. Қалалықтар өндірісте, бизнесте жүр, жоғары оқу орнында оқып жатқан қазақ жастары да аз емес. Әркім өзінің хал-қадерінше өмір сүріп жатыр. Бизнесте, білімде, ауыл шаруашылығында, басшылық қызметтерде жүрген, облысқа танымал қазақтар да бар. Қайырбек Сейілов ағамыз Нағайбақ ауданын көп жылдар бойы абыройлы басқарып, зейнеткерлікке шықты. Адай Кенжебаевты челябіліктер экономика, техника саласындағы ірі ғалым, Оңтүстік Урал өңіріндегі кәсіпкерлікті алғаш бастағандардың бірі ретінде де біледі. Ол соңғы жылдары Челябі халықтарының ассамблеясы кеңесін басқарды. Техника ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Шерязевтің, ауыл шаруашылығындағы кәсіпкер Айдархан Қарсақбаевтың есімі де челябіліктерге жақсы таныс.
Қандастардың бүгінгі жағдайын қай тұрғыдан сұрап отырғаныңызды да түсінемін. Қандастарымыз арасында тіл, дәстүр-салттың сақталу мәселелерін мең-
зедіңіз ғой. Әрине, бұл тұрғыдан айтар өзекті әңгіме баршылық. Челябі немесе Оңтүстік Урал жеріндегі қазақтардың соңғы үш ұрпағын алайық. 60-шы жылдарға дейін болған қазақ мектебінде оқып үлгерген атасы қазақшаны таза біледі, бірақ олар табиғаттың заңымен қартайып, қатары селдіреп барады. Ал оның балаларының арасында қазақ тілін шамалап сөйлейтіндер бар, бірақ аз деп білем.Немерелер қазақ тілін білмейді, ептеп түсінеді. Сол немерелерден тараған ұрпақ қазақ тілін ұмытатыны анық. Сонда мұрнына ана тілінің иісі де бармайтын ұрпақ өзін қазақпын деп қалай айта алады?
– Әңгіме сонда ғой! Енді солай болмас үшін Челябі облысы қазақтарының арасында қандай да бір әрекет бар ма?
– Екі қолды бос қойып, қарап отыр-
ғанымыз жоқ. «Азамат» ұлттық-мәдени бірлестігі мен көрші Қостанай облысы Тілдерді дамыту басқармасы арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған еді. Басқарма басшысы Жанболат Үмбетов «Азамат» тарапынан ұсынылған ұсыныстардың барлығын ұлтжандылықпен қолдады. Біз сол жұмысты жалғастырып келеміз. 2009 жылдан бас-
тап осы басқарманың бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова бастаған мамандар Челябіге келіп, қазақ тілін оқытуға, үйретуге тілек білдірген белсенділер үшін семинар өткізеді, оларға тіл үйретуге рұқсат – сертификат береді. Қостанайдағы Тіл үйрету орталығының мамандары қазақ тілін үйренудің шетел қазақтарына арналған арнайы бағдарламасын жасаған, ресейлік қазақтар сол бағдарламаны пайдаланады. Қазір сабақтар әлгінде айтқан қазақтар біршама шоғырланған аудандарда, Магнитогор, Челябі қалаларында өткізіледі. Облыстық білім министрлігімен келісіп, қазақ тілін факультативтік сабақ ретінде жүргізетін 5 мұғаліміміз айлық жалақы алып отыр.
– Тіл үйретудің нәтижесі қалай?
– Нәтиже болмай қалмайды деп ойлаймын. Осы жұмыс басталғалы Верхний Уральск және Агапов аудандарында «Үздік оқытушы» атты байқау өткізілді. Семинарлар тек Челябі облысында ғана емес, Қостанайда, шекарадағы Қарабалық ауданында да өткізіліп жүр. Сабаққа балалар, тіпті ересектер мен өзге ұлт балалары да қатысады. Әрине, тілді таза меңгеріп кетпесе де, сабақ жас баланың есінде қалады, ана тіліне, ұлтына деген қызығушылығы, патриоттық сезімі оянады, санасында тілдің, ділдің іргетасы, қаланады деп сенемін. Балалар арасында «Абай оқуларын» өткіздік.Студенттердің басын қосып, концерттік бағдарламамен аудандарға шығып тұрдық.
Біз челябілік қазақтар проблемасына шама келгенше жергілікті басшылықтың назарын аудартуға тырысамыз. Өткен жылы Челябіде «Қазақ тілі: проблемалар, перспективалар, дамуы» атты дөңгелек үстел мәжілісін өткіздік. Оған аудандардан келген қазақ тілі мұғалімдерімен бірге Челябі облыстық әкімдігінен, Челябі облысы халқы ассамблеясынан кісілер қатысты. Қазақ тілін үйрететін мұғалімдерді нағыз тіл, ұлт жанашыры деп атар едім. Олар оқушыларға тілді жанын салып үйретеді.
– Қандастарымыздың ана тілді, дәстүрді ұмытпауы үшін жүргізілетін жұмыстарда қандай қиындықтар бар?
– Облыс үлкен, қандастарымыз оған шашырай орналасқан, олардың басын қосу, ұлттық-мәдени шараларды жиі өткізу оңай емес. Барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Күнделікті шаруаның, күнкөрістің соңындағы жұртты мазалай бере алмайсың. Біздің Қазақстан тарапына ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ. Көп нәрсе сырттағы қазақтардың өзіне байланысты болып отыр. Тілді де, ділді де балаға отбасындағы тәрбие қалыптастырады деп білемін. Қазір Челябі өңіріндегі қазақтар бас қосқанда тек ересектер, аға буын өкілдері ғана жиналады, жастарды көрмейсің. Тойларын да үлкендер бөлек, жастар үшін бөлек өткізеді, бұл ұрпақ арасындағы байланыс үзіліп қалғандай әсер береді. Челябіде қазақ жастарына арналған «қазақ-пати» апта сайын өтеді. Бұл енді аты өзгерген жастар дискотекасы ғой. Онда ешқандай ұлттық шараның иісі шықпайды. Челябілік қазақтар арасында ұлттық дәстүріміз мүлдем жоқ десек, шындыққа сәйкес келмес еді. Олар да құда түседі, қыз ұзату, келін түсіру тойын жасайды, Наурыз мерекесін шама келгенше өткізеді. Алайда тіл ұмытыла бастаған соң, дәстүрдің де көмескі тарта беретінін тағы жасыра алмаймыз.
Алдағы уақытта Челябі қаласындағы оқу орындарында оқып жатқан қазақ студенттердің басын тағы қоспақшымыз, сол үшін ептеп жұмыс та жүріп жатыр. Мұндағы оқу орындарында Қазақстаннан келіп білім алып жүрген жастар бар, солар мен жергілікті жастардың араласуы үшін шаралар өткізсек деген мақсатымыз бар. Бұл челябілік жастардың тілге деген қызығушылығын оятар деген үміттеміз. Ендігі жұмыс тек жастармен жүргізілсе деп армандаймын.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ – ЧЕЛЯБІ – ҚОСТАНАЙ